«ЭКСПО-2017 көрмесінің бұрынғы аумағына кіру – тегін. Ал жекелеген павильондар мен «Нұр Әлемге» кіру үшін билет сатып алу қажет. Алғашқы екі күн бойы туристік аймаққа билетсіз кіруге болады. Одан кейінгі кіру құны 1500 теңге көлемінде бекітілді. Мұнда жеңілдік билеттері де қарастырылған. Мәселен, студенттер 800 теңгеге, көп балалы аналар мен зейнеткерлер – 500 теңгеге және мүгедектер мен Ұлы Отан соғысы ардагерлері, алты жасқа дейінгі балалар мен жетім балалар тегін кіре алады. Билеттерді ресми сайттан және арнайы сату орындарынан алуға болады», дейді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров.
Тағы бір маңызды жаңалық, биылғы қыс маусымында ЭКСПО аумағында ерекше пішіндегі мұз айдыны ашылады және онда еліміздің жаңажылдық бас шыршасы орнатылады. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркімбаевтың мәліметінше, арнайы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін 11 қарашада ЭКСПО аумағында мұз айдыны ашылады. «Оның жалпы аумағы 3500 шаршы метрден асады және пішіні де ерекше болмақ. Бұрын-соңды елімізде мұндай мұз айдыны салынбаған», дейді ол.
Желтоқсан айының басында ЭКСПО аумағына еліміздің жаңажылдық бас шыршасы орнатылады және мұз қалашығы бой көтереді. «Мұның барлығы ЭКСПО-ның бас ғимараты «Нұр Әлем» сферасы мен амфитеатр аралығында орналастырылады. Бас шыршамен бірге жыл сайынғы «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы маңына салынып келген мұз қалашық та көрме маңына көшіріледі. Барлық жұмыстар Астана әкімдігімен бірлесіп атқарылуда», деді департамент басшысы.
Мұз қалашығының бір сеансына 1000 теңге төлеп кіруге болады және онда 4 сағат уақыт өткізуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ мұнда жаңа конькилерді жалға беру ісі ұйымдастырылады және оның да бағасы шамамен 1000 теңгені құрамақ. Тағы бір атап өтерлігі, кешенге 6 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Оқушылар мен зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған.
Есіңізде болса, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанатында «Нұр Әлем» ғимараты мен тақырыптық павильондардың энергия музейі ретінде өз жұмысын жалғастыратынын мәлімдеген еді. Көрмеге дейін ЭКСПО-2017 аумағындағы ғимараттардың бір бөлігін «Астана» халықаралық қаржы орталығына, Халықаралық «Жасыл» технологияларды даму орталығына және Халықаралық IT-стартаптар технопаркіне беру туралы шешім қабылданған болатын.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»