15 Қараша, 2017

Академик Атшабаровтың ерлігі неге ескерілмейді?

786 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кез келген адамның өмірдегі өнегесі келешек ұрпақ үшін бағдаршам іспетті. Ал академик Бақия Атшабаровтың қазақ халқы мен оның тағдыры жолында жасаған ерлікке толы еңбегі ерекше. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы Қарақуыс қыстағында дүниеге келген Бақия Атшабаров Алматыдағы Қазақ медицина институтының емдеу факультетін 1942 жылы бітірген бойда бірден Ұлы Отан соғысына аттанған. Танк бригадасының әскери дәрігері ретінде майданға кірген ол оқ пен оттың ортасында жүріп, Берлинге дейін жеткен. Соғыс біткен соң 1946 жылы Алматыда жаңадан ашылған Қазақ ғылым академиясының өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түседі. Осы институтта кіші ғылыми қызметкер, институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, ал 1952 жылдан бастап 33 жылдан астам уақыт бойы директор қызметін атқарды. 

Академик Атшабаровтың ерлігі неге ескерілмейді?

Бақия Атшабаровтың ғы­лым­дағы жолы соқпақты, әйт­се де айқын әрі жемісті болды.­ Бұл – 1950-1960 жылдар ара­лығында Қазақстанда медицина ғы­лымының көптеген саласы жа­ңадан ашылып жатқан кезі еді. Институт жаңа медицина са­лаларының орталығы болды.­ Атап айтар болсақ, бруцеллез, лептоспироз, туберку­лез ауруларының эпидемиологиясы, аллергология, иммунология, эндомиялық зоб ауруларын зерттеу зертханалары осы орталықта болды. Сонымен бірге еңбек гигиенасы, кәсіби аурулар, тағам гигиенасы, қорғасын мен фосфордың зиянды әсе­рінен болатын созылмалы улануларды зерттейтін зертханалар құрылды. Ғы­лыми жұмыстардың нәтижелері дереу тәжірибеде қолданылып, алдын алу жұмыстарына толық бетбұрыс жасалған кез еді. Жоғарыда көрсетілген медицина ғылымының салалары кейін ірі ғылыми орталықтарға айналды. Осы институттан көптеген ғалымдар шығып, жүздеген диссертациялар қорғалды. 

Ғалымның ерен еңбектерінің ішін­дегі ерекше маңыздысы Семей ядролық сынақтарының зиянды әсерлерін зерт­теп, сынақ жұмыстарына тоқтау са­луға шақыруы болатын. 1957 жылы Қазақ КСР Денсаулық сақтау минис­трлігінің ұсынысы бойынша Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың тікелей ұйытқы болуымен 1947 жылдан бері Семей облысында жүргізіліп келе жатқан ядролық сынақтардың адам денсаулығына ти­гізетін зиянды әсерін анықтау қолға алынды. Бұл жұмыс Өлкелік патология ғылыми-зерт­­теу институтының басшысы Бақия Атшабаров бастаған ұжымға тапсырылды. 100-ден аса қызметкерден тұратын экспедиция құрамы бекітіліп, зерттеу жұмыстарына кірісіп кетеді. Бақия бастаған ғылыми экспедиция мүшелерінің зерттеу нысаны әсіресе, полигонға жақын орналасқан Қайнар, Қарауыл, Саржал, Долон сияқ­ты қазақ ауылдарын қамтыды. Сол­ кез­дегі саясатқа байланысты бұл экс­педицияның жұмыстары жө­ніндегі мәліметтер құпия сақ­талатын, ешкімге тіс жарып ай­туға, әңгіме көтеруге болмайтын. Ал жарылыстардың басында әскери топтар тұрды. Олар по­ли­гондағы жарылыстардың адам ден­саулығына ешқандай зиянды әсері болмайды деген тұжырымға мемлекет басшыларына дейін сендіріп қойған-ды. Ал экспедиция мүшелерінің ғылыми-зерттеулері нәтижесінде аталған жарылыстың адам ағзасына, жан-жануарларға, қоршаған ортаға өте зиян екені республика мен Одақ басшыларына жеткізілді. Міне, осы ғылыми-зерттеу жұмыстары 1961 жылы 12 томдық еңбек болып жинақталып, үкімет тарапына арнайы хабарлама жасалды, конференция өткізілді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде алғаш рет осы өңірде Бақия Атшабаровтың «Қайнар» синдромы» деп айдар таққан ауру түрі әлемдік медициналық әдебиетке науқастың жаңа түрі ретінде енді. Ол өзіне тән ерекше азаматтық қасиетімен әрбір ғылыми тұжырымды терең зерттеп, саралап қабылдады және шешімдерінің орындалуын мұқият тексеретін. Семей полигонындағы жарылыс­тар­дың салдары бойынша­ зерттеу­ қорытындыларын одақ­­­тық комиссия талқылаған кез­де орын алған жағдайлар Б.Ат­шабаровтың пайым-парасатын қылаудай да өзгерте алған жоқ. Белгілі әріптестері одақтық бас­шылардың тегеурініне шыдамай, осалдық танытқанда ол өз ойынан, зерттеу барысында куә болған, көзі жеткен, әбден ек­шелген тұжырымдарынан тан­бады. Қалыптасқан қасаң көз­қарастармен келіспей, бел­гілі ғалымдар мен әскери генералдардан құралған комис­сия алдына бірнеше рет шығып, зерттеу қорытындыларын дәлел­деді. Ядролық сынақтарды жал­ғастыруға болмайтынын­ көрсетті. Осы зерттеу­лер­ нә­ти­жесінде алын­ған ақ­па­рат­ әскери-өндірістік кешен басшыларының айылын жиып, 1963 жылы әуелі ядролық қару-жарақтың жер беті мен жоғары атмосферада өткізілетін сынақтарын амал­сыздан тоқ­татуларына тура келді. Себебі бұл кезде қазақ ғалымдарының ғы­лыми жұмыстарының оң нәти­желері елге бел­гілі бола бастаған еді. Міне, осы кезден бастап сынақ жұмыстары жер астына түсті. Алайда жарылыс дүмпулері жал­ғаса берді. Тек алып империяның ыдырауына байланысты ғана тоқсаныншы жыл­дардың қарсаңында бұ­рынғы зерттеу­лерге жаңа көз­қарас қалыптаса бастады. Яғ­ни ғылыми деректер «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысына бағыт-бағдар беріп, оның түпқазығына айналды.

Ғалымның 200-ден астам еңбегі, 10-нан аса ғылыми монографиясы жарық көрді. Ол 50-ден астам ғылым кандидаттары мен докторларын дайындады. Ұлтының жарқын болашағы үшін жан­қиярлықпен еңбек етіп, соңына игі өнеге қалдырған академик Бақия Ат­шабаров сияқты тұлғалардың алдында тағзым ету – парызымыз. Сондықтан ұлт денсаулығы мен қазақстандық медицина ғылымының дамуына ғұмырын арнаған тұлғаның есімін өзі еңбек еткен Алматы мен Семей қалаларында ұлықтауға жол ашылса деген ойымызды жеткізгім келеді.

Бегалы АЙТБЕМБЕТ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері