Бұл еңбекте ұлы Абайдың даналығы мен М.Әуезовтің ғұламалығын, жыр алыбы Жамбылдың жырлары мен дарынды композитор Құрманғазының күйлерін, ғасырлар қойнауынан келе жатқан бабалар үнін тілге тиек етіп, мысалға келтіреді. Мұны Елбасы жайдан-жай айтып отырмағаны анық. Өйткені, биыл туғанына 120 жыл толып отырған ұлы жазушы М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық әлеміне зер салғанда ұлы жазушының ғұламалығына мән беріп отыр.
Президент өз еңбегінде ХХІ ғасырдағы ұлттық санаға байланысты прагматизм, Ұлттық бірегейлікті сақтау, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы сынды мәселелермен бірге, таяудағы жылдарда атқаратын міндеттер ретінде еліміздегі білімнің салтанат құруына арнайы тоқталды. Білім – ұлт өркениетінің өлшемі дейтін болсақ, ұлттың сапалық көрсеткіші де біліммен тікелей байланысты болмақ. Білімнің негізгі іргетасы әліпбиден, ұлттық жазу үлгісінен қаланады. Бүгінгі ана тіліміздің, жазу емлеміздің латын әліпбиіне негізделген жаңа графикаға бет бұруы өткен ғасырда (1929-1940 ж.ж.) қолданған әліпбиімізге – латын жазуына қайта оралып, ұлттық санамыздың жаңғыруына ықпал етеді.
Біз өткен тарихымыздан 1929 жылдың 7 тамызында бұрынғы КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссариаты Кеңесінің Төралқасы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін енгізу» туралы қаулы қабылдағанын білеміз. Осы ретте М.Әуезовтің 1929 жылғы латын әліпбиін енгізу жұмысына белсене қатысқанын, латын жазуының ұтымды жақтары жөнінде салмақты ойлар білдіргенін айтпай кетуге болмайды. Ол араб әліппесінің кемшіліктері қазақ тілінің жазу емлесіне де салқынын тигізгенін, араб жазуының тұсында сезілмеген бұрынғы емленің бар кемшіліктері жаңа әліпбиге көшкен соң көзге айқын түскенін ескертеді. «Қазақ жаңа емлесі туралы» декрет қабылданарда үкіметтік қаулыға Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы ретінде М.Әуезов, хатшысы деген тұсқа Әндіжанұлы қол қояды. 1929 жылдың 25 шілдесінде қабылданған осы құжатта: «...Октябрь төңкерісінен соң ұлы мәдениет-шаруашылық жұмысын өз қолымен істей бастаған қалың қазақ еңбекшілерінің мүддесі, жұрнақшыл-үндесшіл қазақ тілінің дыбыс заңдары, жаңа әліппенің айрықша қасиеттері – бәрі қосылып емлені өзгертуді амалсыз керек қылады.
Онан соң емлені социалдық құрылыс жағдайына қарай, тілдің даму бағытына қарай өзгерту керек-ті. ...қазақ емлесін, емлелерінің ішінде ең оңай саналған дыбыс жүйелі емле негізіне құру керек; қазақтың төл сөзі үшін де, шеттен кірген сөздер үшін де бірыңғай емле жасау керек», деген талап қойылып, оны жүзеге асырудың шаралары бекітілді. Бұл игілікті істің оң нәтижелерін халқымыз кирилл жазуына көшкенге дейін (он жылдан астам уақыт) көрді. Міне, ұлы жазушының осы үлгісі бүгінгі Қазақстанның рухани жаңғыруының басты мәселелерінің бірі – латын жазуының қазіргі қабылдануында да өнеге болатындай елеп-ескерерлік жайт.
Әліпби – дыбысты таңбалап жазу үшін ойлап шығарылғанын, ал жазу – ойдағыны қағазға түсірудің, сол әліпбиді тұтынған тілді көркейтудің, оның қолданылу аясын нығайтудың амалы екенін әлем ғалымдары айтып келе жатқаны мәлім. Сол себепті латын әліпбиі мәселесін өркениетке жетудің, рухани-әлеуметтік дамудың жолы ретінде қарастырған орынды.
Ал білім туралы айтқанда ұлы Мұхаңның (М.Әуезовтің) «Оқуға ұмтылатын уақыт» атты мақаласындағы: «Оқудың керектігі турасында сөз жазып отырудың керектігі жоқ! Аспандағы күннің барлығына қандай сенім болса, оқудың керектігіне де сондай сенім болған: оқусыз ел – дүниедегі тіршілік жарысына ере алмай жоқ болады. Біз: «Қазақ Хүкіметі, қазақ ұлты» деген сөздің бәрін де оқу таразысымен өлшейміз: оқусыз атақ – өрмекшінің ұясы сияқты бос нәрсе...», деген сөздері еске түседі. Мақалада данышпан суреткер елді түзу жолға жетелейтін азаматтар, қазақ елін қатарға кіргізуді мақсұт еткен азаматтар, оқу жұмысын қарастыруын, оқу жұмысы қасиетті жұмыс екенін, саясатқа құрбан болуға жарамайтын жұмыс екенін, еш уақытта көңілден шығармауын, оқу бөлімдеріне қазақ азаматтары кіріп, қазақ мектебін ретке салуын ескертеді. Бұл мысал да кемеңгер жазушы ойларының бүгінгі күнгі біздің рухани жаңғыру талаптарымен үндес келетінін байқатады. Бұл жайтты Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «...Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп айрықша атап айтты.
Халқымыздың өткен ғасырда өмір сүрген зиялы азаматтарының бірі, қазақ мәдениетінің ірі қайраткері Ілияс Омаров: «Мұхаңды (Әуезовті) ең алғаш сөзінен танығам, ал сөзді ең алғаш Мұхаңнан танығам» – деуі ұлы суреткердің ана тілін өте жетік меңгергенін және ана тілі мен оның тілдік қорын байытуға орасан зор үлес қосқанын айғақтаса керек. Қаламгер жазу өнерінде өзіне үлкен эстетикалық талғам мен қатаң да жоғары талап қойғанын оның қаламынан туған сырлы сөздерді сөйлетуінен, сөз құдіретін танытуынан анық білеміз. Мұны автор ғылыми-зерттеу, публицистикалық мақалалары мен көркем шығармаларындағы кейіпкерлер сөзінде, сондай-ақ авторлық баяндауларда да жарқырата көрсетеді. Оған қоса, бұдан кемеңгер жазушының жазу стиліндегі биік этикалық-эстетикалық парасат-пайымдары мен терең философиялық ой-толғауларының өзара тығыз байланыстылығын аңғарамыз. Мәселен, суреткер тілі туралы мақаласында ол: «...жазушының көркем әдебиеттегі тілі тек жабайы, жұпыны ұғым тілі ғана болып қоя алмайды. Ұғым, түсінікпен қатар, ой, сезімге де бірдей әсер етерлік айшықты тілмен әсем сөйлеуі шарт. Ылғал жоқ, дәм жоқ, тек грамматикашылдың сәл ғана білген, күнделік қалыпта тұтынып жүрген, шама-шарқына өлшенген әдебиет тілі көркем болып жарытпайды», деп кесіп айтса, ендігі бір жерде: «...Бүгінгі біздің жазушылардан байқалатын бір үлкен олақтық – көп жазушылардың сөздігі шағын, тілі кедей... Бірталай ақындарымыздың... еңбектеріндегі сөздік қорға келсек, жиыны бес-алты мың сөзден аса қоймайтын мүлкі ғана бар ма дейсің», деп өкініш білдіреді.
Айталық, жазушы 1948 жылы жазған «Біздің елдің салт-сауығы» атты мақаласында: «...Гүлденіп тарих, көркейіп өмір, дәурен жаңғырған заманда сан алуан салт та жаңғырады. Өнер, білім тауып өскен елдің салтына да өнер, білім үлгісі, өрнегі кіреді. Бұл жөнінде бұрынғы ауыл салтын санап, бүгінгі ауылымыздың жаңалықтарын жалғастырып айтсақ, көп сөз болар еді. Жалпы, салт дегеннің өзін де сансыз көп салаларға бөліп, таратып айтса, сөз ұзақ болады... Салтты біз екі жақтан сөз етпекпіз. Оның бірі – тұрмыс салты, екіншісі – сауық салты. Осы екі жай біздің бүгінгі өнерлі қаламыз бен өскелең колхоздарымызда қалай қалыптанып келеді, соны айтайық», деп кеңестік кезеңдегі «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деп дәріптелген салттарымыздың әрқайсысына жеке-жеке тоқталады. Мақалада автор оқымысты қазақ қауымында ән салмайтын, би билемейтін, күйді қадірлемейтін жан жоқ екенін, өйткені біздің жаңа салт пен сауығымызда барлық азаматтық өзге қасиеттеріміздің қатарында сауық-сәніміз, көркемөнеріміз аса қадірлі қасиеттеріміздің бірінен саналатынын, бұл жайды кеңестік ауылдағы барлық еліміздің ата-аналық, бала-бауырлық буындарының баршасы толық түсінетінін және түгел сүйсіне қостайтынын заман талабына сай қуанышпен жазады.
Мәселен, «Қазақтың халық музыкасы мен музыка театры» атты мақаласында кеңестік Қазақстандағы мәдениет төңкерісі өлкенің барлық еңбекші жұртшылығын қуантып риза еткендей көп-көп табыстарға ие болғанын, өлке мен елдің бұрынғы ешбір тарихында болмаған мәдениет табыстары жаңа төңкерісшіл жас жұртшылықтың өнер таппақ болып, қанат қаққан талабы көркемөнер саласында да жаңалық үстіне жаңалық туғызып отырғанын атайды. Бұл орайда, елдегі мемлекеттік тарихи мән-маңызы бар ірі бағыттағы үлкен жаңалықтың бірі – Қазақтың мемлекеттік музыка театры болғандығын, оның сол кезеңдегі ең алдымен айқындалып көрінетін ерекшелігі – ән, күй негізінің тұтасынан халықтың рухани қорынан шыққандығын, мұнда бұл мұра еңбекші халықтың ой-қиялы мен үмітінің өшпес жанар отын ғасырлар бойы жоғалтпай алып келгенін сөз етеді.
Жазушы М.Әуезов: «...Шынында да туғанынан бастап өліміне шейін өтетін күйін алсақ, қазақтың өмірінде әннің ілесіп жүрмеген ешбір үлкен кезеңі жоқ деуге болады. Оның өмірінде не ғұрыптан туған ән, не үй іші тұрмыс-салтынан туған ән, не болмаса өз өнері арқылы өз жанынан шыққан әндер ылғи егіз болып ілесіп отырады. Ән ғасырлар түкпірінен қайғылы хал баянын бізге жеткізеді», деп ойын түйіндейді.
Автордың кез келген шығармасы – мейлі ол шағын әңгіме-хикаяттары болсын, көлемді эпикалық, драмалық шығармалары әлде публицистикалық және ғылыми-зерттеу еңбектері болсын – бәрінде де қазақтың ұлттық рухани құндылықтары өте ұқыптылықпен, асқан ізденімпаздықпен, үлкен шеберлікпен пайдаланылады. Ал ғұлама жазушының «Абай жолы» роман-эпопеясының жөні бөлек. Өйткені қазақтың ұлттық брендіне айналған роман-эпопея рухани байлықтарымыздың таусылмас кені іспетті. Сондықтан, әлемге әйгілі шығармадағы тілдік, халықтық-этнографиялық мағлұматтар жайында сөз арнайы болуы керек. Біз алған тақырыбымыздың бір парасына ғана тоқталдық.
Сөз соңында айтарымыз, арқалы ақын Жұбан Молдағалиевтың:
Қайран Мұхаң – көркем сөздің пірі еді,
Абайымыз екеу болса, бірі еді.
Тілі барда халықтардың, қазақтың,
Тірілермен тірілерше жүреді, – деп жыр арнағаны бар.
Сол айтқандай, ұлы жазушы, үлкен ойшыл-қаламгер, ірі ғұлама ғалым халқымен бірге өмір сүріп келеді. Олай дейтініміз, М.Әуезов шығармашылығының идеялық-рухани, көркемдік-эстетикалық, тілдік құбылыстар әлемін әдебиетші, тілші ғалымдар қал-қадірінше әр қырынан, жан-жақты зерттеп-зерделеп келеді. Әйтсе де, саңлақ суреткердің бүгінгі күннің басты идеялық талабына айналып отырған ұлттық болмысымызды танытатын рухани жаңғыру арналары толығымен жүйелі түрде қарастыруды қажет ететіні даусыз деп ойлаймыз.
Бақтияр СМАНОВ,
ҰҒА академигі