Қазақстан • 14 Қараша, 2017

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне 100 жыл толды

2189 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жүз жыл! Ғасырмен астасқан осы бір уақыт өлшеміне ой жүгіртіп көрейікші. Не болып, не өтпеді?! Тарих талайы ХХ ғасырды өзгерістен де, төңкерістен де, қуғын-сүргіннен де, қанды қырғыннан да, тоңы қалың тоқыраудан да, қарық қылар нарықтан да кенде қылған жоқ. 

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне 100 жыл толды

Ең бастысы, ата-баба аңсаған азаттықтың арайлы ақ таңы – тәуелсіздігімізге де сол ХХ ғасырда қол жеткіздік. Аумалы-төкпелі осы ғасырлар толқынында «мың өліп, мың тіріліп» келе жатқан қазақтың талайлы тағдырынан жүз жылдық шежіресі бар санаулы қазақ газеттері шет қалған жоқ. Соның бірі – Арқаның үні – Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті. Біз газет ұжымын құттықтай отырып, осы мақаланы ұсынамыз.

Ежелгі Ақмола облысы қазақ жұ­р­ты­ның қызығына сүйсініп, барына балаша қуанған, жар сала жазып, жа­лықпай жырлаған, кемшілігіне күй­ініп, уайым-қайғысын қабырғасы қа­қырай бөліскен, елім деп таң атырып, жерім деп күнін батырған, тілім деп күңіренген, дәстүрім деп тебіренген, елдігіміздің ділі, қазақшылығымыздың қара діңгегі Сәкен Сейфуллин негізін қалаған «Тіршіліктен» бастау алып, «Арқа ажарына» жалғасқан осы жалғыз басылым болатын.

Бүгін, міне, ғасырлар тоғысында Ақмола өңірінің шежіресін сомдаған сол басылымның жүз жылдық мерейтойы. Егер газет тарихына тереңірек ден қоятын болсақ, «Арқа ажары» газетінің мерейтойы биыл емес, келесі жылы және ғасырлық емес, тоқсан жылдық мерекесі тойлануға тиіс еді. Себебі ресми түрде 1978 жылы Ақмола (Целиноград) облыстық «Коммунизм нұры» («Арқа ажары») газетінің 50 жылдығы аталып өтіліп, газет КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының Жарлығымен Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған болатын. Газеттің 50 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында осы орденді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі пре­зидиумының төрағасы Исатай Әбдікәрімовтің сол кездегі газеттің бас ре­дакторы Әмірғали Нүркішевке тап­сы­р­ғанына куә болған едік.

Ендеше газет тарихының бірден 11 жылға ұзарып, 1997 жылы ресми түрде 80 жылдығының аталып өтілуінің сыры неде? «Арқа ажары» газетінің ше­жіресіндегі көпшілік біле бер­мей­тін осы бір тағдыршешті оқи­ғаны басылымның 100 жылдық мерей­тойы қарсаңында ашық жария ету­ді өзі­мнің азаматтық парызым деп есеп­тей­мін.

1997 жылдың басында «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, қабырғалы қаламгер Жомарт Әбдіхалық мені (ол кезде осы басылымда бас редактордың орынбасары қызметін атқаратын едім) және газеттің жауапты хатшысы, білікті журналист Бәдуан Имашты өзінің бөлмесіне шақырып алып, тосын ұсыныс айтты: «Келесі жылы біздің газетіміздің 70 жылдық мерейтойы екенін білесіздер. Енді біз барлық мүмкіндігімізді жұмылдырып, биылғы жылы күзде газетіміздің 80 жылдық мерекесін атап өтуіміз керек. Себебі  Арқа өңіріндегі қазақ баспасөзінің бастауы «Жаңа Арқа» газеті емес, «Тіршілік» газеті. Сондықтан біз бүгінгі «Арқа ажары» газетінің шежіресін «Тіршіліктен» бастауымыз керек», деді Жөкең ойлы көкшіл көздерін ал­дын­дағы газетке қадап, аққұба жүзі сәл күреңітіп. «Қалай дәлелдейміз?», дедім мен сәлден кейін үнсіздікті бұ­зып, тосын ұсынысты тосырқай қа­былдағандай.

Осы ретте мәселенің мәнін қысқаша түсіндіріп өтсек, артық болмас. Сол уақытқа дейін ресми түрде «Арқа ажары» газетінің шежіресі 1928 жылы құрылған Ақмола округінің органы ретінде сол жылдың 21 қыркүйегінде шыға бастаған «Жаңа Арқа» газетінен бастау алып келді. 1978 жылы газеттің жарты ғасырлық мерейтойын атап өтер қарсаңында Әнуар Ипмағамбетов, Әмірғали Нүркішов, Рамазан Ахметов, Октябрь Әлібеков сияқты ағаларымыз газет шежіресін Ақмола қаласында 1917 жылы дауылпаз ақын Сәкен Сей­фуллиннің бастамашылығымен жа­рық көрген «Тіршілік» газетінен бас­тау үшін барын салып бақты. Сол үшін Орынбор, Омбы қалаларының мұра­ғаттарына арнайы адам жіберіп, «Тір­шілік» газетінің бір данасын табуға ты­рыс­ты. Өкінішке қарай Сәкенің соңына шы­рақ алып түскен жандайшаптар ел санасынан ер есімін мәңгі өшіру үшін Сәкенге қатысты құжаттар мен деректерді түгел өртепті. Сол сұрапыл өрттің ішінде «Тіршілік» газетінің тігінділері де түгел жанып кеткен. 1978 жылы Кеңес өкіметінің бюрократтық қатаң тәртібі бір данасы да сақталмаған «Тіршіліктен» облыстық басылым шежіресін бастаудан бас тартты...

