03 Ақпан, 2010

“АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ БАУЫРЫМ ДЕП”

2690 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан халқы Ассамблея­сының әр сессиясы айтулы саяси оқиғаға айналып жүр. Әр жолы қандай жаңа, тың ұсыныс айтылар екен деген оймен келемін. Дүние­жүзілік дағдарыс тұсында этно­с­ара­­лық қатынастар жөніндегі игі ниеттегі кез келген басқосудың берері мол. Егер ол Қазақстан хал­қы Ассамблеясының кезекті сес­сия­сы болса, маңызы анағұр­лым арта түсетіні айтпаса да түсінікті. “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп”, деп қазақтың данышпаны Абай айтқандай, ұлты мен нәсіліне қарамай, бар халықты бір тудың астына жинай алған Елбасының сындарлы саясатының арқасында дүниеге келген бұл ұйым қазіргі кезде үлкен беделге ие. Және оның беделі жылдан-жылға артып келеді. Елдің маңыз­ды заң шығарушы органы – Парла­мент­тен Қазақстан халқы Ассам­блеясының мүшелері орын алды. Символдап айтар болсақ, Қазақ­­стан – оны мекендеген бар­лық этностың ортақ үйі, ал Астана – бас орда, қара шаңырақ. Елдің экономикалық-саяси, қоғамдық маңызды барлық саладағы өмірінің қызу қайнаған эпицентрі. Астана – Қазақстанның кіші моделі. Сон­дықтан, мұнда барлық этностың өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлік пен татулықта ғұмыр кешіп жатыр. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы, Бәйтерек сынды сәулет өнерінің қайталанбас туындылары елішілік достық пен ынтымақтың нағыз нышандары болып табылады. Астана қаласында 26 этномәде­ни бірлестік жұмыс істейді. Есіл ауданы – елорданың жүрегі, элитар­лық орталығы. Астана мен күллі Қазақстанның жетістіктері мен озық технологиялары, зәулім ғимараттары, маңызды органдары мен мекемелері осында орын тепкен. Аудан әкімінің аппараты “Вайнах” чешен-ингуш, “Ван” армян, “Парвиз” тәжік этно­мәде­ни бірлестіктерімен және басқа да көптеген орталықтармен қоян-қолтық жұмыс істейді. Наурыз мейрамы, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, Қала күні секілді мерекелерді тойлауда және аудандық ақпарат­тық-насихаттық топтар қатарында идеологиялық жұмыстар атқаруда этномәдени бірлестіктердің рөлі зор. Көп елдің көне аңыздарына арқау болған желі бойынша бір жебе сынар, мың жебе сынбас. Қазақстанның әрбір азаматы өзін бір-бір болат жебе деп есептесе, біріккен кезде ішкі де, сыртқы да жау алмас, берік қамалға айна­лары­мыз хақ. Қайрат ЖАҢАБЕРГЕНОВ, Есіл ауданының әкімі. Астана.