Қазақстан • 09 Қараша, 2017

Адвокаттық қауқарлы көмек қажет

393 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газетінің 24 қазан күнгі нөміріндегі «Адвокаттық көмек қайткенде қауқарлы болмақ?» атты сараптаманы оқып, оның дер кезінде нақты жазылғанына риза болдым. Соған орай «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасына сай маман ретінде өз ойларымды да білдірсем деймін.

Адвокаттық қауқарлы көмек қажет

Халықтың адвокаттық қызметке деген сұранысын қамта­масыз ету мақсатында бұл мамандыққа кіру тәртібі оңтайландырылып, заң жобасында адвокат мамандығының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында алғашқы мүшелікке кіру үшін төленетін жарнапұл мүлдем алып тасталады дегені өте дұрыс. Себебі көптеген азаматтарға осы мүшелікке кіру үшін төленетін жарнапұл кедергі келтіріп отыр. Алысқа бармай-ақ қояйын, менің өзім де лицензиямды алған соң көпке дейін осы жарнапұлды төлеуге мүмкіндігім болмай, мүшелікке кіре алмай жүрдім. Сондықтан да, мүшелікке кіру үшін төленетін жарнапұлды алып тастауды қалаймын. Адвокатураға қазіргі кездегі көзқарастағы заманауи жастар келгені дұрыс. Себебі барлық құқықтық салаларда, соттарда жаңартулар жүргізіліп, барлық жұмыстар электронды жүйеге өтіп жатыр. Ескі, кеңестік дәуірдегі түсініктен арылуымыз қажет, қатарымызда жастарға жұмыс жасауға мүмкіндік берілгені дұрыс деп санаймын. Қатарымыз көбейсе, бәсекелестік артады және адвокаттар да өздерінің кәсіби біліктілігін көтеруге ынталанады деп санаймын.

Сондай-ақ заң жобасында 2020 жылдан бастап міндетті сақтандыру институты енгізілмек. Өте қолдауға тұрарлық халық­қа жағымды талап деп санаймын. Себебі сапасыз заң көмегі көрсетілген жағдайда азаматтардың сақтан­дыру өтемақысын алу мүмкіндігі жүзеге асырылатын болады. Бұл арамызда сапасыз заң көмегін көрсететін адвокаттар мен заң кеңесшілері болмауы үшін қажет. Сақтандыру мақсаттарында кәсіби қателіктер болып мыналар белгіленіп отыр: іс қарау мерзімдерін жіберіп алу; құжаттарды дұрыс ресімдемеу; жасалған заңды әрекеттер салдарынан келтірілген зиян туралы үшінші тұлғаны хабардар етпеу; сақтандырылушымен (сақтандырылған тұлғамен) заң көмегін көрсету барысында жүгінушіден алынған құжаттарды жоғалту немесе бүлдіру және адвокаттық құпия деп саналатын ақпараттарды заңсыз тарату. Заң жобасындағы реттелген осы сақтандыру өте қажет деп санаймын, себебі біз өзіміздің кәсіби жауапкершілігімізді сақтандырамыз. 

Сонымен бірге  заң жобасын­дағы тағы бір жаңалық – ұсыны­латын қызметтер тарифтерінің сеткасын (тор) бекіту. Бұл өз кезегінде азаматтарға көрсеті­летін қызмет­тің орташа бағасын анықтауға мүмкіндік бере отырып, төлемақының негізсіз көтерілуінің алдын алады. Тариф­тік сетка Республикалық адвокат­тар алқасымен әзірленіп бекі­тіледі. Ол ұсынымдық сипатта болады және ашық жарияланады деп отыр. Бұл талапты да дұрыс деп есептеймін. Себебі клиенттер адвокатты таңдау жасау мүмкіндігіне ие болар еді деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, заң жобасы­на сәйкес адвокаттың өкiлет­тiктерiн куәландыру реттелген. Онда адвокаттың нақты істі жүр­гізуге өкілеттігі адвокаттың куәлі­гімен және процессуалдық заңнамасымен белгіленген тәртібіне сәйкес дәлелденеді дегені де жағымды жаңалық. Себебі ордер бұрынғы Кеңес дәуірінен қалған қал­дық десек те болады. Тек бос әурешілікке салынамыз. Азамат­тық іс­тер­де сенімхат болса, ал қалған әкімшілік және қылмыстық істерде процессуалдық заңна­маларға өзгертулер енгізіліп, өкілет­тігімізді ордерсіз жүргізу тәртібі реттелсе қуанар едім. Себебі кейде осы ордер жоқ деп, клиентпен шартқа отыра ал­май қалатын кезіміз болады, ордер көп кедергі келтіреді әрі сотқа да, құқық қор­ғау органдарына да ордер жоқ болса, ад­вокат болып тағайындала алмайсың. Ордер заң жобасына сәйкес алынып тасталса, осындай кедергілерден құтылар едік. Заң жобасында міне, осындай тиім­ді жақтар бар. Мұны журналист Александр Тасболат аталған сараптамада жүйелі түрде жеткізген. Мақалада айтыл­ғандай, заңның жаңартылғаны қажет деп санаймын. Себебі халықты заң көмегімен қолжетімді түрде қамтамасыз етуде аталған заң жобасында тиімді жақтар баршылық.

Рысты ҚАЛИЕВА,
Атырау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты