Ақынның Оралдағы кешіне ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі баспагер-журналист Мереке Құлкенов, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақтаулық ақын Светқали Нұржан, Шəкəрім атындағы сыйлықтың иегері, ақтөбелік ақын Ертай Ашықбаев арнайы келді.
Айта кету керек, ақынның 60 жылдығына арналған алғашқы жыр кеші биыл 16 тамызда Астана қаласында өткен болатын. Кейін Ақтау, Атырау қалаларында жалғасқан қазақ поэзиясының мерекесі Орал қаласында жалғасты.
- Есенғалидың мектеп қабырғасында жазған алғашқы өлеңдерін оқығанда Жұмекен Нәжімеденов «мынау шынымен жас бала ма?» деп таңғалған екен. Есенғали айтып жүрген көп сөздерді басқа жерден таба алмаймыз. Есенғалиды оқып отырып өзіміздің қазақ екенімізге риза боламыз. Айналайын, Есенғали, сол үшін рахмет! – деді Мереке Құлкенов.
Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі, Ақжайықтың ақ шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева да кеш иесін өңір халқы атынан құттықтап, қазіргі қазақ поэзиясының көзі тірі классигінің Орал жұртына арнайы келуі ерекше оқиға екендігін айтып өтті. «Ақжайықта өнер сүйетін нағыз өнерді бағалайтын жұрт бар, тамыры үзілмеген, тарихи қалыптасқан негіз бар. Осындай ортаға нағыз ақынның келуі, осындай шынайы жыр кешінің өтуі – заңдылық» деді ақын.
Шарада Батыс Қазақстан облысының əкімі Алтай Көлгінов те сахнаға шығып, ақынның иығына шапан жапты.
Кештің әсерлі сөзінің иесі ақын Светқали Нұржан болды:
- Міне, үш айдан бері сонау Есілдің жағасынан басталған Есағаның тойы Жайықтың жағасында жалғасып жатыр. Ол заңды да. Себебі бұл кісінің құстармен екі ортадағы тумаластығын, бір-біріне деген махаббатын сіздер жақсы білесіздер. «Кім біледі түркінің құс көңілін» деп өзі айтпақшы, құскөңіл ақынның су жағалап жүргені заңдылық деп есептейміз. Осы үш ай ішінде хас өлеңнің тойларында қаншама ғұламалар сөз сөйледі. Сол сөздің ішінде «Есенғали қазақ поэзиясына, қазақ руханиятына не алып келді?» деген сауал да туды. XX ғасырдың қанды эксперименттерінде қандай қиянат жасалғанын білесіздер. Біздің жүрегіміз мен сүйегімізге басылған Құдайлық мөрді Советтің сойқан саясаты көзіміздің жасын, жүрегіміздің қанын ағызып тұрып жойды. Мөр кеткесін, бойымыздан Құдайдың иісі кетті. Құдайдың иісі кеткен халықты кім көрінген құдайсынып басынады. Есенғали сол кешегі әулиелердің жұпарын қайтарды.
«Алланың бұйрығымен дінді білдім,
Алдияр, «Кәләм-Шәріп» құлдық ұрдым.
Амалым таусылған соң мен зарлаймын,
Заманым - қызыл түлкі, мың құбылдың.
Бес жаста «Әптиекпен» таныс болдым,
«Мұқтасар» - түбі терең ағыс көрдім.
Әу баста харам жерден аулақ жүріп,
Шәрінен шайтан малғұн алыс қондым.
Сәлем бер шеменді орда, шерлі есікке,
Бар еді төрт қабырға сол мешітте.
Бір қабырғасы - ұят,
Бір қабырғасы - иман,
Бір кабырғасы - обал,
Бір қабырғасы - сауап.
Төрт дос бар жеткеніңше жер-бесікке.
Төрт кітап көктен түскен - менен қалды,
Хақ сөзі - түсінгенге өлең мәнді.
Дүние, көрдім сені десем дағы,
«Сары алтын - сабыр түбі» деген бар-ды...» - деп жырлаған ақын жырынан рухымыз тірілді. Есенғалидің кешегі ұлы жыраулардың ұлық сарындарын қасиетті жырға қайта әкелді. Осы топырақта, қадімгі Қабыршақты өзенінің бойында туған Қазтуған жыраудың жырын Есенғали осы жұртқа қайтадан алып келді, - деп толқыды Светқали шайыр
Осы кеште Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ студенттері Асыланбек Шығыров, Жамбыл Нұхы, Әнуар Аманжоловтар Есенғали ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдемі әсер сыйлады. Ақынның әріптес інісі, әнші-сазгер Жұмабай Құли Есенғали Раушановтың жырларына жазған өз әндерін гитарамен шырқап берді. Жазушы, журналист Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізген кеш жұп-жұмыр өріліп, көрермен көңілінен шықты. Керемет кештің әсерінен айыға алмай қалған халық біразға дейін кеш кейіпкерлерін ортаға алып, жібермей қойды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