«Жоспарланған 37 көп қабатты тұрғын үйдің 29-ның құрылысы аяқталды. Қалғандары жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов.
Келер жылға жүктеліп отырған міндет те аз емес. Қаладағы «Нұрсая», «Береке» шағын аудандары тағы да 43 тұрғын үймен толығады. Облыс орталығы маңында орналасқан Талғайраң, Ақжар ауылдарында жаңа шағын аудандар бой көтермек. Қазір осыған байланысты 361,78 га жер телімі игеріліп жатыр.
Облыстың бас құрылысшысы атыраулықтардың «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сұранысы жоғары екенін айтады. Бүгінге дейін 68 отбасы ипотекалық қарыздарды субсидиялайтын жаңа бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткізіпті. «Жыл соңына дейін тағы да жеті отбасы жаңа пәтер кілтін алады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2016 жылдан бері коммерциялық банктердегі ипотекалық қарызды субсидиялау науқаны басталған еді. Субсидияланатын қарыз көлемі – 10 пайыз, қалған бөлігін Қазақстан ипотекалық компаниясы төлейді. Бағдарламаның тиімді шарттары тұрғындардың көңілдерінен шығуда» дейді «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-тың Атырау аймақтық бөлімшесінің директоры Əлімжан Дабысов.
Сондай-ақ əлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға несиелік жəне жалға берілетін мың жарым пəтер салу жоспарланған. Мұнайлы аймақтағы құрылыстың қарқыны жоғары екенін салынып жатқан 10 мектеп, 13 балабақша, 3 денсаулық сақтау нысаны, 11 мәдениет үйі, 4 спорт кешенінен де байқауға болады. Алдағы уақытта аудандарда 10 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады. Сонымен қатар «Атырау облысы Жайық өзенінің суын молайту және гидрологиялық режімін жақсарту» жобасы бойынша жұмыстар аяқталуда. Жайық және Қиғаш өзендерін суландыру бойынша жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, жергілікті бюджеттен жұмысты бастауға қаржы бөлінді.
Ал облыс орталығындағы құрылысы тоқтап қалған концерт залын аквапаркке айналдыру жайлы инвесторлардан ұсыныс түскен. Жүзеге асып кетсе, қабырғалары ғана қаланып, қаңырап тұрған ғимараттың сәні кірер еді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