23 қаңтарда жағдайға қатысты пікір білдірген Азия дзюдо одағы президентінің кеңесшісі әрі Астана қалалық дзюдо федерациясының президенті Айдар Махметов «ешкім ешкімді ұрған жоқ» деп мәлімдеді.
Кейін Серік Сәпиев қызметтік міндетін атқару барысында мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын ұстанғанын атап өтті. Олимпиада чемпионы түсірген бейне үндеуінде болған жайттың жеке басқа қатысты жанжал емес екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, орынбасары тарапынан өзінің тексеруінсіз облыстағы спорт ұйымдары басшыларын заңсыз ротациялау әрекеті жасалған және ол «мұны бейбіт жолмен тоқтатуға тырысқан».
25 қаңтарда Серік Сәпиевтің мәлімдемелерінен кейін Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында тексеріс басталғаны белгілі болды. Ал 26 қаңтарда өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, асығыс баға бермеуге және жедел қорытынды жасамауға шақырды. Сондай-ақ ол оқиға бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Сол күні Дәурен Есімханов та мәлімдеме жасап, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында «объективті шындықты көрсетпейтін ақпарат тарап жатқанын» айтты. Ол жұртшылықты арандатуға ермеуге шақырды.
Бүгін Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында ведомство басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов өз еркімен атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.