фото Kazakhmys.kz
«Осы жылдың 17-18 желтоқсанында «Жезқазғантүстімет» ӨБ бірнеше шахтасының жұмыскерлері жалақыны көтеру талабымен жұмысты тоқтатты. Жұмыскерлердің бұл әрекеттері еңбек заңнамасында көзделгендей талаптарды ұсыну тәртібін және оларды жұмыс берушінің қарау ретін бұза отырып жүргізілді», делінген министрлік хабарламасында.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес қолданыстағы тәртіп: осы талаптарды жұмыс берушіге ресми жолдауды, оларды жұмыс берушімен қаралуын, ал оны шешу мүмкін болмаған жағдайда татуластыру комиссиясында қарастыруды көздейді.
Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Еңбекмині тараптарды татуластыру комиссиясы шеңберінде және тек құқық аясында татуластыру рәсімдерін жүргізуге және жұмысқа қайта кірісуге шақырды.
2024 жылғы 18 желтоқсанда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев Жезқазған өндірістік алаңындағы кеніштердің бригадирлерімен кездесті.
Жиынға сонымен қатар Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов, Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев қатысты.
Кездесуде жұмыскерлердің талабы талқыланды. Жиын қорытындысында «13-ші жалақыға» 30 пайыз мөлшерінде үстемеақы қосу туралы талапты қанағаттандыру туралы шешім қабылданды.
«Жалақыға келетін болсақ, жұмыс беруші 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны көтерудің екі нұсқасын ұсынды:
Бірінші нұсқасы жалақы мөлшерін қосымша 8,5%-ға ұлғайту, өндірістік жоспарды орындағаны үшін қосымша 50 АЕК мөлшерінде төрт тоқсандық сыйлықақы (2025 жылы – тоқсан сайын 196 мың теңге) төлеу. Екінші нұсқасы жалақыны 15,6%-ға индекстеу.
Келіссөз барысында Н.Нуриев жалақының күрт әрі негізсіз ұлғаюы түптің түбінде компанияның бірқатар кеніштерінің бәсекеге қабілеттілігін жойып, консервациялануына әкелетінін, салдарынан жұмыс орындарының жабылуына әкеліп соқтыратынын атап өтті. Сондай-ақ ұсыныстарды түсіндіру үшін жұмыс орындарында, оның ішінде шахталарда жұмысшылармен тікелей кездесу ұйымдастырылды. 2024 жыл 19 желтоқсан сағат 09:00-дегі жағдай бойынша, келіссөз жалғасуда. Компания барлық жұмыскерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз етуде», делінген Kazakhmys-тың ресми сайтында жарияланған хабарламада.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қалыптасқан жағдайды тезірек шешу үшін оң қадамдарды жүзеге асыруды жалғастыруда.