Қазақстан • 16 Қараша, 2017

Байғожин Римді бағындырмақ

427 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде ұлт өнерін бүкіл дүние жүзіне танытуға талпынып жүрген хас таланттарымыздың бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин екені талассыз.

Байғожин Римді бағындырмақ

Торғайда туған топжарған өзінің өзгеше сам­ғауы­мен аз ғана уақыт аралы­ғында сахна саңлағына айналды. «Астана Опера» театрының жетекші солисі атанып, көрермен көңілінен ойып орын алған образдар жасады. Олардың бәрін саусақ бүгіп санамай-ақ, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайындағы» Абай, Е.Бурсиловскийдің  «Қыз Жібегіндегі» Бекежан, Дж. Пуччинидің «Мадам Бат­терфляйындағы» Шарп­лес, Г.Дони­цет­тидің «Дон Паскуа­лесіндегі» Мала­теста партияларын айтсақ та жетіп жатыр. 

Ол сондай-ақ, бірқатар беделді халықаралық байқаулардың лауреаты. Әлемнің әр шалғайындағы әйгілі концерт залдарында өнер көрсеткені тағы бар. Веронадағы Филармоника театрында Дж.Пуччинидің «Богема­сын­дағы» Марсель және Дж.Росси­нидің «Севиль­дік шаштара­зындағы» Фигаро рөлдерін орындағанын атап өткеніміз орынды.

Бұйырса, бұл өнерпазымыз енді же­місті шығармашылық жолын­дағы ке­лесі шыңға беттеді. Қазылар алқа­сы­ның қатал сынынан сүрінбеген Сүн­дет бақталастарын басып озып, атақты Рим опера театрына қабыл­дауға мүм­кіндік беретін жолдаманы жеңіп ал­ды. Сәтін салса, Еуропадағы осы­нау танымал мәдениет ордасы қазақ­стан­дық жарық жұлдызбен екі жыл­дық келісімшартқа отырмақ. Елден ес­туі­мізше, баритондар бәйге­сіне төре­лік еткен Доменико Колаянни сын­ды корифейіңіз оның қабілет-қары­мы ата­ғы аспандаған Ла Скала әртіс­тері­нен кем соқпайтынын айтқан көрінеді.

«Астана Опера» театры­ның баспа­сөз қызметі таратқан ақжолтай ақпа­ратта бағы жанған Байғожиннің бір-екі ауыз лебізі берілген екен. «Мен өз елім­нің патриотымын. Сон­дықтан бола­шақта Отанымды асқақ­тата беруге аян­бай үлес қосамын. Елба­сымыздың «Руха­ни жаңғыру» бағдарламасында белгіленгендей Қазақстан мәдениетін жаһанға жаю ісіне қызмет етемін» делінген онда.

Сонымен Сүндет Байғожин Римді бағындырмақ. Бірақ, баяғы Аттила бабасындай римдіктерді қылыш­тың жүзімен емес әдемі әндерімен «қырмақ».

Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»