Медицина • 15 Қараша, 2017

Заң лингвистикасы және терминдер

4225 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Соңғы деректерге сүйенсек, ширек ғасыр ішінде республикалық терминология комиссиясы 16000-ға жуық терминді мақұлдаған екен. Мұның 6024-і қазақ тілін­дегі атау­лар (37,8 пайыз) болса, 1987-сі – халықаралық қолда­ныс­тағы терминдер (12,8 па­йыз), ал 7952-сі – қазақша және шеттілдік тіркестер (49,9 па­йыз). (Ғ.Мелдешов, Тіл коми­теті төрағасының орынба­сары, «Егемен Қазақстан», 11 сәуір, 2017 ж.)  Демек жылына орта есеппен 665 термин ұлттық тіліміздің лингвистикалық қорына жаңа сапамен қосылып отырған. 

Заң лингвистикасы және терминдер

Ал мұның қаншасы заң терминдері мен терминдік заңи тұрақты тіркестер? Олардың қаншасы құқықтық норма тұрғысынан келгенде заң мәтіндерінде қан­дай­лық үйлесімде орныққан? Бұл мәселелер, міне, заңнама лингвистикасы қарастыратын практикалық проблемалардың бір парасы болып табылады. 

Заңнама лингвистикасы заң тер­миндерінің мемлекеттік тілде дұрыс түзілуінен, яғни оның лексикалық нормасының құқықтық нормамен өзара үйлесуінен басталуы тиіс. Заңның құқықтық мазмұнының түсінікті әрі нақты болуы да осыған байланысты. Белгілі бір атаудың түбірлік, ұғымдық негізіне ден қою арқылы заң терминінің ұлттық тіліміздегі баламасын жасау тәсілі заңнама лингвистикасының тер­ми­нологиялық сипатын бір қырынан таны­тады. Айталық «жекешелендіру» ұғымы экономиканың нарықтық қаты­насқа бейімделуіне орай, мемлекет мен­шігінде болып келген мүліктің, кәсіп­орындардың, әртүрлі саладағы кешен­дердің жекеменшікке өтуіне, жеке­шелендіруге байланысты енді. Осы «жекешелендіру» терминінің түп негізі латынның «приватим» деген сөзінен шыққан. Антикалық дәуір­де шәкіртті оқшаулап, жекеше оқыта­тын адамды «приват-доцент» деп ата­ған, демек бұл арада «приват» сөзі «жекеше» деген ұғымды беріп тұр.

Осыдан келіп заңи ұғымдалудың бір көрінісі ретінде жекешелендіруге қатыс­ты халықаралық қолданыстағы «при­ватизация» термині туған. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарындағы жекешелендіруге қатысты заңнамалық актілерге мемлекеттік тілде «жеке­шелен­діру» болып енген бұл термин өзі­нің заңи мәртебесін алып, ұлттық лек­си­камыздың қорына енді. Тағы бір мысал, «еншілес ұйым» («дочерняя организация»). Осы тіркестік термин­нің алғашқы «дочерняя» ұғымын негіз­гі ұйымнан бөлініп шыққан, бірақ сол ұйымның мүддесіне қызмет ететін ұйымның сипаттық белгісін ұлт­тық реңкпен, ұлттық мазмұнмен сөй­летудің жақсы да ұғынықты үлгісі – осы «еншілес» тер­миндік анықтамасы­на әбден сыйып тұрған жоқ па! Мұндай мысалдар қол­даныстағы заңнама мәтіндерінде аз емес. 

Сонымен қатар заңнама мәтін­дерінде «тұрақсыздық айыбы» немесе «тұрақсыздық айыппұлы» деген түсі­нік­сіздеу термин көптен бері орын алып келеді. Мұның орысша нұсқасы – «неустойка», ал құқықтық-нормалық анық­тамасы «штраф – айыппұл, пеня – өсімақы» екен. Қазақша мағынасы жол­ма-жол аударманың тәсілімен – «тұрақ­сыздық айыбы» деп алына сал­ған. Қандай «тұрақсыздық», ненің «тұрақ­сыздығы» және неге «айыбы» (былайша айт­қанда «кінәсі»). Құқықтық та, лек­си­калық-семантикалық та мағына бермейтін жай бір тіркес демеске лаж жоқ. Жоғарыда айтылған құқықтық-норма­лық анықтама­ға орай, бұл термин жал­ғыз ауыз-ақ сөзбен айтылатын «айыпақы» деген атауға әбден сұранып тұр, «өсімақымен» де шатастырмайсыз – осы си­пат­тағы норманы беретін термин – «айыпақы». 

