16 Қараша, 2017

Құлаудың аз-ақ алдында тұр

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мамлют ауданына қарасты Ново­михайловка – экономика­лық әлеуеті жоғары елді мекен­дер­дің бірі. 400-ден астам отбасы түгелге жуық жұмыс­пен қам­тамасыз етілген. Әлеумет­тік ны­сандар жұмыс істеп тұр. Шаруа­шылық басшылары тұр­мы­сы төмен жандар мен қарт­тар­ға үнемі қарайласып отырады.

Құлаудың аз-ақ алдында тұр

Бір «әттеген-айы», фельдшерлік-акушерлік пункттің тозығы жетіп тұр. Бұрын мұнда жап-жақсы медициналық ғима­рат болған. Шатырына, жылу жүйе­сіне жөндеу жүргізуді басы артық іс сана­ған билік құлағын ұстаған шенеу­­ніктер бұзғызып тастапты. Оның орнына 2005 жылы тұрғызылған амбулаториялық орталықтың қазіргі жайы адам аярлық халде. Төбесі мен қабыр­ғалары опырылып, бармақ сыйып кететіндей жарықшақтар аждаһаның көзіндей үңірейіп тұр. Қазір қуаныш­тары су сепкендей басылып, сапалы медициналық ем-дом алмақ түгілі қолданылу мерзімі жарты ғасырға лайықталған ғимараттың ішіне кіруге де жүрексінеді. Ойда-жоқта жалп етіп, құлап түсе ме деп қорқады.

Бір түсініксізі, төрт мыңға жуық адамға қызмет көрсетіп келген амбула­тория жабылып, ФАП-қа айналды­рылған. Сол себепті бірқатар кабинеттер қаңырап бос қалды. Сыртқы, ішкі келбе­тінен кісі шошитын нысанды Көкшетау қаласындағы «Маредос» компаниясы салып 37 миллион теңге жұм­саған көрінеді. Қалай болса солай тұр­ғызылғанына қарағанда «әй дер әже, қой дер қожа» табылмағанға ұқсайды. Оны қабылдап алған комиссия сапасына көз жұма қараған секілді. Әйтпесе мемлекеттің миллиондаған қаражаты желге ұшпас еді. 

«Мүйіз сұраймын деп жүріп сақа­лынан айырылғанның» кебін киген тұрғын­дар болса арада екі жыл өтер-өтпес­тен шаңырағы опырылып ортасына түскелі тұрған ғимаратты пайда­лану­ға мәжбүр. Бір қызығы, нысан құрылы­сына сараптама жасалғанымен, апатты деп танылмаған. Күрделі жөндеу керек­тігі туралы шешім шығарылған. Ал шенеу­ніктердің жаңа баспана іздеп, сабылып жүргені анау! Кімге сенерсің?

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,
Мамлют ауданы