Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігін, келер жылғы қаңтардағы осы ұйымда төрағалық етуін қеңінен жариялауды қамтамасыз ету. Сапарға шығар алдында журналистермен кездесу өткізген Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі мақсаттары мен міндеттерін түсіндіріп берді.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауіпсіздікті нығайту, тұрақты дамуды қамтамасыз ету және Орталық Азияның мүдделерін ілгерілетуде ауқымды мақсаттар белгілеген болатын. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік Қазақстанның жаһандық үдерістерге қатысуы, еліміздің бітімгершілік әлеуетін арттыру және дипломатиялық қызметінің кәсіби деңгейін көтеру үшін бірегей мүмкіндік болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралдарының осы жобаға белсене қатысуы, ең алдымен, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы туралы уақтылы және жан-жақты ақпарат беру тұрғысынан маңызды», деді Қ. Әбдірахманов.
Сапар барысында журналистер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысымен, Қазақстанның аталған органға тұрақты емес мүше ретіндегі қызметінің басымдықтарымен, сондай-ақ 2018 жылғы қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының жоспарларымен танысты. Тілшілер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары мен ашық пікірталастарына барып, брифинг, семинар, мастер-класс және дипломаттар мен БҰҰ-да тұрақты түрде тіркелген шетелдік журналистермен бейресми кездесулерге қатысты.
Жобаға «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Түркістан», «The Astana Times» газеттерінің, «Қазақстан», «Хабар», «КТК» телеарналарының, «ҚазАқпарат», «Tengrinews.kz» «Zakon.kz» ақпарат агенттіктерінің тілшілері қатысты.