Қазақстан • 09 Қараша, 2017

Жүректерге ұлы қорған орнатқан

536 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміз мем­лекет құру мен нарық­қа өтуді қатар алып жүр­ді. Қойнауы қазба бай­лық­қа толы, ұлан-ғайыр территориясы бар  респуб­лика әлемнің назарын ауда­рып қана қоймай, әлемдік жаңа тәртіптің орнығуы үшін талай мүдделер мен­ қайшылықтардың то­ғыса­тын жері болып қалды. 

Жүректерге ұлы қорған орнатқан

Осы орайда біз Елбасы­ның сарабдал саясаты мен­ хал­қымыздың қажы­ры­ арқа­сында барлық қиыншы­лық­тарды ең­серіп, алға жылжыдық. Жетіс­тігімізге дос сүйінді, дұш­­пан күйінді.

Елбасы биылғы Жолдауын­да Қа­зақ­­станның үшінші жаң­ғыру кезеңі бас­талғанын жариялады. Содан кейін іле-шала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени же­тістіктерімізбен де тануы ке­рек»,  деп атап өтті.

Әрбір елдің қиындықтан алып шы­ғып, биіктерге бастайтын арманы, яғни стратегиялық бағдарламасы бо­лады. Нарыққа өтіп, жекеменшік қалыптасқан, зайырлы мемлекеттің барлық принциптері мен институтта­ры орныға бастаған жас рес­пуб­ликамыздың арманы – Мәңгілік Ел болу.
Біз ширек ғасыр ішінде өт­кен­­ге сараптама жасап, төрт­күл дү­ниеге өз көзімізбен қа­­­рай бастадық. Дәстүр мен діннің озығы мен тозығын пайымдадық, отарлық таңба­ның еттен өтіп, сүйекке тая­ғанын сезіндік, қырғи қабақ соғыс аяқталып, идеологиялық қайшылық бәсеңдегенімен, дін мен дін, мәдениет пен мә­­дениет, өркениет пен өр­ке­­ниет арасындағы жа­ңа теке­тірестердің пайда бо­л­ғанына, ғылым мен техника­ның қа­рыш­­тап дамуы жаһандануды жа­ңа өріске бастағанына куә болдық.

Біз тәуелсіздік жылдары­ ішінде на­рық жолына түсіп, халықтың әл-ауқатын жақсарт­тық. Тарихи себептерге байланысты көп этносты елге ай­налған мемлекетіміздегі ұлт өкіл­дерінің ортақ мүддесін қор­ғап, береке-бірлігін арт­тырдық. Көптеген этностар өз ана тілінде білім алып, дәс­түрін сақтап, төл мәдениетін да­мытуға мүмкіндік алып отыр. 

Бүгінде халқымыздың са­ны 18 миллионнан асты. Уни­тар­лы мемлекетті құраушы бас­ты ұлттың жан саны 42 па­йыздан 70 пайызға көтерілді. Миллионға жуық қандасымыз атамекенге оралып, ірге те­уіп, бизнес пен ғылымның көрі­гін қыздыра түсті. Оралған ба­уыр­ла­рымыздың еңбекке қабілеттілігі 70 па­йыз­дан ас­са, еліміздің орташа жасы 25 жас болып, болашағы нұрлы елдер­дің қатарына өттік.

Жаңа Астана салынды. Ал­маты Ор­талық Азияда­ғы ең үлкен қаржы, бизнес­ ор­талығына айналды. Елбасы­ның бас­тамасымен екі рет өт­кізілген қаржы мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру, бизнесті қорғауға арналған мо­ра­торий шаралары елімізде шағын және орта кәсіптің тынысын ашып, адымын жедел­детті. 

Сыртқы саясатта барлық көр­­ші­лерімізбен шекара мәсе­­лелерін шешіп алдық. Еуропа­дағы қауіпсіздік және Ынты­мақтастық ұйымына төрағалық етіп, Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мына мүше болып, Шан­хай ынтымақтастық ұйымын құру­шылардың бірі болдық. Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының съезін, медиафорумдар өткізіп, 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сай­ландық. Қысқы Азиада, дүние­жүзілік Универсиада және ЭКСПО-ны абыроймен өткізіп, экономикалық, спорттық күш-қуатымызды әйгіледік.

Еліміз көп векторлы саясат жүргізіп қана қоймай, өңірлік саясат­та түбі бір туысқан түркітілдес елдерімен қаты­насқа ба­сым бағыттар берілді. Ата­тү­рік пен Мағжандар арман­даған, Мұстафа Шоқай бар ғұмырын арнаған сара жол, ол – түркі халықтарының бірігуі, кү­шеюі еді. Елбасымыз осы бағытта сабырлы, салиқалы жұмыс істеп келеді. Қасиетті қаламыз Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің, Аста­на­да Ха­лық­аралық Түркі ака­де­миясының, Алматыдағы С.Демирель атындағы универ­ситеттің ашылуы Елбасы саяса­тының нақты нәтижесі.

