Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр.
Әсіресе, қазақ тілін біртіндеп латын графикасына ауыстыру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның қасиетті жерлері», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстаның жаңа 100 тұлғасы» атты Елбасының қоғамдық сананы жаңғыртуға қатысты ұсынған жобаларының маңыздылығы айырықша.
Мемлекет басшысы рухани жаңғыруға қатысты ұстанымдары әскери салада да, яғни Ұлттық ұлан әскерлері тарапынан бірауыздан қолдау тауып, ұлттың кемелденіп дамуына әсер етуші ең маңызды фактор ретінде бағаланды.
Елбасымыздың өз мақаласында айтылғандай «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бүгінгі замандастарымыздың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеуді қамтамасыз етеді және жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болады. Бұл тапсырмалар мемлекеттің және азаматтық қоғамның барлық идеологиялық жұмысының орта мерзімді перспективадағы негізі болады.
Осы орайда «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы аясында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың бастамасымен біздің әскерде осындай тектес «Ұлттық ұланның 100 жаңа тұлғасы» жобасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.
Атап айту керек, аталған жоба Ұлттық ұланның әр әскери бөлімін қамтиды. Әскери бөлімшелер қолбасшылығы, әскер ардагерлері және әскери қоғамдық ұйымдар өкілдерінен тұратын комиссия құрамы лайықты деген үміткерлерді олардың сіңірген еңбектері, қызметтік-жауынгерлік әрекеттегі жетістіктері және мемлекеттік наградаларды иеленуіне қарай бағалайды.
Сондай-ақ Көшбасшымыз өзінің аталмыш тұғырнамасында «Туған жер» жобасына да ерекше басымдық беріп отыр. Отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтты.
Мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасының мәнін түсіндіре келіп білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына назар аударды. Осы орайда әскерімізде, мемлекеттіқ-құқықтық сабағында туған жердің тарихын оқыту ісіне назар аударады.
Өлкетану арқылы жауынгерлерді, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің бір жолы – туған аймақтың археологиялық ескерткіштерімен таныстыру. Әрбір жауынгер өзінің кіші Отаны – туған аймағында тарихтан қалған қандай жәдігерлер барын, олардың мән-маңызын білгенде ғана туған өлке тарихын білуге, құрметтеуге деген сезімі оянады. Әскери қызметшілерді осындай тарихи-мәдени мұражайларға апарып, ел мен жер тарихына деген сезімдерін ояту маңызды істердің бірі. Осындай бағытта тәлім-тәрбие алған әскери кызметшілер әсіресе жас сарбаздар әрі қарайғы азаматтық өмірінде елі мен жерінің тарихын білуде, насихаттауда және құрметтеуде бейтарап қалмайды.
Елбасы туған жердің тарихын тек мектепте оқытумен шектелмей, «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға мемлекеттік қызметкерлерді, кәсіпкерлерді, зиялы қауымды, жастарды жұмылдыруды тапсырды. Сондай-ақ, бұл жұмыс жергілікті билік өкілдерінің міндеті екенін көрсетіп берді. Бұрын өлкетанушылық жұмыстар негізінен мектепке жүктеліп және жекелеген өлкетанушы адамдардың үлесіне тисе енді, Президент мұндай маңызды іске бүкіл ел, барлық қауым болып қатысуға шақырып отыр.
Ендеше, жарқын болашаққа бағдар ретінде «Батыс» өңірліқ қолбасшылығының жеке құрамы, жас сарбаздарымыз Елбасының осы тапсырмасын өздерінің алға қойған өмірлік мақсаттарына енгізе отырып, еліміздің рухани тұрғыдан дамып, интеллектуалдық дәрежесінің жоғарылауына үлесін қосады деген сенімдемін.Ең бастысы – бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын.
Әлібек СЕРӘЛИЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерлерінің «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор
ОРАЛ