Заң мәтіндерінде құқықтық фразе­маның қолданылу сипаты – заң­нама лингвистикасындағы тағы өзекті мәсе­ленің бірі екенін айтуымыз керек. Ұғым­дық мәні айқын, нормалық жүкте­месі нақты құқықтық фраземаның – мағы­налық ерекшелігін идомдық және мета­форалық сипаттағы жалпы фразеологизм семантикасымен шатастырмауымыз керек.

Мысалы, «қалың бұқара», «қара бұқара» деген фразеологиялық тіркестегі экспрессивтік-эмоционалдық реңкті заңда қолданылатын «халық» сөзіне – «қара» халық, «қалың» көпші­лік деп қолдану мүмкін бе?! Немесе қыл­мыстық заңнамада қолданы­ла­тын «қыл­мыстық іс қозғалу», «жауап­қа тартылу» тіркестерінің жалпы қол­даныстағы «істі болды», «істі болу» деген фразеологиялық тіркеспен мағыналық үйлестігі болғанымен, ортақ тиянақтылық белгісі жоқ. Сондықтан жалпы қолданыстағы фразеологиялық тіркесті заңның ресми тіліне көшіру әдетте құқық нақтылығын дұрыс бере алмайтындығын да ескеруіміз керек. 

Қолданысқа енген тұрақты тіркес­тердің құқық жүйесінде пайда болуы мен олардың функциялық ерекшелі­гіне қарай құжаттық іс жүргізу және құқықтық жүктемесі бар тіркестер деп екі топқа бөлуге болады.

Мысалы, құжаттық іс жүргізуге қа­тыс­ты тіркестер «құжаттамалық деректер», «талдау жүргізу», «жүзеге асыру», «іске асыру», «қорытынды жасау», «талап ету», «штат кестесі», «жұмыс өтілі», «бақылауға алу», «бекіту­ге ұсыну», «қарауға ұсыну», «тағы­лымдамадан өту», «жазбаша хабарлама», «жазбаша ұсыну», «жалпыға бірдей» және тағы басқа осы сияқты сипатта болатыны бел­гілі. Ал құқықтық жүктемеге ие тіркес­тердің санатына «жедел іздестіру», «сыбайлас жемқорлық», «мәжбүрлеу тәртібі», «құқықтық міндеттеме», «мәміле жасау», «келісімге келу», «бітімгершілік жасау», «келісім жасау», «талап қою мерзімі», «атқару парағы», «ортақ меншік», «жарғылық капитал», «жария шарт», «талап қою мерзімінің өтуі», «заңның қолданылу аясы», «заңды тұлға», «жеке тұлға» сияқты бүгінгі таңда заң мәтіндерінде орныққан толып жатқан тағы да басқа тұрақты тіркестерді жатқызуға болады. 

Бұдан басқа осы тұрақты тіркес­тердің құқықтық дәлдіктен, әдеби нормадан ауытқымауы басты шарт болуға тиіс. Мәселен, кейбір жағдайларда тұ­рақ­ты тіркестер мәтінде өз орнында тұр­маса немесе оның бір компоненті дұрыс алын­баса, қаралып отырған мәселенің нормасына нұқсан келеді, әйтпесе мағынасы мүлдем басқаша реңк алады. Мәселен, заң мәтіндерінде көп кездесетін «күнтізбелік бес (он, жиырма, т.б.) күн ішінде» деген тіркес бар, осыны заң жобасын әзірлеушілер «он күнтізбелік күн ішінде» деп орысша мәтінді жолма-жол аудара салады («в течении десяти календарных дней»). Бұл арада аудармашы қазақша сөйлемнің синтаксистік-грамматикалық түзілу ерекшелігін ескер­­мей, «он» деген сан есімді «күн­тізбе» сөзіне бағындырып отыр. Ал қазақ­­­ша сөйлемнің табиғатында бұл тір­­кес «күн­тізбелік он күн». Мәселе сол күн­тіз­­бе­дегі күнтізбелік он күні туралы бол­ып отырғанына лингвист-маман, бұл рет­те дәлірек айтсақ, аудармашы көңіл аудар­май, он санын күнтізбеге әкеп телиді. 

Осындай стилистикалық қателер көп жағдайда заңдағы қазақша тіркестік терминдердің орашолақ, тіпті мүлдем қате болуына, мағынасының бұзылуына әкеп соқтырады. 

