Президент • 09 Қараша, 2017

Елбасы Қазақстан мен Ресейдің ХІV өңіраралық ынтымақтастығы форумына қатысты

385 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің ХІV өңіраралық ынтымақтастығы форумына қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 

Елбасы Қазақстан мен Ресейдің ХІV өңіраралық ынтымақтастығы форумына қатысты

Адам капиталын дамыту тақырыбына арналған форумға екі ел өңірлерінің басшылары, мемлекеттік органдардың, іскер топтардың өкілдері, сондай-ақ ғылым және білім саласының сарапшылары мен мамандары қатысты.

Мемлекет басшысы форум Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың және ынтымақтастықтың ажырамас әрі маңызды бөлігіне айналғанын айтты.

– Адам капиталын дамытуға бағытталған форумның Челябинскіде өтуінің символдық мәні бар. Біз осы жерде 2005 жылы өткен ІІ форумда оны жыл сайын өткізу жөнінде уағдаласқан болатынбыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде талқыланып отырған тақырып мемлекеттеріміздің басты назарында екенін және оның қазіргі технологияның, соның ішінде, цифрлық технологияның қарқынды дамып келе жатқан кезінде маңызды болып отығанын атап өтті.

– Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға дейін түрлі саладағы 60-қа жуық мамандық жойылып, олардың орнына 180-нен астам жаңа мамандық пайда болады. Адами даму туралы баяндамаға сәйкес, таяу 5 жылда еңбекке жарамды білім мен біліктің үштен бірі өзгереді. Бұл – біз үшін үлкен сын. Оны шешу ынтымақтастығымыздың бірден-бір маңызды басымдығы болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, Қазақстан Президенті адам капиталының барлық негізгі компоненттері бойынша жұмыстарды жандандыру қажет екенін айтты. Бұл дегеніміз – ең алдымен, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек нарығын және әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту.

– Бүгінде Қазақстанның 30-дан астам жоғары оқу орны ресейлік әріптестерімен бірлесіп, ғылыми зерттеулер жүргізуде. Қазақстан мен Ресей ғалымдарының перспективалы бағыттар бойынша ғылыми консорциумын құру мәселесін қарастырған жөн. Атап айтқанда, ол био және ақпараттық технологиялар, энергетика, ғарыш және басқа да салаларға қатысты болуы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бұл ретте Назарбаев Университеті, Инновациялық технологиялар паркі, Ресейдің «Сколково» орталығы және басқа да ғылыми-зерттеу құрылымдары сияқты инновациялық кластерлеріміздің әлеуетін пайдалануға болатынын айтты. Сондай-ақ, бірлескен жұмыстарға «Астана-ЭКСПО» инфрақұрылымының базасында құрылатын Халықаралық қаржы орталығы, ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі және «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық өздерінің септігін тигізетін болады.

Қазақстан Президенті еліміздің білім алуға сұраныс артып отырған өңірлерінде ресейлік жоғары оқу орындардың филиалдарын ашу мүмкіндігін қарастыру қажет екенін атап өтті.

– Елдерімізде халықаралық білім беру хабтарын құруға ықпал етудің маңызы зор. Ол үшін білім бағдарламалары саласында, соның ішінде онлайн білім беру курстарын ашу саласында өзара іс-қимыл жасауға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы денсаулық саласында да ынтымақтасуға перспектива бар екеніне назар аударды.

– Ресейдің ғылыми орталықтары мен клиникаларының әлеуетін ескеріп, бізге осы бағыттағы өзара іс-қимылды жолға қою керек. Атап айтқанда, ол медицина саласындағы инновациялық технологияларды игеруге және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға қатысты болмақ, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау саласын цифрландыру мен телемедицинаның ортақ желісін дамыту жөнінде тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

– Бұл жұмыс Еуразиялық экономикалық одақ аясында басталып кетті. Мен Еуразиялық экономикалық одақтың цифрландыру жөніндегі форумын келесі жылдың бірінші тоқсанында Астанада өткізуді ұсындым. Қазақстан мен Ресей осы саланың локомотивіне айналуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, Қазақстан Президенті дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бірыңғай нарығын құру, сондай-ақ осы саладағы келісілген ортақ ұстанымдарды қалыптастыру және фармацевтикалық өнімдердің еркін айналымы жолындағы кедергілерді жою жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев еңбек нарығы мен әлеуметтік қорғау жүйесінде бірқатар бағыт бойынша бірлесе жұмыстар атқару қажеттігін атап өтті.

– Біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ еңбек нарығын құру қажет деп шештік. Оның тиімділігін арттыру үшін жұмысшылардың білімі мен біліктілігіне, іскерлігіне қойылатын талаптарды біріздендіру керек. Үкіметтеріміз осы жұмыстарды үйлестіріп, оларды сәйкестендіру жөнінде шаралар қабылдауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті осы тұрғыдан ортақ нарық аясында еңбек ресурстарының шоғырлануы халықтың еңбек нарығындағы сұраныстар мен ұсыныстар жөніндегі мәліметтерден хабардар болуына байланысты екенін айтты.

– Бізге Еуразиялық біріктірілген бірыңғай электрондық еңбек биржасын құру мәселесін қарастыру керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы осыған дейін өңіраралық форум аясында талқыланбаған, цифрландырудан бөлек тағы да бірқатар мәселелердің бар екеніне назар аударды. Сондай тақырыптың бірі – туризм.

– Көптеген елдерде туризм ішкі жалпы өнімді қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ресейде де, Қазақстанда да туризм үшін әдемі жерлер көп. Мысалға, ресейліктер жазда біздің Бурабайға, Балқашқа, Алакөлге, ал қыста Алматыдағы Шымбұлаққа және басқа да жерлерге демалуға келеді. Туристік операторларымыз мұның бәрін ұйымдастыруына болады, – деді Қазақстан Президенті.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев келесі өңіраралық форумның тақырыбын «Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» деп белгілеп, оны 2018 жылы Қазақстанның Петропавл қаласында өткізуді ұсынды.

Қазақстан Президенті екі ел ынтымақтастығымыздың дамуына септігін тигізетін «Қытай – Қазақстан – Ресей – Еуропа» жүрдек теміржол магистралі жобасын қолдайтынын атап өтті.

Соңында Мемлекет басшысы бұл іс-шара өркендеудің жаңа тетіктерін тауып, елдерімізде адам капиталының дамуына серпін беретініне сенім білдіріп, форумға қатысушылардың жұмысына жеміс тіледі.

Форумның қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

- Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай бірлескен мәлімдемесі;

– 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге Хаттамаға қосымша хаттама;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының жұмыс істеуі туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Туймазы – Омбы – Новосибирск-2» және «Омбы – Павлодар» магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісім;

– 2009 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында «Байқоңыр» ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;

– 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттама;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2018-2023 жылдарға арналған өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының бағдарламасы;

– «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы мен «Транснефть» жария акционерлік қоғамы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

– Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Русская медная компания» акционерлік қоғамы арасындағы Қазақстан Республикасының Ақтөбе облысында инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум;

– «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы мен «Российский экспортный центр» акционерлік қоғамы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.