26 Қаңтар, 2017

Бұл – қоғамдағы жағымды үрдіс

764 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін біз қоғамымыздағы сыбай­лас жемқорлық әрекеттерге қа­тысты халықтың жалпылама көз­қарасын аз-кем сөз етпекпіз. Сон­дық­тан, аталған мәселеге байланыс­ты статистикалық мәліметтерге жү­гінбей, сандарды тіз­бе­лемей, тек өзіміз аралас-құралас жүрген орта­ның, таныс-біліс кісілердің пікірлерін ал­ға тарта отырып, өз пайы­мымызды білдірсек дедік.

Бұл – қоғамдағы жағымды үрдіс

Сонымен… мемлекет сеніп тап­сыр­ған қызметін өзінің жеке «пат­ша­лығындай» көріп, оны заңсыз көл­денең табыс көзіне айналдырып жүр­гендер қатарының аз еместігін ішіміз сезеді. Бұл сезігіміздің туындауына еліміздегі лауазымды тұлғалардың, әр­түрлі деңгейдегі, ірілі-ұсақты ше­неу­ніктердің жемқорлықпен айыпталып, тергеуге алынуының тым жиілеп ке­туі түрткі болып отыр. Демек, бұл жа­ғымсыз жағдаяттардан елімізде сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрестің барынша күшейтіле түскенін, аталған мә­селеде мемлекеттік саясат «тура биде туған жоқ…» ұстанымына шынайы бет бұрғанын, атқарушы билік жүйесінің өз қатарындағы ниеті бұзық, пиғылы бүкір, сыбайлас жемқорлыққа шатылған азаматтардан арылуға деген ұмтылысын анық аңғаруға болады.

Бұл үрдіс халықтың билік жүйесіне деген сенімін нығайта түсетіні сөзсіз. Халық өзінің қазынасына заңсыз қол сұққан немесе сеніп тапсырылған қыз­меттік өкілеттігін көлденең табыс көзіне айналдырған азаматтарға мем­лекет тиісті жазасын беріп жатса, қа­лайша «бәрекелді!» демейді. Бұл – жұрт­шылықтың атқарушы билікке қа­тысты көзқарасын жақсартатын үрдіс.

Қазіргі таңда жемқорлық пен пара­қор­лыққа байланысты «пәленше» тер­геуге алыныпты, «түгенше» ұста­лып­ты дегендей мазмұндағы хабар тара­са, халық еліне деген құрметі аз, ортақ қазынаға орынсыз қол салатын пенделердің бір адамға азайғанына қуанып қалатындай… Бұл сөзімізді аталған жайтқа байланысты әлеуметтік желілерде жазылып жүрген пікірлерге қарап айтып отырмыз. Мәселен, соңғы уақытта жемқорлықпен ұсталған кей­бір тұлғалар жөнінде әлеуметтік же­лі­лерде көптеген пікірлер жариялан­ды. Олардың басым бөлігі халық дү­ниесіне заңсыз қол салғандардың ұс­тал­ғанын қос қолын көтере қол­дай­тын, айыпкерлердің әділ жазасын алғанын жөн санаған пікірлер.

Жалпы, жұртшылық жегіқұртқа ба­­лайтын сыбайлас жемқорлықтың ке­ле­шекте өрісі мен тынысы тарыла тү­сетінін ұқтыратын жағдаяттар қо­ға­мымызда анық көріне бастағандай. Бұл – қуанарлық жайт. Енді бұл қандай жағ­даяттар екеніне тоқталайық.

Бүгінде баласының лауазымды қыз­метке жайғасқанын тілейтін, бұл қа­лауының астарында перзентінің әлгі билігі арқылы бауырлары мен ағай­­ын-туыстарына «көке» болса, жа­ла­­қысынан бөлек өйтіп-бүйтіп ақша тап­­са деген ойы бұқпантайлаған  ата-аналардың пиғылына мүлде ке­ре­­ғар пікірдегі от­басылар пайда бо­­луда. Мұндай ата-аналар бала­сы­­ның қандай да бір лауазы­м­-
ға­ тағайындалса, еліне адал қызмет ет­ке­нін ғана қалайды.

Бір танысымның ұлы талаптанып жүріп, өзінің қабілетімен әжептәуір қызметке орналасты. Әлгі кісі бірде маған ұлына жалақысынан өзге еш­қан­дай ақшаны қалтасына салмауын, қызметін пайдаланып, өзінің бауырлары мен ағайын-туыстарына қандай да бір артықшылықтар бермеуін қатаң ескертіп отыратынын айтқан. Өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік жауапты қызмет ешкімнің қолжаулығына айналмауы тиіс деп ойлайтын танысым бұл мәселеде ағайынның өкпе-назы туындап жатса, оларға мәселенің жай-жапсарын тереңірек түсіндірерміз дейді.

Бүгінде Ислам дінінен хабары мол, оның тыйымдарын жақсы білетін, ненің адал, ненің харам екенін ажырата алатын, ақыретін ойлайтын ұр­пақ­тың тұтастай бір буыны жетіліп ке­леді. Бұлардың өкілдері дініміздің жем­қорлықты харам санайтынын ұққандықтан, осындай лас іске бара қоймайды. Мұның өзі елімізде таяу жылдарда сыбайлас жемқорлықтың едәуір бәсеңдейтінін меңзейді.

Бүгінде діннен хабары мол буын­ның көптеген өкілі ақшамен заңсыз алыс-беріс жасауға мәжбүр етуі мүмкін мемлекеттік мекемелерге барып қызмет етуден өздерін аулақ ұстап жүргені – өмірдің шындығы. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады. Жақында бір ағайынның баласы құзырлы заң орындарының бірінде істеп жүрген қызметінен саналы түрде бас тартып, басқа шаруамен шұғылданып кетті. Себебін сұрағанға, ол «былыққа батып тоқ жүргенше, арымды адал ұстап аш жүргенім артық» деп жауап берген.

Қорыта айтқанда, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына қарапайым халық өкілдері, әсіресе, жастар ізгілікті жолмен үлес қоса бастады. Бұл өз кезегінде Қазақ­с­танның болашақтағы дамуына, беде­ліне оң ықпал ететіні анық.

Жолдыбай

Базар,

«Егемен Қазақстан»