Өзбекстан басшылығы Орталық Азия, Ресей, Қытай, Батыс Еуропа елдерімен қатар тілі мен мәдениеті ұқсас, діні бір және тоқсан жолдың торабында орналасқан Түркиямен өзара тиімді ынтымақтастыққа үлкен мән беріп отыр.
Түркия Өзбекстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған мемлекет. Екі ел арасында мәңгі достық пен ынтымақтастық келісімге қол қойылған. Басында Өзбекстан экономикалық дамудың түркиялық үлгісін қабылдағысы келген. Алайда қос елдің бұрынғы басшылары арасында саяси мәселелерге байланысты өзара сенім әлсіреп, былтырға дейін түйткілдер шешімін таппай келген еді.
2016 жылдың соңында Р.Т.Ердоған мен Ш.Мирзиёевтің Самарқандағы жоғары деңгейдегі кездесуінен кейін екіжақты қарым-қатынас өзгеріп, тоң жіби бастады. Екі елдің президенттері, сондай-ақ Астана мен Бейжіңдегі саммиттерде кездесіп, өзара сенім нығайып, үкіметтер басшылары мен министрлер, кәсіпкерлер деңгейіндегі қатынастар тұрақты қарқын алды. Ташкентте Түркия-Өзбекстан бірлескен экономикалық комиссиясы отырысы, бір жылда үш бизнес-форум өтті.
Өзбек тарапы түрік капиталы үшін әртүрлі қолайлы жағдай жасауға дайын екендігін мәлімдеді. Ташкент Түркияның өндіріс және кәсіпкерлік тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. 2016 жылы екіжақты тауар айналымы 1,242 млрд долларды құрады. Түркия Өзбекстанның сыртқы саудасында 5-ші серіктес ел болып табылады. 2017 жылдың алғашқы жартысында екіжақты сауда 30 пайызға өсіп, 710 млн долларға жетті. Соңғы жарты жылда елде 20 түрік компаниясы тіркеліп, тағы 53 фирма тіркеуге өтініш беріпті. Қазір Өзбекстанда түрік инвесторларының қатысуымен 441 кәсіпорын жұмыс істейді. Түркияның осы кезге дейін Өзбекстанға жасаған инвестиция көлемі 1 млрд АҚШ долларын құраған. Түркиядағы кездесулердің нәтижесінде президенттер екі елдің қатынасын жаңа деңгейге шығарған бірлескен мәлімдеме жасады. Өзбекстан ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм, текстиль сияқты салаларды жандандыру үшін Түркиядан келетін инвестиция көлемін арттыруды көздейді. Түркия Өзбекстанға техника, электронды бұйымдар, жиһаз-жабдық, жартылай дайын өнімдер, көлік, текстиль, азық-түлік, ал Өзбекстан Түркияға пластик өнімдер, мырыш, мақта өнімдерін экспорттайды.
Ташкент ортақ жобаларға Түркияның ең ірі компанияларын тартуды мақсат тұтады. Түріктің «Ziraat» банкі Өзбекстанның UTBANK банкінің акцияларын толық иеленіп, 200 млн доллар қаражатты тұрғын үй құрылысына құюы мүмкін. Өзбекстанның сыртқы экономикалық қызмет банкі сауда жобаларын қаржыландыру мақсатында «Türk Eximbank» банкімен 44 млн АҚШ долларына тең экспорт-несие туралы келісімге қол қойды.
Ыстанбұлдағы бизнес-форумда жол инфрақұрылымын, ірі энергетикалық (өңдеу зауыты) нысандарды салу, текстиль, электр жабдықтар, ауылшаруашылық өнімдері, логистикалық орталықтар салу бойынша жалпы құны 2-3,5 млрд долларды құрайтын 30 бірлескен жоба туралы келісіліп, 22 құжатқа қол қойылды. Өзбекстан президенті екіжақты сауда-саттықты 5-6 млрд долларға шығару мүмкіндігін мәлімдеді. Соңғы жарты жылдың ішінде екі ел арасында құны 2 млрд долларға тең келісімдерге қол қойылған.
Өзбек тарапы импортты алмастыру және экспортқа негізделген Азия үлгісіндегі жаңа экономика құруды көздеп отыр. Экспортты түрлендіру үшін Өзбекстан жоғары қосымша құны бар тауарлар өндіріп, өнеркәсіп, электр өнімдері, полимер, мыс, тері, минерал, құрылыс, тоқыма, көкөніс, өңделген өнімдер шығаруға мүдделі. Әсіресе облыстардағы ірі экономикалық аймақтарда шетелдік капитал үшін қолайлы жағдай жасалып, Түркияның ірі бизнес орталығы құрылады. Валюта жүйесінің либералдандырылып, виза жүйесінің оңтайландырылуы да бекер емес.
Сапардың алдында Ш.Мирзиёев түрік кәсіпкерлері үшін виза мәселесін жеңілдету туралы шешім қабылдап, мұның тек алғашқы қадам екенін айтты. Бұдан былай Өзбекстанға бизнес немесе туризм мақсатында баратын түрік азаматтары шақырусыз бір айлық туристік виза немесе бір жылдық визаны үш-ақ күнде ала алатын болады. Есептік кезеңде Түркияға барған өзбек туристерінің саны 40 мыңға жетіп, ал Түркияға келген өзбек азаматтары 100 мыңнан асқан.