Елбасы Жарлығымен еліміз латын әліпбиіне көшудің қар­саңында тұр. Осылайша Түркі жұртын біріктіретін болашақтың керуені мақсатына қарай бет түзеді. Оның игілігін көретін күндер әлі алда. 

Елбасы биылғы қаңтарда мем­лекеттік билік тармақтары арасындағы өкі­леттіктерді қайта бөлу міндетін күн тәрті­біне шығарды. Үкімет пен Пар­­­ла­менттің өкілеттілігін ке­ңейтіп, жауапкершілігін арттыруға, жергілікті өзін-өзі басқару ісін уақыт талабына сай жетілдіруге бағытталған бұл реформаны халық қызу қолдады. Сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың жұмысы жанданып, азаматтық қоғамның дамыған елдер қолданған принциптері өмірімізге ене бастады, ұлттық буржуазия өміріміздің бір бөлігіне айналды. Мемлекеттің қолдауын әрбір қазақстандық сезіну үшін тиісті жұмыстар атқарылып, қызмет көрсету саласындағы «бір терезе» қағидаты енгізілді. Кеден, салық жүйесіне заман талабына сай реформа жасау басты бағытымыз болып отыр.

Біздің мұратымыз – әлемге әмір жүргізіп, өз тәртібімізді орнату емес, жоғымызды түгендеп, барымызды бағалау. Оның айқын дәлелі ретінде ядролық қарудан өз еркімізбен бас тартқанымызды айтуға болады. Біз­дің арманымыз – ұйыған берекеміз бұзылмай, халқымыздың әл-ауқатының артуы, замана көшінен қалмай мәдени құндылықтарымызды жаңғырту, тарыдай шашылған Алаштың бір шаңырақ астында бас қосуы, керегесі ағаш, туырлығы киіз, түбі бір түр­кінің емен-жарқын қол ұстасып, әлемдік өрке­ниеттің биігінен өз орнымызды табу.

Тарихқа жүгіне сөйлесек, 1644 жы­лы манчжурлардың сай­лауыт атты әс­керлері Ұлы Қытай қорғанының шы­ғыс қақпасын бұзып кіріп, көш­пелілердің алып мемлекетін құр­ды әрі Қытайдың қазіргі тер­риториясының негізін қа­лады. Қытайдың пәлен ғасырға қалыптасқан дәстүрі бойынша, соғыс өрті сөнген соң им­­пе­раторлар бүлінген Ұлы қор­ғанды қайтадан жөндеп, қал­пына келтіретін. Император Цяньлунға уәзірлері және қолбасшылары жағынан көптеп ұсыныс хаттар түседі. Астанада тұрып мазасы кеткен император орталықтан 200 шақырым қашықтықтағы демалыс аймағына барып, ұзақ ойларға шомады. «Осы Ұлы қорған салынғалы қан­шама хандық ауысып, қаншама қағандар тарих сахнасына шықты. Ол соның қаншасына пана болды? Оны кеше ғана аталарымыздың атты әскері бұзып өтті емес пе? Ұлы қор­ғанды шекараға, өткел, асу­ларға емес халықтың жүрегіне салу керек. Сонда ғана ешбір жау ала алмайды. Оның жолы – алым-салықты азайтып, ха­лықтың жағдайын жақсарту, ел бастаған серкелердің ықы­ласына бөлену», деп ой түйеді. Сонымен салық азаяды, жер иесін табады. Конфуцийдің ілімі дәріптеліп, ол елдің бірден-бір идеологиясына айналады. Соғыста қаза болған Мин пат­шалығының қолбасшылары мен уәзірлеріне ескерткіш орнатылып, опалылар кітабына енгізіледі. Осындай қадамдарға барған сұңғыла император халық жүрегіне мызғымас ұлы қор­ған орнатып, ішкі-сыртқы жау­ларын тәубесіне түсірді. 

Жоғарыда біз саралап өт­кен жағ­дайлар Елбасының ел жүрегіне орнатқан ұлы қор­ғаны деп білеміз. Ендігі мақ­сатымыз – сыртқы саясатта­ қазіргі қалыптасқан тепе-тең­дікті сақтай отырып, алға жылжу. 

Айналаға қазақтың көзімен қарап үйренсек, біраз дүниеге қанығамыз. «Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды» дегендей туыс­қан түркі халықтарының өз­ара саяси, экономикалық, мә­дени байланыстарын жақсар­ту Мәңгілік Елдің келешегін көр­кей­тетін бірден-бір төте жол. Латын әліпбиі арамызды­ жақындатып, рухани әлемімізді жаң­ғыртады. 

Міне, бұл – түркілер балбал тастарға ойып аманаттаған, Шыңғыс ханның Жасақ заңын­да көрініс тапқан, бабалар тұл­па­рының тұяғында үміт бо­лып жанған, Есім ханның ескі жолы мен Қасым ханның қасқа жолында арман болып қалған Мәңгілік Елдің мәңгілік мұраты. Бұл арман елес болып Тұран даласын кезіп жүр. Үкілеген үмітіміз, асқақ арманымыз, бәрі-бәрі де осының аясына сыйып кетеді.

Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ,
кәсіпкер