Сурет: astana-akshamy.kz/
Төрткүл дүниенің дамудың даңғыл жолына түскен елдері түсіністікпен қабылдаған мәйіттік донор мәселесіне біздің халық әлі күнге дейін үрке қарайды. Содан да болса керек, Жамбыл өңірінің өзінде жүзден астам науқас орган трансплантациясын күтіп отыр. Олардың басым бөлігі – бүйрек дертіне шалдыққандар.
– Қазір өңірде орган трансплантациясын күтіп жүрген 141 науқас тіркелген. Олардың ішінде 131 азамат бүйрекке зәру. Тіркелген 131 адамның 127-сі ересек болса, 4 науқас жасөспірім санатына жатады. Бауыр дертіне шалдығып, үмітін үкілеп отырған 9 адам бар. Жүрегі сыр берген 8 азаматтың 7-еуі ересек, 1-еуі бала. Осы азаматтардың барлығы да келер күнге үмітпен қарайтыны анық, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек.
Жалпы алғанда, мәйіттік донор мәселесі күйіп тұрған елдер аз емес. Деректерге сенсек, жаһан жұртының 80%-ы мәйіттік донорға тәуелді болып отыр. Сондай-ақ 20%-ға жуық халық туыстық донорлыққа арқа сүйейді. Бұл күлбілтелі, аса нәзік мәселе біздің елде де күн тәртібінен түскен емес. Орган трансплантациясына деген сұраныс ілкі сәтке де азаймай тұр.
Ресми дерекке сүйенсек, елімізде бүйрегі сыр берген науқастар жетіп артылады. Қысқасы, ең көп сұранысқа ие орган – бүйрек. Бүгінде бүйрек трансплантациясын күтіп отырған науқастардың саны үш мыңнан асып кеткен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы келтірген дерекке сүйенсек, кейінгі бес жылдың бедерінде өңірде 33 науқасқа орган трансплантациясы жасалған. 2024 жылы мәйіттік донордан алынған бір бүйрек трансплантациясы жүзеге асқан. Өңірде мәйіттік донорлықтың тым сиреп кетуінің бір ғана себебі бар. Қаза тапқан азаматтың туыстары келісім беруден бас тартады. Әрине, әркімнің өз таңдауы бар. Олардың таңдауына ешкім қарсы тұра алмайды.
– Мәйіттік донор мәселесі қай кезде де назардан тыс қалмайды. Әйтсе де біздің өңірде бұл үдеріс сирек жүзеге асады. Оның негізгі себебі, қаза тапқан науқастың туысқандарының келісім бермеуі. Жұрттың үрке қарауы салдарынан мәйіттік донорлық мәселесі сирек кездеседі, – дейді басқарма басшысы.
Ел аумағында ағзаларды алу, сақтау, тасымалдау, трансплантациялау 2020 жылғы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексімен реттеледі. Барлық процедуралар мемлекеттік медициналық ұйымдарда ғана жүзеге асады. Органдардың трансплантацияға жарамдылық мерзімі қатаң регламенттелген: жүрек – 4–6 сағатқа, өкпе – 6 сағатқа, бауыр – 12 сағатқа, бүйрек – 24 сағатқа дейін, ал сүйек кемігі – шамамен 3 тәулік.
Адам көзі тірісінде донор болуға келісім берсе, бір мәйіттен 4–6 органды бір мезетте алуға мүмкіндік бар. Донорлыққа келісім немесе бас тарту eGov.kz порталы арқылы немесе медициналық ұйымдарда бір жұмыс күні ішінде тіркеледі.
Ел ішінде орган трансплантациясы үшін пациент айтарлықтай шығынға батады деген алыпқашпа әңгіме бар. Алайда мамандардың айтуынша, бұл – негізсіз. Сондай-ақ орган саудасы деген ұғым жоқ. Өйткені оған заңдық негізде тыйым салынған. Ол жөнінде де денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек нақтылап айтып беріп, ағайын арасындағы алыпқашпа әңгімеге нүкте қойды.
– Мәйіттік донорлық ешқандай сыйақысыз жүзеге асырылатын үдеріс. Орган саудасы деген ұғым ешқашан болмауға тиіс. Оған заң шеңберінде тыйым салынғанын жұрт біле жүргені жөн. Мұның ауыр қылмыс екенін әрбір адам түсінгені дұрыс. Трансплантация операциялары толықтай мемлекет есебінен қаржыландырылады. Пациент тарапынан қандай да бір қаржылық шығын болмайды, – дейді С.Назарбек.
Қазақы менталитет кейде донорлықты да дінмен байланыстырып жататыны бар. Қалай болған күнде де, имамдардың айтуынша, белгілі бір шарттарды орындау арқылы орган трансплантациясын жасауға мүмкіндіктер бар. Бірінші кезекте донордың бақилық болғаны шариғаттық тұрғыда расталуы керек. Ең бастысы, ағзаны беруші азамат көзі тірісінде өзі өсиет еткен болуға тиіс. Ең негізгісі, ұрпақ тарату жүйесіне қатысы бар органдар берілмеуі керек.
Сөз жоқ, еліміздің қай қиырында болсын, мәйіттік донорлық мәселесі күйіп тұр. Бұл мәселе Жамбыл өңірін де айналып өткен жоқ. Қазақы таным мен салт-дәстүрді, ғұрыпты берік ұстанатын өңір тұрғындары жаһан жұрты бетбұрыс жасаған ізгі қадамға үрке қарайтыны белгілі болып отыр. Мұның бәрі сол ұлттық менталитетпен сабақтасып жатса керек.
Жамбыл облысында орган трансплантациясын күтіп отырған 141 азамат бар екенін жоғарыда айттық. Кейінгі 3–5 жылдың бедерінде өңірде 33 науқасқа орган трансплантациясы жасалғанын да тілге тиек еттік. Көрсеткішке қатысты қандай да бір сын айта алмайсың. Өйткені орган трансплантациясына қатысты шешімді әрбір азамат дербес қабылдайды. Дәрігерлердің айтуынша, адам тірі кезінде ресми түрде орган трансплантациясына келісім қалдырса, ол бақилық болғаннан кейін 4 немесе 6 адамға өмір сыйлай алады. Алайда мұндай қадамға баратын азаматтардың саны тым аз болып тұр…
Жамбыл облысы