Сөйтіп 1997 жылы Жомарт Әбді­ха­лық­тың жетекшілігімен «Арқа ажары» газетінің тарихын «Тір­ші­лік­тен» тамыр тартқызуды көз­деген із­деністі жұмыс қайтадан бас­тау алды. Біз арнайы іссапармен Мәс­кеу, Алматы, Орынбор, Омбы қала­ларының мұрағаттарына адамдар жі­беріп, «Тіршілік» газетіне қатысты қандай да бір құжаттар мен деректер жинауға кірістік. Бұл ретте елімізге белгілі өлкетанушы, марқұм Клара Әмірқызының ерен еңбегін ерекше атап өту парыз. Клара апай Алматы, Омбы және Орынбор қалаларында апталап жүріп, мұрағаттардағы уақыт салмағымен сарғайған құжаттарды зерттеп, қажетті деректерді жинас­тыр­ды. Сонымен бірге тарихи әді­лет­тікті қалпына келтіріп, Арқа өңі­­ріндегі қазақ басылымдарының «Тір­ші­ліктен» тамыр тартатындығын дәлел­деуге барынша еңбек сіңірген қа­зақ баспасөзі тарихының білгір зерт­теушісі, Гуманитарлық ғылымдар ака­демиясының академигі, марқұм Үш­көлтай Субханбердина апамыздың жан­қиярлық қызметіне зор ілтипат біл­діреміз.

Тарихи ақтаңдақты анықтауға ар­налған жұмыстардың аяқталмауына бай­ланысты біз 1997 жылы да, 1998 жылы да газетіміздің кезекті мерей­тойын өткізе алмадық. Тек 1999 жыл­дың көктемінде Клара Әмірқызы мен Үшкөлтай Субханбердина апа­ла­рымыздың жинаған тарихи құ­жат­тары мен деректерінің хаттамасын және филология ғылымдарының док­торы, профессор Тұрсынбек Кә­кішев бастаған бір топ белгілі ға­лымдардың арнайы жазылған хатын алып, газеттің бас редакторы Жомарт Әбдіхалық Ақмола облысының сол кездегі әкімі Сергей Кулагиннің қабылдауында болды. Кейіннен облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен Ақмола облыстық мәслихатының осы мәселеге арналған арнайы сессиясы өткізілді. Онда «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Жомарт Әбдіхалық баяндама жасап, Ақмола облысындағы қазақ баспасөзі 1917 жылдың шілде айында Ақмолада жарық көре бастаған «Жас қазақ» ұйымының үні – «Тіршілік» газетінен бастау алатынын дәлелдеп шықты. Күн тәртібіндегі мәселе бо-
йынша облыстық мәслихаттың арнаулы қаулысы қабылданып, 1999 жылы 22 сәуірде, екі жыл кешігіп, «Арқа ажары» газетінің 80 жылдық мерейтойы салтанатты түрде атап өтілді. Міне, енді осы тарихи әділеттіліктің лайықты жалғасын тапқан үрдіс ретінде биыл, яғни 2017 жылы Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің 100 жылдық мерейтойы аталып өткелі отыр. Осы ретте тарихи әділеттілікті орнықтыру жолындағы игі істің бастамашысы болған марқұм Жомарт Әбдіхалықтың ерен еңбегі мен парасатты бейнесін құрметпен еске алу парыз.

Иә, Ақмола атырабындағы қазақтың төл тіліндегі басылым қай кезеңде де жалғыз жарымнан аса алған жоқ. Бірақ қай-қайсы болсын әр кезеңнің жаршысы, халқының мұң-мұқтажының жоқтаушысы, ұлттық мүддесінің шынайы жаршысы болғаны анық. Сонау ғасыр басында, яғни 1917 жылдың шілде айында алғашқы саны жарық көрген «Тіршілік» газеті де азаттық аңсаған ел арманын ту етті. Сазы мен сыры, сәні мен сымбаты Сарыарқаның салтанаты болған, елім, жерім, тілім деп тебіренген ақиық ақын Сәкен Сейфуллин бастауында тұрған басылымның басқаша сипатта болуы мүмкін де емес еді. Сон­дық­тан да қасиетті халқының тір­шіл­ік түй­ткілдерін ту еткен «Тіршілік­тен» бастау алған қазақ басылымдары елі мен жерінің тұтастығын айтар сөзінің темір­қазығына айналдырып, жарқын өмір, еркін егемендікке ұмтылған Сарыарқа даласының дабылшысы болды.

Асаудай тулаған замана толқын­да­рында уақыт құдіреті, саясат сал­қы­нымен «Тіршілік», «Жаңа Арқа», «Кол­хоз екпіндісі», «Ақмола екпіндісі», «Сталин туы», «Есіл правдасы», «Тың өл­кесі», «Коммунизм нұры», «Арқа ажары» болып атауы өзгергенімен, облыстық басылымның бұл негізгі алтын арқауы өзгерген жоқ. Өзгермек те емес. Бүгін біз «Арқа ажарының» осы ал­тын арқауын лайықты жалғастырып отырған көкшетаулық әріптестерімізді Ақмола облысы төл басылымының ғасырлық торқалы тойымен шын жү­рек­тен құттықтап, «Тіршіліктен» тамыр тартқан үрдістің баянды болуын ті­лейміз.