Еңбек заңнамасында еңбек қауіпсіз­дігіне байланысты қолданылатын «өрескел бейқамдық» деген термин бар. Осыны көптеген заң жобаларында лингвист мамандарымыз «дөрекі абайсыздық» деп дөрекі түрде калькалап аударады. Мұның орысшасы – «грубая неосторожность». Бұл арада «абайсыздықтан» гөрі қауіп келтіретін жайтқа «бейқамдық» көрсету деген ана­ғұр­лым нақтырақ және мінез-құ­лыққа қатысты қолданылатын «дөре­кі» бейқамдық емес, мейлінше дәл әрі күш­тірек реңктегі «өрескел» бейқамдық. 

 Қатар тұрған екі сөздің бір-бірімен тіркестік үйлесуі арқылы мағына­лық дәлдікке қол жеткізуге болады десек, мұның түпмәтіндегі қолданылу үйлесіміне де ден қою қажет. «Адал бәсекелестік» («добросовестный конкурент») деген терминдік тіркестің ізімен Азаматтық кодексте «адал алушы» («добросовестный приобрета­тель») деген қолданыс пайдаланылған (Жал­пы бөлім, 261-бап). Бірінші жағдайда «адал бәсекелес» тіркесі жатық әрі нақты, ал «адал алушыға» келсек, бұл – орысшаның калькасы. Бұл арада лингвист-маман, біріншіден, тіркестегі сөздердің үйлесіміне мән бермейді, екіншіден, «алушы» сөзінің анықтауышы орысшадағы «добросовестный» сөзінің дұрыс балама­лық қолданысы болмай тұр. Дәл осы тіркестегі мұның баламасы – «адал ниетті» болуға тиіс еді. Және «приобретатель» сөзінің нақты мағынасы – жай ғана «алушы» (получатель) емес, «иеленіп алушы» деген ұғымды беріп тұр. 

Айталық «судопроизводство» деген қос сөзден түзілген терминді сот жүйе­сін­дегілер «сот өндірісі» деп алып жүр.«Про­изводство» сөзінің жолма-жол ма­ғы­насымен шектелсек, әрине – «өн­ді­ріс», бірақ бұл арадағы ұғым­далу – «сот ісін жүргізу» емес пе»!? Сот мәсе­ле­сіне өндіріс емес, іс жүргізу тән. Мә­се­лен, осы қылмыстық іс жүргізу сала­сын­да «процессуальное производство» деген терминдік тұрақты тіркес бар, мұны «процестік өндіріс» деп алсақ, қо­йыр­тпақ болып шықпай ма?! Лек­си­ко­ло­гияда «полисемия» (сөздің көп мағыналылығы) құбылысы деген ұғым бар. Демек осыған сүйенсек, «іс жүр­гізу­дің» бір мағынасы сотқа қатысты орыс тіліндегі «производствоны» бейнелейді. 

Тұрақты тіркестік терминдердің ұлттық реңкімен ұштастырып, бала­малық сипатта қолданудың мысалдары заңдық мәтіндерде жоқ емес, бар: «алқабилер соты» («суд присяжных»), «төрелік сот» (арбитражный суд), «адал бәсекелестік» («добрособственная конкуренция») және т. т. Сонымен қатар калькалық фразема сипатында да қос сөзден, үш сөзден тұратын тіркестердің заң мәтіндерінде алыну заңдылығы ана тіліміздегі құқық фраземасына тән нәрсе екенін айтуымыз керек. Мысалы, «агроөнеркәсіптік кешен», «аграрлық реформа», «аз қалдықты технология», «экологиялық апат аймағы», «аннуитеттік сақтан­дыру», «аудиттелетін субъект» және т.т. Қоғам дамуының, өмірдің әртүрлі сала­ларындағы жаңа қоғамдық қатынас­тардың негізінде заңда жаңа атаулар мен жаңа ұғымдар пайда болады. Осы­ның нәтижесінде енген балама қолда­ныстардың немесе өзге тілдегі сөз бір­лік­терінің лексикамыздан орын алуы тіл­дік қорымыздың кеңеюіне жол ашады. Осының нәтижесін заң мәтіндерінен де айрықша байқауға болады.
Заң лингвистикасында сөзжасам­ның ұғымдық үйлесім, түбірден туындату, сөздерді тұтастыру, тілдік ара­лас қолданыс жасау және басқа да тәсіл­дерімен жаңа терминдік сөз тіркестері пайда болғанының дәлелдері көп. Мысалы, «бейінді оқыту» – «профильное обучение», «еншілес кәсіпорын» – «дочерное предприятие»,«родственные фирмы» – «төркіндес фирмалар», «негізгі (бас) компания» – «материнская (родительская) компания», «бас келісім» («генеральное соглашение»), «өлшемшарт» – «критерий», «құрам­бөлік» (компонент) және толып жатқан тағысын-тағылары.

Баламасы сәтті табылған кейбір кәсіби тіркес терминдерді құқық жүйесінде өз тілімізде орнықтырудан да қашпауымыз керек. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Өндірістің, шаруашылықтың әртүрлі салаларындағы қатынастарды реттейтін бірқатар заңдарда «аффилиированное лицо» деген терминдік тіркес бар, бұл заң мәтіндерінде «аффилиирленген тұлға» деп калькалық сипатында алы­­нып жүрді. Ал бұл сөздің бірлесу, үлес­­тес болу деген мағынасын ескере оты­­рып, «үлестес тұлға» деген жатық та ұғы­нық­ты нұсқасын мемтерминком дұрыс бекітті. 

Ана тілімізде орнықты заң фраземасын қалыптастыру, яғни тұрақты тіркестердің дұрыс қолданылуы мен өз мәнінде орнығуы шығармашылық көзқарасты талап етеді. Ал шығарма­шылық көзқарас дегеніміз әрбір сөз бірлігінің мәтіндегі қолданылу ерек­шелігіне, оның құқықтық нормамен мағыналық үйлестігіне егжей-тегжейлі зер салу, керек болса, әрбір сөз бірлігі ұғымының этимологиясын, түптамырын зерделеу. Түптеп келгенде, өміріміздің әр саласында тілімізді таза қалпында қолданудың іргелі ізденістері – рухани қазынамыз, ата-бабадан, ғасырлар қойнауынан бізге жеткен ұлы да қасиетті мұрамыз тілімізді жаңа кезеңдердің талабымен үйлестіре жетілдірудің аясында жүзеге асырылуы тиіс.

Ел бірлігі мен мемлекеттік тұтасты­ғымызды нығайта отырып, халық келешегінің келбетін ұлт ретінде сақ­тап қалудың Елбасы діттеген тұғыр­лы міндеттерінің қатарында ана тіліміз­дің мәртебесін биіктетудің өзекті мәсе­лелері де бар екенін ескерсек, бүгін­гі таңда мемлекеттік тілдегі заңна­ма терминдерін де ұлттық реңкпен қолдана білудің түбе­гейлі негізін салу – маңыздылығы мен жауаптылығы тұрғысынан аса зор іс. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу мәселесін – ұлттық сана­мызды жаңғыртудың келелі мін­дет­терінің бірі ретінде белгілей отырып, латыншаға көшудің терең логикасы – қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты екенін айрықша атап көрсетті. Бұл орайда мемлекеттік тілдегі ұлттық заңнама лингвистикасының латын әліпбиіне бейімделуі де лексикалық, терминологиялық жаңа сапалық өзгерістерді қамтитыны белгілі. Кирилл алфавитінде орысша түбірі сақталып қолданысқа енген терминдердің айтылуы (орфоэпиясы) мен жазылуы (орфографиясы) ана тіліміздің толық заңдылығымен жазылуға тиіс. Заңнама лингвистикасының өзегін құрайтын терминдердің, оның ішінде әсіресе халықаралық ортақ қолданыстағы, түбірлік этимологиясы латынша және басқа тілдердегі терминдердің де осы әліпбиде қазақшалануы мұқият саралау мен ізденістерді талап етеді. Сондықтан жаңа әліпбидің біз қолданатын нұсқасы қабылданған күннен бастап ұлттық заңнама қорындағы заңдарды латын әріпіне көшіру жұмысын қолға алу қажет. Бұл заңнама терминдерін қазір­ден-ақ ұлттық тілімізге біржола бейім­деу жұмысын жандандыратыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, заңнама лингвис­тика­сын осынау мемлекеттік маңы­зы үлкен міндеттердің шеңберінде молық­тыра отырып дамытудың келелі ­мақсаты – ұлттық терминдік қорымызды байыту, балама ұғымды атауларды, тұрақты тіркестік терминдер мен сөз орамдарын ұлттық заң тіліне қойылатын талап үдесіне сай қолдануға мейлінше ден қою болмақ. 

Мәди АЙЫМБЕТОВ,
Қазақстан Республикасы 
Заң шығару институтының жетекші ғылыми қызметкері