Қазақстан • 13 Қараша, 2017

«AQMOL» сауда желісінің тұсауы кесілді

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде елорданың Қошқарбаев пен Жұмабаев көшелерінің қиылысында орналасқан «Нұр Аспан» тұрғын үй кешенінде Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен «AQMOL» сауда үйінің тұсауы салтанатты жағдайда кесілді. Бұл – Астананы азық-түлік белдеуімен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында жүзеге асып отырған бірден-бір жоба. 

«AQMOL» сауда желісінің тұсауы кесілді

Жаңадан ашылған аумағы 240 шаршы метрді құрайтын «AQMOL» сауда үйінің сөре­лерінде 7700 тауар түрі самсап тұрса, соның 500-дейі – ақмо­ла­лық тауар өндірушілердің өнімі. Енді күнбе-күн ет пен сүт өнімдерінен өзге кондитер тағамдары, бал және өзге де үлкен сұранысқа ие азық-түлік түрлері жеткізіліп тұрады. Бағасы да қаладағы дүкендердегі орташа көрсеткіштен 10-15 пайызға арзан болады деп күтілуде. Жаңадан алынған әрі ешқандай делдалдарсыз тікелей ауыл шаруашылығы өнім өн­ді­рушілермен жеткізілетін азық-түлік өнімдеріне бағаның төмен болуы да сондықтан болса керек.

Өңір басшысының мәлі­ме­тіне қарағанда, азық-түлікпен қамтамасыз ету жобасын қар­жы­ландыру мақсатында жаңадан құрылған «AQMOL» ЖШС жар­ғысының 40 пайыздық үлесі «Есіл» ӘКК» АҚ-қа тиесілі болса, қалған бөлігі ірі саналатын ақмолалық өнім өндірушілердің еншісінде. Атап көрсеткенде, олардың ішінде «Родина» Агрофирмасы» ЖШС, «Ижевск» ӨК, «Астана Агро Продукт», «CAPITAL PROJECTS LTD», «Гормолзавод», «Айна» сауда үйі» және өзге де кәсіпорындар бар. Уақыт өте келе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы серіктестік жарғылық қорынан шығып, сауда дүкендері ақмолалық өнім өндірушілердің құзырына өтетін болады. Жалпы, жыл соңына дейін аумағы 200-ден 500 шаршы метр аралығындағы 3 дүкен ашылса, келесі жылы тағы осындай 10 сауда нүктесі іске қосылады деп күтілуде. 

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин «AQMOL» ЖШС-не неге тек 10 ірі кәсіпорын ғана кіріп отыруына қатысты сауалдың да жауабын айтты. «Бізде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер қатары өте көп. Бастапқы кезеңде үздіксіз әрі кепілді түрде азық-түлік өнімдерін жеткізіп тұратын он ірі кәсіпорынды әдейі таңдадық. Оларды тұрғындар жақсы біледі», деді Мәлік Кеңесбайұлы. Реті келгенде облыс әкімі елорданың азық-түлік белдеуін және тұтыну рыногын дамыту бүгінгі таңда Елбасы негіздеген маңызды міндет екендігін атай кетті. Астананы азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасына сәйкес Ақмола облысындағы 17 ауданның шаруашылықтары елордаға ұн, жұмыртқа, картоп, ет және өзге де өнімдерді үзіліссіз жеткізіп келеді. Қазіргі таңда бағдарлама аясында бағаға ықпал ету, сақтауға кететін шығындарды бақылау сияқты мүмкіндіктерді қамтитын кооперация негізіндегі біртұтас орталық құру жөнінде кешенді шаралар қарастырылуда. Нақты айтқанда, Астана қаласын азық-түлікпен үзіліссіз қамтамасыз ету үшін Ақмола облысы тау­ар өндірушілерінің көтерме-та­ра­ту орталығын ашу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде қала тұр­ғын­дарын сапалы азық-түлік өнім­дерімен қамтамасыз ету мәсе­лесін толық шешетін болады.

Ең бастысы, тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қам­тамасыз етуді жақсартуға игі ықпалын тигізетін жаңа жұмыс орындары құрылады және бюд­жетке қосымша салықтық түсімдердің түсуіне оң әсер етеді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы