«Жетісумен» егіз қозыдай қатар келе жатқан «Огни Алатау» газеті де ғасыр тойын тойлауға әзірленіп жүр. Қайда барса да жұбы жазылмай қатар қонатын, редакциясы ылғи да көрші орналасатын екі басылым осы аптада 500 миллионыншы данасын жарыса жарыққа шығарды. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінде кезекті брифинг өтті.
Екі газет те бүгіндері «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайды. Басқосудың алғашқы сөзін «Өлке тынысының» директоры Мейрам Жанәділов алды.
– Қос басылым алдағы жылы ғасырлық тойын тойлайды. Оны тарихи оқиға деп есептесек, 500 миллионыншы данасын оқырманға жолдаудың өзі де айтулы сәт емес пе? Бұл – біздердің пешенемізге жазылған бақыт. Осы мерейтойға байланысты Журналистер үйі мен «Жастар» спорт кешені арасында журналистер аллеясын ашу көзделіп отыр, – деді серіктестік басшысы.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін өз кезегінде:
– Біздің газеттің бастауы 1918 жылдың 21 маусымынан басталады. Ақпан төңкерісінен кейін ел ішінде дүрбелең басталып, алашапқын шақ орнады. Дәл сол кезеңдерде большевиктер тез арада өздерінің үкімін, насихатын жүргізу үшін «Жетісу ісші халық мұқбыры» газетін ашты. Бұл газет шын мәнінде халықтың құқығын қорғады, – деп басылымның тарихына тоқталды. Және 100 жылдық мерейтой барысында ұйымдастырылатын іс-шаралар жайын сөз етті. – Шын мәнінде бұл біздің және облыс әкімі Амандық Баталовтың пешенесіне жазылған бақ. Тарихи тойдан күтеріміз көп. Газеттің тарихы, естеліктер мен қызмет еткен қаламгерлердің шығармашылығы топтастырылған «Ғасыр ғұмыр» атты кітап шығару ең бірінші кезекте тұр. Оған қоса «100 жылға – 100 шара» айдарымен 100 игі шара ұйымдастырамыз. Осы орайда айта кету керек, ұжым 2-3 жылдың ішінде жалынды жастармен толықты. Біз жастарды ата басылымда жемісті қызмет етуі үшін баспанамен қамтуды ойластырудамыз. Мұны облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының да құптары анық. Ғасырлық той қарсаңында екі газет 20 пәтердің кілтіне ие болады деп үміттенеміз.
«Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов:
– Осы уақытқа дейін 42 редактор басшылық еткен, әр жылдары түрлі атаумен оқырманға жол тартқан газет 1964 жылдан бастап «Огни Алатау» атауына ие болды. Басылым орыс тілінде жарық көргенімен, атамұра мен ұлттық құндылықтарды құнттап, салт-дәстүрді насихаттап, мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатуда жемісті еңбек етіп келе жатыр. Өз басым басшы ретінде журналистің қос тілді жетік білгенін жөн көремін, – дейді.
Бір замандарда аптасына 5 рет шығып тұрған, тәуелсіздік жылдарынан бері аптасына 3 мәрте елге жол тартатын газеттердің таралымы 200 мыңға дейін жеткен кезі болыпты. Мұндай газеттің тарихы да осал болмаса керек. Әзірге дайындық есебінде, 100 жылдықтың тоқымқағары ретінде ұйымдастырылған шараның басты себебі – жоғарыда айтқан атаулы нөмірдің жарыққа шығуы. Басқосу соңында газеттің 500 миллионыншы данасына басылым басшылары қолтаңба қойып, жиылған жұртқа үлестірді.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы