Қазақстан • 13 Қараша, 2017

Астанада «Рухани жаңғыру: Алаш жә­не азаттық идеясының са­бақ­тастығы» атты конференция өтті

873 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл азаттық жолында арпа­лысқан арыстардың ұлты үшін саяси шешім қабылдап, азаттық аңсарына қол созған сәтіне 100 жыл толып отыр. Соған орай, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институты мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ бірлесіп «Рухани жаңғыру: Алаш жә­не азаттық идеясының са­бақ­тастығы» атты халық­аралық ғылыми-тәжіри­белік конференция ұйымдастырды. Маңызды жиынды ашып сөз сөйлеген Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбді­қа­лықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың құттықтауын оқып бер­ді.

Астанада «Рухани жаңғыру: Алаш жә­не азаттық идеясының са­бақ­тастығы» атты конференция өтті

Елбасы өз құттықтау­ында, кон­ферен­цияға қа­тысушыларға шынайы та­быс тілей отырып, Алаш арыстары аңсаған азаттыққа бүгінгі ұрпақ қол жеткізгеніне тоқталыпты. «Алаш қозғалысының ХХ ғасыр ба­сындағы қазақ халқы­ның саяси-әлеуметтік құқық­тарын қорғау, ұлттық бет-бей­несін сақтап қалу жолын­дағы күресі, азаттық үшін күрестің жарқын беті болып табылады. Алаш арыс­тарының пассионарлық идея­лары біздің ата-баба­ла­рымыздың азаттық алу, дербес мемлекет құру жо­лын­­дағы сан ғасырлық амана­тымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялы­лары арман еткен мемлекет тәуелсіздігіне бүгінгі ұр­пақ қол жеткізді. Еліміз еге­мендік алып, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен терезесін теңестіріп отыр. Мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламда: тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсеттім. Біз қоғамдық сананы қазіргі заманға сай жаңғырту арқылы елімізді жаңар­туды мақсат тұтып отырмыз. Елі­міздің экономикалық әлеуеті арт­қан сайын, халқымыз бай руха­ни мұрасын дәріптеуге де зор мүм­кіндік жасалады», делінген Мемлекет басшысының сөзінде. 
Жалпы, 1917 жылы Патша тақтан  құлатылғаннан кейін, Мемлекет билігі Уақытша үкімет пен кеңестік большевиктердің қолына кезек көшкен тұста ұлт зиялылары автономды Қазақ мемлекетін құруға ұмтылғаны мәлім. Олар өз мақсаттарына жету үшін күш біріктіріп партия құрды. Осы ұлттық партияның атын «Алаш» деп атады да, болашақта құрылуы тиіс үкіметке «Алашорда» деген атау берді.


«Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі большевиктер ұсын­ған кеңестік даму бағытымен қатар дүниеге келді де, Ре­сейдің байырғы отарлау сая­сатын ұстанушы коммунист колонизаторлармен (С.Садуақасов) бастары «бір қа­занға» сыймады. Оған себеп: қазақ зиялылары әуел бастан тәуелсіз ұлттық автономия құруды жоспарлады, әрі жаңа үкіметті мойындамады.


Алаштанушы тарихшылар айтқандай, алаш арыс­тары қазақ елінің сан ғасырлық да­му тәжірибесін, салт-дәстүрін рево­лю­циялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен, басқа өркениетті елдер­дің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көз­деді. Осылайша қазақ елі өзін-өзі билеуге, сөйтіп өзінің ішкі қоғам­дық мәселелерін өзі шешуге, өз атамекеніне өзі ие болуға мүм­к­індік қара­с­тырды. Бұл қазақ халқына мәңгілік арман болған азаттық жолы-тын. 


Конференция мінберінен кезек-кезек баяндама жа­саған отандық және шетелдік ғалымдар, бір ғасыр өткен алаштықтар идеясына тарихи тұрғыдан баға беріп, Алашорда үкіметі кеңестік басқаруға қарсы балама билік ретінде құрылған ұйым деген баға берсе, Парламент Мәжілісінің дептутаты, сая­си ғылымдар докторы Қуаныш Сұлтанов, дербес мемлекет құруды көздеген алаш арыстарының талаптары дәл бүгін іске асып отырғанын, сол себепті, тәркіленген тарихымызды қалпына келтіріп, аталарымыз армандаған тәуелсіздік, бостандық, теңдік, құқық­тық, жасампаздық идеяларды келер ұрпақтың жадына сіңіру асыл мұратымыз екенін жезкізді. 


Сонымен қатар көпшілік қауым Қазақстан Жазу­шылар одағы басқар­ма­сының төрағасы Нұрлан Ора­залин бастаған отан­дық зиялылармен бірге, әзербай­жандық ғалым Мұса Ға­сымлы, өзбекстандық та­рих­шы Ильхомжон Саи­дов, қырғыз профессоры Зайниддин Қурбанов, баш­құрт оқымыстысы Марсель Фархшатовтың алаш арыстарына қатысты баяндамаларын тыңдады. 

Осы орайда, халықаралық жиынға қатысқан лауазымды тұлғалар мен алаштанушы ғалымды сөзге тарттық:

Дархан КӘЛЕТАЕВ, 
Парламент Сенатының депутаты:
– Бүгінгі өтіп жатқан кон­ференция өзінің тарихи құндылығы жағынан Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарла­малық мақаласында ай­тылған ұстаным-ұғым­дармен сәйкес келіп отыр. Өйткені өткен ғасыр ба­сындағы алаш қайраткер­лерінің әрекеті қазақты ел қылу қамы үшін жасалған дүниелер болатын. Осы арман-мұрат арада 100 жыл өткенде орындалып, арыстарымыздың жанкешті еңбегі ақталды. Біз соның куәсі болып отырмыз. Бұл реткі жиынды кешегі тәуелсіздікті армандаған аталарымыздың аңсары мен қазіргі тәуелсіздікті көзімен көріп, басынан өткеріп отырған ұрпақтың рухани тоғысуы десе де жарасады. Әсі­ресе, Алаш қайраткерлерінің ағар­ту­шылық позициясы мен өздері­нің саяси көзқарасы жолын­дағы табандылығы ұрпақтан-ұрпақ­қа тәрбие өзегі болатын аса ба­ғалы дүние. Сөзімізді түйін­деп ай­тар болсақ, бүгінгі рухани жаңғырудың тұқымы алаш­та­нудың өзегінде жатыр. 

Мәулен ӘШІМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы:
– Өткен ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан Алаш арыстарында елінің азаттығынан басқа арман-мүдде болған жоқ. Олар өздеріне үміт артқан бұқара үшін түн ұйқысын бөліп, небір азапты жолдарды бастан кешірді. Ақыр аяғында бәрі дерлік сол жолда құрбан болды. Міне бүгін сол арыстар армандаған азаттыққа қол жеткізіп отырмыз. Демек, біздің қазіргі егемендіктің негіздерін сол алаштықтар қалап кеткенін білуіміз керек. Бүгінгі конференция сол өткен тарихқа жаңаша көзқараспен баға беру үшін ұйымдастырылып отыр. Өз басым Алаш зиялыларының екі үлкен мақсаты болған деп ойлаймын. Бірінші мақсаты – елінің азаттығы, екіншісі – елдің рухани жаңғыруын қам­тамасыз ету. Ол дегені­міз – бұқараны білімге шақы­ру, ұлттық санасын ояту. Бүгінгі конференция жо­ғары­дағы алаштықтар ұстанған екі негіздің шын мәнінде 100 жылдан кейінгі орындалғанын куә­лан­дырушы жиын іспетпес өтіп жатқаны қуантады. 

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, 
тарих ғылымдарының докторы:
– Биыл Қазан төңкерісі мен Алашорда ұлттық кеңе­сінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Бұл екі оқиғаның даталық сәйкестігі бір болғанымен, тарихи маңы­зы жағынан екеуі екі бөлек дүние. Бізге қажеті – Алашорда, яғни оны құрушы қазақ зиялыларының жан­кешті әрекеті, олардың ұлтына, халқына, жеріне, елі­не деген шексіз қызметі, теңдессіз сүйіспеншілігі. Біздің болашақ ұрпаққа үлгі болатын дүние осы. Десек те, қазіргі қазақ қоғамында әлі күнге айтарлықтай зор сер­піліс болмай тұр. Бір апта бұрын Алматы қаласында тағы бір қоғамдық ұйымның бастамасымен Қазан төң­ке­рісіне 100 жыл толуына қатысты жиын өтті. Сол басқосуда өзіміздің беделді тарихшыларымыз баяғы отаршылық сарынға басып, «қазақтың көзін ашқан қазан төңкерісі» деген баға беріпті. Осы арқылы бұқараға «бұрынғы кеңестік билікке балама жоқ» дегенді дәлелдемекші. Бұлар кімдер? Әрине, кешегі кеңестік идеология тәрбиелеген оқымыстылар. Бүгінгі конференция не үшін қажет? Жоғарыдағыдай пікір-ұстанымдарға тойтарыс беру үшін қажет. Сондықтан аталмыш жиынның маңызы зор деп білемін. 
* * *
Басқосу барысында кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған Алматы қала­сын­дағы «Ғылым ор­дасы» Орталық ғылыми кі­тап­­ханасының сирек кітаптар қоры­нан 28 жәдігер-кітап әкелініпті. Бұлардың дені Алаш арыс­тарының туындысы. 
Суреттерді түсірген 
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»