Туризм саласына 300 мыңнан 10 млн долларға дейін инвестиция салатын түрік кәсіпкерлерін 3-7 жыл салықтан босату көзделіп отыр. Ташкент қаласында құны 1 млрд доллар болатын «Tashkent City» сауда-іскерлік орталығы құрылысын жоспарлау міндеті түріктің «Tabanlıoğlu Architects» фирмасына тапсырылып, жоба туристерді тартуды мақсат тұтады. «Demir Grup» фирмасы аталған кешенде туристік аймақты салуға кіріспек. Осы мақсатта «Inter Turizm» өзбек-түрік бірлескен туризм орталығы құрылатын болды. Түрік тарапы 2018 жылы Ыстанбұл-Самарқан арасында әуе қатынасын ашуға дайын. Тараптардың мақсаты діни туризмді дамытумен қатар, Самарқан бағытындағы туристік жобаларды бірлесіп атқару. Түріктердің қонақүй бизнесін басқару тәжірибесі өзбектердің қызығушылығын тудырған сияқты. Яғни өзбектер түріктерден туризм мен өндірісті үйренуге ниет танытып, бірлесіп жобалар жасамақшы. Ташкент түріктердің көмегімен туризм секторының негізін нығайтып, дамытуға мүдделі.
Қорғаныс саласында «Nurol Makina» мен «UzAuto» арасындағы әскери-техникалық келісімге сәйкес Өзбекстанда мыңға жуық «Ejder Yalçın 4x4» сауытты көліктері шығарылатын болды. 2018 жылдар бастап өзбек әскерилері Түркияда білімдерін шыңдайтын болды.
Өзбек БАҚ өкілдері Түркия сапары туралы жан-жақты ақпарат таратты. Сыртқы әлемге енді ғана ашылып жатқан Өзбекстанның президенті Түркияны «халықаралық аренадағы сенімді және маңызды серіктес» деп атады. Түркияның геосаяси орналасуын тиімді пайдаланғысы келетін Ташкент Түркияның Еуропа одағымен байланыстарына және мұсылман әлеміндегі орнына айрықша мән береді. Сондықтан Батысқа тауар жеткізу мақсатында Түркиямен достық қатынастарды дамыту Өзбекстанның ұлттық мүддесіне толық сәйкеседі.
Өзбекстан – Қытай, Ресей елдерімен, Каспий сияқты маңызды аймақтармен шекараласпайтын теңізге жабық ел. Алайда Өзбекстан ұлы Жібек жолында әрдайым маңызды мәдени рөл атқарғанын ескерсек, Өзбекстан мен Түркияның Қытай-Еуропа жолындағы үлкен нарықтар екенін түсіну қиын емес. Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол дәлізін жоспарлаған Ташкент Түрікменбашы кемежайы арқылы Батыс елдеріне жүк тасымалдауды арттыруды қалайды.
Осы мақсатта Өзбекстан премьер-министрі А.Арипов жуырда Бакуде ашылған «Баку-Тбилиси-Карс» темір жолының ашылу салтанатына қатысты. Алдымен Навои-Түрікменбашы темір жол учаскесі аяқталуы қажет. Біздіңше, Ташкент Түрікменстан-Әзербайжан-Түркия арқылы Батыс нарығына шыққысы келетін сияқты. Осылайша Өзбекстан Каспий, Кавказ бен Түркияның көліктік мүмкіндіктеріне ашық қызығушылық танытып отыр. Осы ретте «Баку-Тбилиси-Карс» темір жолы Өзбекстан мен Түркияның сауда-экономикалық қатынастарының негізгі жол торабына айналуы мүмкін. Түркия тарапы екі ел арасында қатынайтын жүк көліктері үшін қолайлы қозғалыс жүйесі туралы Ташкентке ұсыныс жасады.
Әлемде газ қоры жөнінен жетінші орынға ие Өзбекстан Орталық Азия газын Әзербайжан мен Грузия арқылы Түркияға, одан әрі Еуропаға жеткізу үшін Оңтүстік газ дәлізіне қосылуға мүдделі екенін білдіріп отыр.
Сыртқы саясатта екіжақты қатынастар мен прагматизмді негізге алған Ш.Мирзиёевтің Түркияға жасаған сапары өзара ынтымақтастықтың негізгі салаларын анықтауға мүмкіндік берді. Өзбекстан басшылығы жаңа реформалар арқылы саяси ықпалының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін елдің жылдам экономикалық дамуын көздегендіктен кез келген ірі мемлекеттердің инвестициясына мұқтаж болып отыр. Сондықтан аталған сапарды Ташкенттің шетелмен байланыстарды дамыту жоспары ретінде қарастырған жөн. Әзірге қол қойылған құжаттар ынтымақтастыққа жаңа қарқын береді деген үміт басым. Түркия мен Өзбекстанның жаңа қарым-қатынасы Орталық Азияға да белгілі деңгейде әсер ететін болады. Біздіңше, түркі әлемінде белсенділік пен ықпалдастықтың артқаны аймағымыздың ұзақ мерзімді келешегі мен бірлігі тұрғысынан тиімді.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
сарапшы