«Артық білім кітапта» дейтін Абайдың еліміз. Кітап оқу мәдениеті хақында әңгіме бола қалса, баяғы қой соңында қонышына кітабын тығып жүріп оқитын әкелерімізді еске аламыз. Сол кездегі астанамыз Алматыда жаңадан жарық көрген жыр жинағын Атыраудың қиыр шетіндегі ауылдан көп өтпей сатып алуға болатын жүйеге таңдай қағамыз. Сөйтеміз де, кешегі бұқараның мерзімді басылым мен көркем туындыларға құмартуын бүгінгідей сананы сансыратып, уақытты ұрлайтын әлеуметтік желі жоқ екенімен байланыстырып, түрлі дәйекті алға тартамыз. Қалай десек те, кеңестік кезеңде елдің кітапты жата-жастана оқығанын ешкім жоққа шығара алмайды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі нарықтық қоғам осы бір игі дәстүрді үзіп, оқырмандардың талғам таразысы құлдырады. Баяғыда ең азы отыз мың данамен жарық көретін кітаптар бір-екі мың таралыммен кітапханаларға түссе қуанатын болдық. Ендеше, өтпелі кезеңнің өткелінде бала-шағасының киімін көк етем деп, нан табу мен жан бағудың қамыты қылша мойнын қажаған қарашаны «оқымайды» деп кінәлауға хақымыз бар ма? Осылай кітап оқу мәдениетінен біржола айырылып қала жаздадық.
«Кітапты оқымау – оны өртегеннен де ауыр қылмыс», дейді Рэй Брэдбери. Оқымайын дегеніміз жоқ, қарапайым оқырманның үйіне кітап тіке жетпейтін, баспалар мемлекеттік тапсырыспен қана кітап шығарып, ол кітапханаларға ғана тарайтын заманды бастан кештік. Құдайға шүкір, осы бір сең кейінгі бес-он жылда біржола бұзылды. Кітап оқу тұлғаның интеллектуалдық тұрғыда дамуының негізі екенін қоғам жете түсініп, бір кездері шетелдік өнімдермен сықасып тұратын кітап дүкендерін қазақтілді туындылар жаулай бастады. Әлеуметтік желі арқылы кітабын мыңдап сататын қаламгерлер көбейді. Мемлекет һәм қоғамдық ұйымдар да түрлі әдеби байқау ұйымдастырып, әдебиеттің қазаны бұрқ-сарқ қайнап жататын болды. Қазір тіпті кітапқа деген құлшыныстың артқаны соншалық, кей ата-аналар оқу мәдениетін отбасынан бастап қалыптастыруды қолға алып, балаларының кітап оқуы үшін түрлі айла жасап жатқанын жиі естиміз. Ұрпағына ақы төлеп болсын көркем туынды оқытқысы келетін әке-шешелерді, кітап оқып ой-өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байытып, сыни ойлау қабілетін дамытқысы келетін сансыз ұрпақты көрген кезде риза боласыз. Бұл үрдіс ұлттың келешегіне деген сенімді күшейте түсерін көзіміз көрді.
Содан да болар, халық таңдаулы авторларды анықтау мақсатында ұйымдастырылған eGov порталындағы сауалнамаға белсене қатысты. Ресми деректерге сенсек, үш айға созылған сауалнамаға 100 мыңнан аса оқырман дауыс беріпті. Яғни дәл қазіргі қазақ қоғамында 100 мыңнан аса халық жұрт болып таңдаған 100 авторды іздеп жүріп оқуға дайын деген сөз. Бірақ осы жүз мың оқырман әлгі тізімдегі авторлардың туындыларын кітапханаға барып оқуға мәжбүр екенін айтпасқа болмайды. Өйткені Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Бердібек Соқпақбаев, Бауыржан Момышұлы сынды жиырмаға жуық автордан басқаларының кітабын кітап дүкендерінен, яки баспалардан сатып алу мүмкін емес. Демек, Мемлекет басшысы айтқан «Оқитын ұлтқа» айналу үшін ел боп таңдаған әдебиеттің жауһарларын көп таралыммен шығарып, оның кітап дүкендерінде сатылу ісін жүйелеу керек деген сөз. Бұл – бір. Екіншіден, жүз кітап жобасы аясында таңдалған шығармалар кітап клубтарында талданып, насихатталуға тиіс. Сонда ғана «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, әдеби мұраларымызды қайтадан жаңғыртудың жарқын үлгісі болар еді. Үшіншіден, сауалнама анықтаған авторлар туындыларының аудио нұсқаларын шаммен іздесеңіз таппайсыз. Оны оқып, интернет тораптарына жүктеуімізге не кедергі? Төртіншіден, әр отбасының төрінде ең азында осы таңдаулы жүз кітап тұруы керек емес пе? Айта берсе, арман көп. Қысқарта айтқанда, оқитын ұлтқа айналар жұрт сауалнама жүргізіп, авторларды анықтаумен ғана шектелмей, игі бастаманы әрі қарай дамытып әкетуге тиіс. Ол үдеден шыға алдық па? Бізді осы сұрақ мазалайды?