Бұл орайда өңірімізде көптеген игі шаралар жүзеге асуда. «Туған жерге туыңды тік!» атты жастар форумы, Қарасай ауданындағы «Батыр бабалар» мемориалды кешенінің ашылуы осының дәлелі десек те болады. Жетісулықтар үшін тарихи күнде театр ұжымы да қалыс қалмай, «Бабалар аманаты» атты театрландырылған көріністі көпшілік назарына ұсынған еді. Патриотизм ұғымын ұлғайтуға бағытталған бұл «Туған жер» бағдарламасы болашақтың іргесін қалар әрбір жас ұрпаққа биік рух, соны серпін, жаңа белес беретіні хақ. Себебі, бұл бағдарлама төл тарихымызды да, руханиятымызды да кеңінен қамтиды емес пе? Демек, елім, жерім, Отаным деген жас қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуына бір қадам жақындата түспек.
Сондай-ақ мақалада «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» делінген. Бүгінгі таңда халқымыздың рухани кемелденуі мен мәдени өсуіне ықпал етер, тарихымыз бен болмысымыздан сыр шертер өнер шаңырағы театр мен оның бөлінбес бөлшегі актерлердің қоғамдағы рөлі зор. Неміс актері әрі театр режиссері М.Тальхаймер «Егер қоғамда жара болып жатса, оны театр емдеуге, не бәрі жақсы болады деп сендіруге тиісті емес, театр сол жақты саусағымен нұсқап көрсетуі керек. Сонда ғана қоғам алдындағы парызы өтеледі», деген екен.
Биыл көрермендерімізге арнап А.Ықсанның қаламынан туындаған «Хақ жолы» атты әлеуметтік драманы ұсындық. Айта кетерлігі бұл театрымызда сахналанған діни экстремизм мен терроризм тақырыбын қамтыған алғашқы туынды болды. Жетісу жұртшылығына ұсынылған әлеуметтік драмада бүгінде күллі әлем халқы үшін бас ауруы болып отырған теріс діни ағымдар мәселесі көтерілді. Мұсылман мен кәпірлердің арасындағы тартыс, қарапайым қазақ отбасындағы жас жеткіншектердің түрлі діни ағымдардың жетегінде кетуі, сонымен қатар бұл оқиғаның өкінішке қарай қоғамдық дертке айналып келе жатқандығы анық көрсетіледі. Бір қуанарлығы, өзекті мәселені қаузаған спектаклді – тек қала жұртшылығы ғана тамашалаған жоқ. Труппа Алматы облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Рухани керуен» жобасы аясында облысымызға қарасты 25 елдімекенді аралап келді. Ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың арасы қас-қағым сәт екені белгілі. Осы жағдайлардың тамырын дөп басқан қойылым арқылы қаншама жастарымыз көкейінде жүрген сауалға тұшымды жауап алып, дәстүрлі және дәстүрлі емес діни ағымдардың аражігін ажыратқанына сенімдіміз.
Біздің бұл қарқынмен тоқтап қалмасымыз анық. Жаңа маусымға жаңа қойылымдар дайындадық. Бүгінгі таңда Елбасымыздың тікелей қолдауымен, облыс басшыларының бастамасымен үш қабатты, 510 орынды жаңа театр ғимаратының құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Алдағы жылы заман талабына сай жабдықталған, сәулеті келіскен сарайда көрермендерімізбен қауышатын күнді асыға күтудеміз.
Ғалия ТЕМЕРБАЕВА,
Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры