Іздегеніңізді тауып, талғамыңызға тура келетін заттарды таңдай аласыз. Кәдесыйдан бөлек қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан, тұрмыста қолданылатын немесе құнды сыйлық ретінде ұсынылатын заттар көп. Қолөнер шеберлері арасындағы бәсекелестіктің жоғары және оларға жасалған мүмкіндіктің молдығы да сұранысты қамтамасыз етуде.
Күні кеше өткен қолөнер шеберлерінің халықаралық фестивалі де бекзат өнерге деген көзқарасты білдіреді. «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткен шараға елімізден бөлек түркітілдес бірқатар елдерден «қолы алтын» шеберлер қатысты. Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаевтың айтуынша, биыл жалпы жетпістен астам жобалар іске асырылса, оның қырыққа жуығы халықаралық деңгейдегі басқосулар екен. Ал ТҮРКСОЙ-дың қазақстандық өкілі А.Тұрғанбаев: «Қолөнер – бұл өлмес өнер. Атадан балаға мирас болып келе жатқан бекзат өнерімізді жоғалтып алмау біздің парызымыз. Бұл өнерді кейінгі жастарға үйрету қажет. Сондықтан да бұл фестивальдің маңызы ерекше. Өзге бауырлас елдер қолөнершілерімен тәжірибе алмасу да бүгінгі арнайы өткен көрмеден көрініс тапты. Түркістан бір жылдық қала емес, мәңгілік рухани астанамыз болып қала бермек», деді.
Қолөнер саласындағы өткізілген тұңғыш фестиваль ТҮРКСОЙ аясында алдағы уақытта мәдени астаналарда да өз жалғасын таппақ. Фестиваль барысында қатысушылар қолөнер мектебінің шеберханасында шеберлік сыныптармен танысып, этнографиялық музейде болды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»