Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Былтыр аталған институт ғалымдарының «Түсті металлургияның сапасы сәйкес келмейтін шикізатынан маркалы селенді өндіру және экологиялық қауіпсіз вакуумдық-температуралық технологияны әзірлеу және өндірісті ұйымдастыру» тақырыбындағы жұмысы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Шындығында, институт ғалымдары түсті, асыл, сирек және сирек жер металдары металлургиясы, минералдық және техногендік шикізатты байыту бағытында іргелі және қолданбалы зерттеулердің қуатты ғылыми мектебін қалыптастырды.
Металлургия және кен байыту институтының бас директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдәулет Кенжалиевтің айтуынша, өзі басқарып отырған ғылыми мекеме сексен жылдық тарихында отандық ғылымның зияткерлік әлеуетін анық көрсеткен. Өйткені бұл институт – қазіргі таңда сирек және сирек жер металдарын кешенді өңдеу, жаңа функционалдық қорытпалар мен материалдар жасау, жоғары технологиялық металлургиялық үдерістерді дамыту бағытында еліміздегі жетекші ғылыми зерттеу орталығының бірі саналады. Ал әлемдік нарықта стратегиялық маңызға ие металдарға сұраныстың артуы институтта жүзеге асып жатқан зерттеулердің өзектілігін одан әрі күшейтіп отыр.
Әлемде зерттелген сирек жер металдарының қоры шамамен 132 млн тоннаны құрайды. Ал сирек жер металдарының 90 пайызы Қытай, АҚШ және Аустралияда өндіріледі. Сондай-ақ мұндай елеулі ресурстар Вьетнам, Бразилия, Ресей және Үндістанда да бар. Қытай бүгінде сирек жер металдары өндірісінің әлемдік көшбасшысына айналды. Оның үлесіне әлемдік сирек жер металдары өндірісінің – 60, өңдеу қуатының – 85, сирек жер металдары негізіндегі жоғары берік тұрақты магниттердің 90 пайыздан астамы тиесілі. Ал елімізде сирек кездесетін металдардың 10-нан аса ірі кен орны бар. Әлемдік тұтыну динамикасы көрсеткендей, 2028 жылға қарай сирек жер металдарына сұраныс жылына 8 пайызды құрап, орташа өсіммен 420 мың тоннаға жетуі мүмкін. Сұраныс пен бастапқы ресурстар қоры арасындағы алшақтықты азайту мақсатында сирек жер металдарын жаңа шикізат көздерінен алуға қатысты зерттеулерді күшейту қажет. Осыған орай институт ірі ғылыми зерттеу бағытындағы жобаларды жетілдіру үстінде.
«Бүгінге дейін еліміздің жерасты қазба байлығы шикізат күйінде шетелдерге кетті. Ендгі кезекте Мемлекет басшысының өңдеу саласын дамытуға байланысты тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында мұнай-газ, тау-кен, металлургия, машина жасау, ғарыш саласына керекті композитті материалдар шығару өндірісін дамытатын кез келді. Біздің еліміз барланған қорлар мен түсті металдар өндіру көлемі бойынша әлемнің алғашқы ондығына кіреді. Бұл позиция металлургия өндірісін ұзақ жыл жетекші звеноға айналдыра алады. Осыған дейін түсті металдар шетелге өңдеу мақсатында жіберіліп келді. Сондықтан 4-ші және 5-ші қайта бөлу кәсіпорындарын дамыта отырып, шикізаттық емес секторды дамытуға күш салуға тиіспіз», дейді Б.Кенжалиев.
2023 жылы Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Металлургия және байыту институты мен Кореяның өнеркәсіптік технологиялар институты ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы мақсатта өзара білім мен тәжірибе алмаса отырып, елімізде жоғары температуралы реакцияларға қабілетті сирек металдар мен жоғары сапалы өнеркәсіп өнімдерін өндіру технологияларының «Center for High-Temperature/Reactive Rare Metal Materials and High-Quality Industrial Products Technology» ғылыми орталығын ашу туралы келісім жасалды. Екі елге де септігін тигізетін озық тәжірибелер мен технологияларды әзірлеуді мақсат ете отырып, сирек металдарды Корей елінде шығатын материалдар мен бөлшектерді өндіру технологияларымен үйлестіре отырып, металл қорыту нәтижесінде алынған әзірлемелерді коммерцияландыруға бағытталып отыр. Бұл бастама ғылыми зерттеулерді тереңдетуге, жаңа технологияларды трансферлеуге және бәсекеге қабілетті жас ғалымдар мен жоғары білікті кадрлар даярлауға серпін береді.
Қазіргі таңда институттың ғылыми жаңалықтары металлургиялық үдерістер теориясын дамытуға негіз болып, еліміз бен шетел кәсіпорындарында енгізілген бірегей әрі тиімді технологиялардың қолданысына жол ашты. Ғалымдар әзірлеген мыс, алтын, қалайы, алюминий, галлий, ванадий, рений, селен өндіру технологиялары Балқаш мыс балқыту зауыты, Павлодар алюминий зауыты, Ертіс полиметалл комбинаты, «KAZ Minerals», «Kazakhmys Smelting», «Алтынтау Көкшетау» және өзге де ірі өндіріс орындарында тиімді қолданылып жатыр. «Kazakhmys Progress» кәсіпорнында Калдо пешінің шлак өңдеу және шикі селенді рафинациялау цехы іске қосылды.
Бүгінде институтта 142 ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар институт ғалымдарының зияткерлік әлеуеті де жоғары. Оған мына көрсеткіштер дәлел: 2 мыңнан аса өнертабыс тіркеліп, 25 елден 67 патент алынған. Мексика, Боливия, Испания, Аустралия, Италия, Германия, Швейцария компанияларымен мыс өндіру, қалайыны рафинадтау, галлий мен ванадий алу технологиялары бойынша 12 лицензиялық, Жапония, Швейцария, Германия, Бельгия және Италия фирмаларымен галлиймен қамтамасыз ету үшін 6 опциялық келісім жасалған.
Қазіргі таңда да институт ғалымдары металлургия саласын жаңа деңгейге көтеру бағытында тың зерттеулерді іске асырып жатыр.
АЛМАТЫ