Қазақстан • 09 Қараша, 2017

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» грант алушылар жобасы туралы есеп береді

344 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының конференц-залында «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының грант алушылары жобаның жүзеге асуы мен нәтижесі туралы есеп береді.

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» грант алушылар жобасы туралы есеп береді

Биыл Орталық мемлекеттік гранттарды беру үшін 3 байқау өткізді. Нәтижесінде еліміздің 49 үкіметтік емес ұйым 618, 595 млн. теңгеге 57 гранттық жобаны жүзеге асырып жатыр. Әлеуметтік саланың 12 бағыты қамтылды. Жалғыз донор – Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі. Барлығы 327 ҮЕҰ-нан 512 өтініш түссе, ел аймақтарынан 173 ұйымнан 245 өтініш түсті. Оның ішінде, 52 өтініш Шығыс Қазақстан облысынан, 45 өтініш Павлодар еншісінде болса, 29-ы Қарағанды облысынан түскен. Ең төмен белсенділік танытқан Батыс Қазақстан облысы – 4 және Атыраудан 2 өтініш қабылданды.     

Алғашқы байқау өткеннен кейін, тіпті, жобаларды жүзеге асыру барысында да азаматтық қоғам өкілдері арасында гранттардың жүзеге асырылуы, грант иегерлерінің жұмысының ашықтығы туралы сұрақтар туындады. Бүгінгі іс-шара қордаланған осы сұрақтарға жауап бере алды: қызықты сұрақтар да, жасалған жұмыс нәтижесі де, «ерекше балалардың» аналарының грант аясында қолға алынған жобаға алғысын білдіріп, әрі қарай да қолдау көрсету туралы аналық өтініші де болды.          

Кездесуде байқауға қатысқан өзге де ҮЕҰ өкілдері грант иегерлеріне тікелей сұрақтарын қойып, грант аясында не істеп, қандай нәтижеге қол жеткізгендерін сұрай алды.  

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Өтешев кездесудің осындай формасы ҮЕҰ-ға ұсынып отырған қызметінің стандарттарын жетілдіріп, қоғамға гранттардың қалай жүзеге асып жатқандығы туралы хабардар болуға мүмкіндік беретіндігін айтты.   Орталық мұндай кездесулерді жылына кемінде екі рет ұйымдастырып отыруды жоспарлап отыр.        

Қазақстанда мемлекеттік қолдаудың бір түрі - гранттық механизмге деген қызығушылықтың жыл санап артып келе жатқаның мына көрсеткіштен-ақ байқауға болады.  2016 жылы жұмысын бастаған Орталыққа алғашқы жылы 88 өтініш түссе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 512-ге жетті, оның ішінде 245 өтініш еліміздің өңірлерінен түскен.

Үкімет келер жылы да ҮЕҰ-ды гранттық қаржыландыру аясында қолдауда жоспарлап отыр. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі  үкіметтік емес ұйымдарға 900 млн. теңгеге 79 грант бөлмек. Бұл туралы Азаматтық қоғам істері комитетінің Төрайымы Әлия Галимова айтты.

Оның айтуынша, 2017 жылы гранттық қаржыландырудың ашық өтуіне қатысты іс-шаралар қолға алынған, ал келесі жылы сарапшылардың реестр қызметі іске қосылатын болады.

Биыл аралық есеп бойынша, гранттық жобалар аясында 19 кешенді зерттеу,  8 әлеуметтік қызмет, 5 веб-ресурс ашылып, 4 сенім телефоны халыққа қызмет көрсетуде. 131934 адам қамтылған 392-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, 39 ұлттық және 7 халықаралық сарапшы тартылды.