Әдебиет • 16 Қараша, 2017

Сөз сойыл №48

337 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әзіл-оспақ, сын-сықақ

Сөз сойыл №48

«Заман түзелгенше...»

Баяғы бала кезімде,
Тіл алғыш едім өзім де.
Үлкеннің жолын кеспейтінмін,
«Көп жаса, ғұмырлы бол!» – деген,
Ылғи алғыс еді еститінім.
Қабыл болып тілектері,
Құдай ғұмырымды күреп берді.
Жасым тоқсанның үшеуінде
Жүріп тұру қайда маған,
Әлім жоқ артық күшенуге.
Ой... он үш жас мүшелімде,
Ақ пен қызыл соғысқан,
Куәсі болдым кісі өлімге.
Аштықты да бастан өткіздім,
Соғыста қанымды төккіздім.
Фашистерді жеңіп келгесін,
Ортасына түстім көп қыздың.
Сталинградта партияға мүше болғам,
Ордендерім бар соғыста алған.
Бірін айтып, біріне кеттім-ау,
...Бұл енді кәріліктің белгісі.
Айтпақшы, колхозға басқарма болып,
Атанғанмын өр кісі.
Соңымнан комсомолды ертіп жүріп,
Осы кемпірімді алдым шертіп жүріп.
Енді, міне, қартайдым,
Өлсем деймін алдында,
Жалғыз ұлым Сартайдың... – десем,
Мынау отырған шешең 
Шалымнан бір минут кешіктірмей,
Мені де құдай ал, – деп отыр.
Ал Сартайжан:
– Зейнетақыларың өте қажет,
Заман түзелгенше қал, – деп отыр.

«Ақылды қарға»

Тамақтың  қалған қалдықтарын
Төгетін жерге барып қалдым.
Жағдай болды таңғалар,
Қаптаған қарғалар:
«Жаман үйренген тегінге,
Ұшып барса ғой егінге»
– дегенімде,
Отырған қарға шеткі,
Қазақша сайрап кетті:
– Қарқ-қарқ-қарқ!
Егістігің химикат,
Болғым келмейді инфаркт.

Бәкеш АЙСИН
Қостанай облысы

Бірде...

Сөз жәрдем

Алматының Масаншы көшесінде тұратын бір жас әнші кешігіп қалғаны үшін жұмысынан шығып қалады. Келе жатып Сырбай Мәуленов ақынға кездеседі. 
 – Ағатай, жәрдем етіңізші? – деп жалынады. 
Сонда Сырбай: 
 «Көшесінде Масаншы, 
Тұрушы еді жас әнші. 
Шырылдатпай байғұсты, 
Қайта орнына, алсаңшы?» деп жазады да: «Осыны директорыңа апарып бер» дейді. 
Ертеңінде әлгі жас әнші Сырбай ағасына: 
– Ағай, рахмет! Қызметіме қайта 
қабылдандым! – деп мәз болып телефон шалыпты.

Аударманың ақшасы

Бірде Амантай Байтанаев үлкен бір роман аударып, кейін кітап болып жарық көреді. Сонда айналасындағы әріптес достары еңбегіне құтты болсын айтқан соң, ыңғайсызданып Қуандық Шыңғытбаев, Сырбай Мәуленов бастаған бір топ ақын-жазушыны асханаға ертіп келеді. Қас қылғанда асханада дұңған лапшасынан басқа тамақ болмай шығады. Сонда Сырбай Мәуленов:
«Салған бұрыш, сарымсақ, 
Қуандықтың лапшасы.
Амантайдың жанын сап 
Жарататын жақсы асы. 
Самса, манты, бауырсақ, 
Болар ма еді басқасы...
Аман болса баспасы, 
Амантайда таусылмас
Аударманың ақшасы» – деген  екен.
 

Желке

Бір жиналыста белгілі ғалым Ысқақ  Дүйсенбаевтың  арт жағын­дағы орындыққа Сырбай Мәуленов отырып қалады. Сонда Сырбай ақын Ысекеңнің бітімін меңзеп:
«Желке жағы жеті адыр, 
Жылқы жайсаң жеткендей.
Төбе жағы тап-тақыр, 
Тайлақ тайып кеткендей», – деп әзілдеген екен.
 

Көрген БІЛГЕНОВ
АСТАНА 

 

Ілтипат 

– Мархабат, отыра қалыңыз! – деді ол, лып етіп орнынан тұрып.
– Рахмет, әлі жаспыз ғой, ештеңе етпес, – деген болып жатырмын.
– Отырыңыз, отырыңыз, – деп өндіршектеді ол. Отыруға тура келді.
Бұл жағдай сонымен ұмытылып та кетер ме еді, әлде қайтер еді, бірақ арада бірнеше күн өткен соң бейтаныс біреу көшеде шұрқыраса кеткені.
– Сірә, маған бере тұратын бірер сомыңыз болар-ақ, – дейді ұялмағыр. 
– Ау, сіз кімсіз? Мен сізді таны­маймын ғой, – дедім.
– Ұмыта қалғаныңыз ба? Трамвайда орын бергенім қайда?
– Е, иә! Көп-көп рахмет, – дедім қалтама қол сала беріп.
– Қайтарам өзіңізге, еш күмәніңіз болмасын, – деді ол. – Әрине телефон нөміріңізді немесе адресіңізді берсеңіз.
Бір апта өтті ме, өтпеді ме – біреу ентігіп телефон соғып тұр.
– Әлгі өзіңізге трамвайда орын беретін жаман ініңіз ғой... Есіңізде ме?
– Е, болмағанда ше? 
– Құйтақандай өтінішім бар еді. Тілеуіңізді берсін, жиен қарын­дасымның техникумға түсуіне көмек­тесіп жіберіңізші. Ондағы ағайларды сіз жақсы біледі деседі ғой.
Көмектесіп жібердім.
Арада бірер күн өтті. Мені іздеп жұмыс орныма өзі келді.
– Есіңізде болар, мен әлгі...
– Есімде, – деп орын ұсындым.
– Сіздің көмегіңіз керек боп тұр. Ағам саяжай салып жатыр еді... Шамалы тақтай мен шифер тауып берсеңіз...
Тауып бердім.
Бір айдан соң салып ұрып үйге келді. Әйеліме жөнін айтып, жылпылдап барады:
– Бәлкім, күйеуіңіз айтқан болар, мен оған трамвайда орын берген кісі едім.
– Әрине естігем, – деп әйелім қолын ұсынды, шайға отыруын өтінді.
– Әбден рахмет, шай ішейін деп емес, көмек іздеп келіп ем, – деді ол мән-жайын түсіндіріп.
– Жұмыс орнымнан милицияға бір қағаз керек болып қалғаны. 
– Оған менің күйеуімнің қатысы қанша?
– Қалай десем екен? Былай ғой өзі... Менің тиянақты жұмыс орным жоқ еді. Сондықтан қол қусырып дегендей.
– Сонда қалай? Қылмысқа итермек болғаныңыз ба бұл? – деп әйелім ашу шақырды.
– Енді есіңізде болар... Аузы-мұрнынан шыққан трамвайда... 
Керек қағазын жаздым да бердім.
Сотқа мені куә ретінде шақы­рыпты. Сотталушының оры­нды­ғында баяғы «трамвай досым» отыр. Мені көрісімен лып етіп орнынан тұрып, ілтипат білдірді:
– Мархабат, отыра қалыңыз.
– Бек рахмет, тұра тұрайын, – деген болып жатырмын.
Менің біртүрлі ыңғайсызданып екі ойлы болған кейпімді байқап қалған қазы:
– Отырыңыз, отырыңыз, – деп демеп жіберді.
Құрысын, отыруға тура келді.

Юрий ИЩЕНКО

Тікен сөз

Адамдардың ақшаға деген құнығушылығын тоқтатып, материалистік ашкөз көзқарастарын жойғым келеді. Бірақ оған да ақша керек...

Жаманатты болу оп-оңай: өзің сымбатты болсаң, әрі кездескен адаммен күліп сөйлессең, сол жетіп жатыр. Арғы жағын ойдан қосып, неше түрлі әңгіме шығарып, елге таратып жібереді...

Құмырсқалардың тірлігін бір жеті тапжылмай отырып бақыладым. Білгенім – оларда жетілік жоспар жасап жиналу, бас қосып жиналыс өткізу деген атымен болмайды екен. Кез-келгені тек тырбанып жұмыс істеуді ғана біледі екен!

Ақынға жар болу– ақын өлгенше азап, ақын өлген соң ғажап.

Ақылды қыздар кіммен болғанда ақымақтау болу керектігін жақсы біледі.

Әзіл-әжуа «аң-құс» ауылында

Әйелі күйеуіне телефон шалады:
– Қайда жүрсің?
– Орманда аң аулап жүрмін.
– Арғы жақта қыңсылап жатқан кім?
– Түлкі атып алып едім.
– Әйелдің дауысы сияқты ғой.
– Иә, ұрғашы түлкі екен.
* * *  
 Бір жігітке достары келеді:
– Бізбен бірге балыққа барасың ба?
– Мен балық аулау білмеймін ғой.
– Білмейтін несі бар, аузын ашасың да, құйып, іше бересің...
* * *  
 – Дәрігер, менде бір әлсіздік бар сияқты. Себебі есек сияқты жұмыс істеп, ит сияқты шаршаймын.
 – Кешіріңіз, мен мал дәрігері емеспін. 
  
* * *  
 Аң патшасы арыс­тан ормандағы барлық аңдарды жинап алып:
 – Бүгін ең қорқақ аңды жеймін, – дейді.
 Сол кезде қоян ортаға жүгіріп шығып:
 – Басқа-басқа, қабанға тиіскізбеймін, – деп шыр-пыр болыпты...

Мергенбай айтқан екен...

Иесі итіне ұқсамас

Бүйректен сирақ шығарып сөйлей­тін Жапсар тағы бір мылжыңдау әңгі­месімен Мергенбайдың мазасын алды. 
– Осы ит – ит иесіне ұқсас болады дегенге қалай қарайсыз, Меке? – деді де, одан әрі сөзін жалғастырды. – Анау Түсіптің шәуілдек иті тура өзіне тартқан...
– Сірә, бұл жөнсіз әңгіме, – деді Мергенбай. – Айталық, сен бір жақсы тұқымды итті асырап алғанмен, жұрт сол итке қарап, сені ақылды дей қоймас. 

Жақсылыққа қарай өзгер

Намазхан ағайыны ақтала сөйледі.
– Егер мен арақ ішсем бар ғой, Меке, басқа адам болып шыға келем. 
– Ең жаманы – сол басқа адам да оңып тұрған жоқ, өзің сияқты ақымақ! – деп кейіді Мергенбай. – Әйтеуір, өз­гер­­ген соң, дұрыс жағына қарай өзгермейсің бе?!

Қонақ ақылы болса...

Дастарқаны ашық Мекеңнің үйінде шәй ішіп отырып ауылдасы Әден оған көпшік қоя әңгіме бастады. 
– Қонаққа берген шәй, тамағыңа ақша төлейтін болса, онда да үй иесі­нің алмаймын дегеніне қарамай қонақ­тар­дың ақша беретін дәстүрі болса,  Мәке, сіз біраз қаржы табар едіңіз-ау, – деді.
– Әй, қайдам, – деді Мергенбай, – ондайда өздерің біздің үйге қарай адам жібере қоймайтын шығарсыңдар. 

Білгенге ақыл айтпа

Біраз күн қонақ болып, біраз ығыр еткен Мәсім ағайыны қайтуға ыңғай білдіреді.
– Енді кеткен дұрыс шығар, – дейді ол.  – Өмір көрген адамсыз, қандай ақыл айтасыз, Меке?
– Өзің бәрін біліп тұрсың ғой, айналайын, басқа не айтайын, – депті Мергенбай.

Обалды ойла

– Басқаға керегің болмай қалса көп жа­сап не керек, мен ұзақ өмір сүруді ар­ман­дамаймын, – деді менменсіген Жәкіш.
– Өзіңді керек ететіндер қазір де көп емес се­кілді ғой, тым ерте өле салған обал емес пе? – дейді Мергенбай. – Ой­лан­сай­шы. 

Пайдасыз мый

– Мен емес, ғылым айтады, – дейді Қалыш. – Әйелдердің миының салмағы еркектер­дікінен 10-15 пайыз аз болады екен. Бұл енді еркектердің артықшылығы емес пе?
– Әй, артықшылығы емес-ау, қайта кемдігі шығар, – дейді Мергенбай ағайын інісіне. – Өз үйіңдегі бала-шаға­ны келін асырап отыр. Ал бос сөз айтудан арыға бармайтын сенің миыңның көпті­гінен не пайда?! 

Ұқсастықтан жақсылық іздеме

Мергенбайдың құрдасы Әзім осы өмірінде біраз төсек жаңғыртқан адам. Оны әркез өзі де айтып, әңгіме тақыры­бына айналдыратыны да бар. 
– Сендер маған босқа ұрсасыңдар, – деді ол бірде. – Жақында ғана газеттен оқыдым, неке мықты болуы үшін үйленетіндердің бір-біріне ұқсастығы керек екен. Түрі ғана емес, мінезі де, өмірге көзқарасы, іс-әрекеттері де ұқсас болса, неке берік болмақ.
– Дегенде, сен бұл пікірге тым ұйый берме, – деді Мекең. – Қазір ғой, бесін­шісімен тұрып жатырсың. Осыңнан айырылма! Бұл кетсе, бес қатын босатқан саған ұқсасын табамыз деп, бес байдан шыққан әйел іздеп, біз өлмейміз бе?!

Мамадияр ЖАҚЫП, 
Қазақстанның құрметті журналисі

Мүйісті жүргізетін 
Берік САДЫР