Медицина • 13 Қараша, 2017

«Француз Альянсы» ашылды

482 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Франция сауда және экономикалық әріптестік жөнінен бесінші орында келеді. Осыған байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэмен кездесті.  

«Француз Альянсы» ашылды

«Қазақ­стан негізінен мұнай, металл мен металл өнімдерін, химиялық өнімдер, ауыл шаруашылығы азық-түлігін экспорттауда. Ал Франциядан мем­лекетіміз электронды және меха­ни­калық жабдықтар, тұтынушылық тауарлар, дәрі-дәрмек пен косметика, автокөліктер, тағам өнімдері мен құ­рылыс материалдарын импорттайды. Францияның Қазақстан экономикасына 2005 жылдан бастап 2016 жылдың жартысына дейін құйған қаржысы 12,7 млрд долларды құрады. Біздің елімізде француз капиталы бар 135 кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың арасында «Тоталь», «Арева», «Данон», «Викат», «Пежо», «Альстом» және басқа да компаниялар бар», деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жүздесу барысында.
Француз елшісі Филипп Мар­тинэ ОҚО мен Франция ай­мақтары ара­сындағы өзара тиім­ді сауда-эконо­микалық, инвес­тициялық, сондай-ақ мә­дени-гума­нитарлық әріптестікті дамы­тудың әлеуеті зор екенін айтты.
«Екі ел арасындағы іскерлік қа­рым-қатынасты одан әрі дамыту мақ­сатында біздің аймақтар арасында им­порт және экспорт көп салаларды анық­тау бағытында бірге жұмыс жасауды ұсынамын. Сол салалар бойынша біріккен жаңа өндіріс орындарын ашуға болады деп ойлаймын. Біз өзара әріп­тес­тігімізді ұзақ мерзімге жал­ғас­тыруға сенеміз», деді ол.
Франция бүгінгі таңда дамыған индустриалды-аграрлы ел саналады. Бұл ел өндірістік өнеркәсіп көлемі бойынша әлемде алдыңғы қатарда келеді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің машина жасау, автокөлік жасау, электр-техникалық және электронды өндіріс, авиация, кеме және станоктар жасау секілді салалары жақсы дамыған. Сондай-ақ Франция әлемдегі ең ірі химиялық және мұнай химиялық өнімдер, қара және түсті металл шығарушы мемлекеттің бірі саналады.
Бұдан кейін екі тарап Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қа­зақ­стан мем­ле­кеттік универ­си­тетінде «Француз Альян­сының» ашылу салтанатына қатысты. Аталған ұйым әлемде 1883 жылдан бері жұмыс жасайды. 800-ден астам өкілдігі бар. Осы арқылы француз тілі мен дәс­түрін, мәдениетін насихаттап келеді. 
Айтулы жиынға Париждегі «Француз Альянсы» қорының өкілі Беккер ханым арнайы келді.
Мамандардың айтуынша, екі ел арасындағы мәдени-әдеби байланыс­тары мен лингвистикалық және ғылыми қарым-қатынасты нығайтуға бұл Алянстың ықпалы жақсы болады деп күті­луде. 

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы