Қазақстан • 09 Қараша, 2017

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының грант иегерлері есеп береді

933 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы жылдың басында Қазақстанның азаматтық секторында үкіметтік емес ұйымдарға грант ұсыну мәселесі бойынша біраз сын айтылған болатын.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының грант иегерлері есеп береді

Осыған орай, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»  коммерциялық емес акционерлік қоғамы грант алушылардың бенефициарлар алдындағы ашықтығын қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде жаңа механизмдер енгізіп келеді. «Үкіметтік емес ұйымдарға грант беру және жүзеге асырылуының  мониторингін жасау ережесіне» өзгертулер енгізілді. Байқау комиссиясының тізімі жасалуда, сондай-ақ, грант алушылардың онлайн-есебі орталықтың сайтында жарияланды.   

2017 жылдың 9-10 қарашасы күні сағат 10:00-де «Нұр Отан» Орталық аппаратының конференц-залында грант алушылар жобаның жүзеге асуы мен нәтижесі туралы есеп береді.

Жиынға Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі,  Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Энергетика министрлігі, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерімен қатар, азаматтық сектор, қоғамдық кеңес, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдар өкілдері, 3 байқаудың сараптамалық комиссиясының мүшелері, грант иегерлері және басқа да мүдделі ұйымдар қатысады.  

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанынан құрылған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»  коммерциялық емес акционерлік қоғамы 2017 жылы гранттық қаржыландыру саласында 12 бағыт бойынша 618,5 млн. теңгеге 57 жобаны жүзеге асырып жатыр.

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ (бұдан әрі – Орталық) Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттің қарым-қатынасының механизмін жетілдіруге, грант беру саласының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Орталық ҮЕҰ-ға мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттарды берумен және олардың жүзеге асуын бақылаумен айналысады.

Орталық әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет, бизнес, ҮЕҰ және халықаралық қауымдастықтың инновациялық тәсілдерін енгізе отырып, нық  дамып келе жатқан ұйым.

 Қазақстанда мемлекеттік қолдаудың бір түрі – гранттық механизмге деген қызығушылықтың жыл санап артып келе жатқанын мына көрсеткіштен-ақ байқауға болады.  2016 жылы жұмысын бастаған Орталыққа алғашқы жылы 88 өтініш түссе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 512-ге жетті, оның ішінде 237 өтініш еліміздің аймақтарынан түскен.

Биыл Орталық мемлекеттік гранттарды беру үшін 3 байқау өткізді. Нәтижесінде еліміздің 49 ҮЕҰ 618, 595 млн. теңгеге 57 гранттық жобаны жүзеге асырып жатыр. Әлеуметтік саланың 11 бағыты қамтылды. Жалғыз донор – Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі.

Аралық есеп бойынша, гранттық жобалар аясында 19  кешенді зерттеу,  8 әлеуметтік қызмет, 5 веб-ресурс ашылып, 4 сенім телефоны халыққа қызмет көрсетуде. 9000-дай  адам қатысқан 378-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, 39 ұлттық және 7 халықаралық сарапшы тартылды.

Бүгінде Орталық гранттарға бақылау жүргізудің түрлі механизмдерін қолданады: ұсынылған есептерді тексеру және сараптама жасау, гранттардың нәтижесі мен жүзеге асырылуы туралы Орталықтың сайтында (cisc.kz) тұрақты түрде ақпарат жариялап отыру, мониторингтік сапар, бенефициарлармен сұхбат жүргізу, БАҚ-қа сараптама жасау және т.б.