Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанайға сапарының екінші күні де бірнеше нысанды аралады.
Президент алдымен осындағы сапалы сүт өнімдерін дайындайтын «Милх» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келді. Елбасына мұнда жаңа технологиямен өндіріліп жатқан балмұздақ және ашымал сүт өнімдері желісі таныстырылды. Кәсіпорын жылына 26 мың тонна өнім шығарады. Биыл сүт зауытында балмұздақ өндіретін цех салынып, инвестициялық жобаның бірінші кезегі жүзеге асырылды. Зауытта 243 адам еңбек етеді.
Нұрсұлтан Назарбаев ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін тың технологиялы осындай өңдеу кәсіпорындары қатарының көбеюі керектігін айтты.
Сүт зауыты ғимаратында Мемлекет басшысы облыстағы ауылшаруашылық кәсіпорындары басшыларымен кездесті. Ол биыл ауа райы көктем мен жазда аса қолайлы болмаса да, қостанайлық диқандардың жоғары өнім жинағанын атап өтті. Жалпы, елімізде 21 миллион тонна астық қамбаға құйылды.
Елбасы еліміздегі ең негізгі астықты аймағына айналған Қостанайға келген сайын ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін диқандар мен шаруалардың өзімен бірге ортаға салады. Бұл жолы да ол шаруашылық басшыларының субсидия туралы пікірлерін тыңдады.
– Мен «субсидия диқандарға толық жете бермейді, оған кеткен қаржыны несие түрінде берген дұрыс» деген пікірлерді естіп қалып жүрмін. Әлде субсидияны ірі шаруашылықтар тиімді пайдаланып, шағындары олай ете алмай ма? Пікірлерің қалай? – деді Мемлекет басшысы.
Бұл сауалға «Алтынсарин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев өз пікірін білдірді.
– Мал шаруашылығы мемлекеттік көмекті қажетсінеді. Меніңше субсидияны егіннің гектарына немесе малдың басына емес, сатқан өнімнің көлеміне қарай берген тиімді деп ойлаймын, – деді Борис Павлович.
«Алтынсарин» шаруашылығы облыс орталығынан ең шалғай жатқан шаруашылықтардың бірі. Қазір астық өндірудің сыртында 4 мың бас ірі қара бордақылайды. Ай сайын тірідей салмақта ет сатып отырады. Президентпен әңгіме барысында Б.Князев Мемлекет басшысының елімізде жолдар салу туралы бағдарламасының жүзеге асып, оның тиімділігін көріп отырғанның бірі өзінің шаруашылығы екеніне ризашылығын білдірді.
– «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген мәжілісіне жақында мен де қатысқанмын. Сонда Сіз Қазақстанда 4,5 мың шақырым жолдың салынғанын айтқан болатынсыз. «Алтынсарин-Хромтау» темір жолы салынғалы біз астық пен ет өндірісі көлемін екі есе арттырдық. Бұрын біз элеваторға тапсыру үшін астықты 120 шақырымға таситынбыз. Шаруашылық қазір астықты тұтынушыға бірден вагонмен артады, арадағы делдалдардан да құтылдық. Ай сайын Шымкентке 10 мың тонна бидай жібереміз, басқа жаққа да жіберу мүмкіндігіміз бар. Етті 350 шақырымда жатқан Қостанай қаласына апаратынбыз. Батыс-Орталық тас жолы төселгелі сұраныс жасаушылар етті өздері келіп алып кетеді. Сіздің экономикалық дағдарысқа қарсы бағдарламаңыз аясында жасалған жұмыстар, яғни сапалы жолдар түкпірде жатқан шаруашылықты бар қиындықтан алып шықты, – деді Борис Павлович.
Елбасы жолдың бойы қайнаған өмір екенін айтты. Жолдар арқылы Қазақстан Еуропаға, одан әрі өзге құрлықтарға шығатынын, соның арқасында өндірген өнімнің арзандайтыны, экономиканың дамитыны, бәсекеге қабілетті болатыны туралы әңгімеледі. Мұнан кейін Президент ауыл шаруашылығында ғылымға жүгінуге кеңес берді.
– Алматы, Астана, Қостанай қаласында әрқайсысының өз бағыты бар аграрлық ірі үш университет бар. Солардан ғылым жаңалықтарын талап етіңіздер. Ғылым араласқанда ғана ауыл шаруашылығы қарқынды дамитын болады. Жаңа, тиімді сұрыптар қуаңшылық жылдары да, тыңайтқыш болмағанда да диқанға өнім береді. Осыны ескеру керек.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»