Халық түсінігінде шырағдан негізінен бөлмені жарықтандыру үшін қолданылатын зат. Сонымен қатар шырақ сөзі де ұлт ұғымында мәртебелі мағынаға ие. Тілектің ең жақсысы «Шырағың сөнбесін!» болуында да үлкен мән жатыр. Әрдайым тілегін жақсылықпен байланыстыратын, ісін игілікке балайтын халқымыз қашанда шырағының сөнбеуін тілеген. Сондықтан да ортағасырлық шеберлер сол дәуірдің болмысы мен мінезін бейнелейтін дүниелер жасап, ұрпағына аманат еткен.
Шырағдандардың тарихы ерте дәуірлерден бастау алады. Мәселен археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған түрлі кезеңдерді сипаттайтын шырағдандар бай тарихымыздан, өнегелі өткенімізден хабар береді. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тараз-2000» атты залында сақтаулы тұрған түрлі шырағдандардың материалдары мен жасалу үлгісі әртүрлі кезеңдерді қамтиды. Әсіресе қоладан және қыштан жасалған шырағдандар тарих тылсымына тартып, уақыт бедерін сипаттайды.
Киіз үй пішінді шырағдан 1964 жылы ежелгі Тараз қалашығынан табылған. Күйдірілген саздан жасалған шырағдан ІХ-Х ғасырларға жатады. Мұнда киіз үйдің тұрпаты, есігі, ораған жібі, түтін шығатын саңылауы секілді ерекшеліктердің бәрі де көрсетілген. Аталған жәдігер жөнінде облыстық тарихи-өлкетану музейі ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Жұлдыз Алманқұлованың айтуынша, бұл шырағдан сол кездегі қала тұрғындарының өз отауының отын сақтауға негізделген діни белгі болып есептеледі екен.
Мұнда негізінен шырағдандардың көптеген түрі сақталған. Соның ішінде аспалы сегіз тұмсықты шамға ерекше назар аударуға болады. ХІV ғасырға тиесілі бұл жәдігер бұрынғы көк базардың орнынан табылып, музей қорына тапсырылыпты. Ал зерттеуші мамандардың пікірінше, кішігірім шырақтар тұрмыста бөлмені жарықтандыру үшін қолданылған екен. Сонымен қатар ІХ-ХІІ ғасырларға жататын көптеген жәдігерлер төменгі Барысхан қалашығындағы қазба жұмыстары кезінде олжаланған. Олардың бір ерекшелігі, ортағасырлық қыштан жасалған шырақтар жасыл, сары, қызыл түстермен көмкеріліп, өткен дәуір мәдениеті мен өнерінен хабар беріп тұр.
Ал Х-ХІІІ ғасырлардың туындысы саналатын төрт немесе бес пілтелі қола шырағдандар да төменгі Барысхан маңынан табылған. Бұл жөнінде де біраз мәлімет білдік. «Қола шырақтарды тек ақсүйек, бақуатты отбасылар ғана пайдаланған. Себебі олардың жасалу техникасына қарай құны да жоғары болған деген болжам бар», дейді музейдің ғылыми-экспозициялық жұмыс және қорды есепке алу бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Мөлдір Қыздарбекова. Бір таңғаларлығы, кейбір шырақтар аңдық стильде жасалған. Яғни шырақтардың тұтқалары аңның құйрығын, ал табандары тұяқтарын еске түсіреді. Бұл жәдігерлерге қарап отырып, орта ғасырларда да қазақ жерінде сәулет өнерінің ерекше дамығанына көз жеткізуге болады.
Ал ежелгі Тараз қалашығынан табылған тұғырлы қола шырақтар діни салттар мен күнделікті тұрмыста қолданылған көрінеді. Мәселен, кейбір шырақтардың биіктігі бір метрге дейін жетеді. Аталған шырақтардың барлық бөліктері безендіріліп, өрнектермен және араб әріптерімен әшекейленген. Бұл дүниелер сол дәуірлерде де өңірде сәулет өнерімен қатар, жазу мәдениетінің де қалыптасқанын айғақтайды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы