Экономика • 16 Қараша, 2017

Ақмола облысында өнім өндіру ұлғайды

508 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық коммуникация­лар қызметінде Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» Жол­дауын орындау барысы мен өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық даму көрсет­кішінің 9 айдағы нәтижесі туралы айтып берді.

Ақмола облысында өнім өндіру ұлғайды

«Мемлекет басшысының тап­сырмасын орындау мақ­са­тында, халықтың әл-ауқа­тын жақсарту бағытында эконо­ми­каның барлық салаларында жақсы нәтижелерге қол жет­кіздік. Ақмола облысында өңірге инвестиция тарту көлемі артып, өткен 9 айда 175 млрд тең­гені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артық. Елбасының Ақмола облысының алдына қойған ауылшаруашылық өн­ді­рісін ғылымды пайдалану ар­қылы дамыту, сондай-ақ ауыл­шаруашылық кооперативтерін жандандырып, елді мекендерді өр­кендету тапсырмасы бүгінгі күні облыста белсенді жүзеге асы­ры­луда», деді Мәлік Мырза­лин.

Өңір басшысы биылғы жылы аймақ диқандары 5,1 млн тонна астық жинағанын, жиналған ырыстың 88 пайызы жоғары сапалы екенін тілге тиек етті. 
«Облыста мемлекеттік қолдау алған агроқұрылымдар саны артып олардың саны 40 пайызға өсіп, элиталы дақылдар себілген алқаптар көлемі 1,4 пайызға ұлғайды. Бұл тұрғыда егістік алқаптарда агрохимия, минералды тыңайтқыштарды пайдалану жұмысы өріс алды. Мал шаруашылығын дамытуда да өңірде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Биыл облыс­та 3300 мал басына арналған 155 мал бордақылау алаңы ашыл­ды. 11 тауарлы-сүт фермасы құры­лып, 600 бас сүт бағы­тындағы ірі қара сатып алынды. Сон­дай-ақ Астана іргесінде 5 мың басқа ар­налған ешкі фермасы мен терең өңдеуге бағытталған сүт фаб­рикасы іске қосылды», деді ол.

Мәлік Мырзалиннің сөзінше облыста азық-түлік өндірісі биыл 17 пайызға өскен. Оның ішінде күнбағыс майы 1,9 па­йызға, ет 35 пайызға, шұжық өнім­дері 24 пайызға, ұн 22 пайыз­ға артқан. Сонымен қатар ол өңір­де 35 ауылшаруашылық кооперативі құрылып, құрылған кооперативтерге 9 мыңнан астам жеке шаруашылықтардың басы біріктірілгенін баяндады.

Аймақ басшысы ақмо­лалық кәсіпорындар ЭКСПО-2017 халықаралық мамандан­дырылған көрмесін өндірістік процестерді одан әрі жетілдіру мақсатында 5 үздік әлемдік технологияны енгізуді көздеп отырғанын тілге тиек етіп, бұл орайда жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. 
«Индустрияландыру бағ­дар­ламасының аясында облыс­та алтын өндіру 4 есеге ұл­ғайып, республикалық көрсет­кіштің 34 пайызын құрап отыр. Жүк автомобильдерін өнді­руде еліміз бойынша облыс көрсеткіші – 55 пайызды, кірпіш – 30 пайызды, ұн 10 пайыз­ды құрайды. Қазақстандық уран кені қорының 10 пайызы бізде. Облыс аумағында ТМД елдері ішіндегі жалғыз темір жол подшипнигін шығаратын өндіріс орны жұмыс істейді. Мұнда ішкі нарықтан бөлек, өнімдердің 80 пайызы, яғни басым бөлігі Ресейге экспортталады», деп атап өтті өңір басшысы.

Оның мәліметінше, шағын және орта бизнестің саны облыс­та 7 пайызға артып, шыға­ры­латын өнім 20 пайызға, бюджетке түсетін салық көлемі 22 пайызға артқан. Және де әкім «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

«Бағдарлама аясында 404 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 133 пайызды құрады. Мұнымен қатар жеке тұрғын үй салу көлемі 1,6 есеге өсті. Жеке тұрғын үй құрылысын одан әрі жандан­дыру үшін өңірдің 14 елді меке­нінде 7 мың тұрғын үйге инже­нерлік коммуникациялар тартылды», деді М.Мырзалин. 

Аймақ басшысының айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес облыста әлеуметтік саланы дамытуға баса назар аударылып келеді. 

«Биылғы жылы өңірде 8 жаңа мектептің құрылысы басталды. Сонымен қатар білім беру нысандарының құрылысына жеке инвесторлар тартылуда. Бү­гінгі күні Целиноград ауданын­да 2 мектеп салынуда, құры­лысы біткен соң бұл нысан­дар мемлекеттік меншікке беріледі. Мектепке дейінгі білім берумен қамтуда 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді қамту деңгейі 98 пайызға жетті. Өңірдің сапалы және қолжетімді медицина саласы да жіті назарымызда. Биылдың өзінде облысқа 214 медицина саласының қызметкері тартылды. Олардың 91-і дәрігер», деді М.Мырзалин.

Сонымен қатар ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл басынан бері 4500 түрлі бағыттағы іс-шара ұйым­дас­тырылғанын да айтып өтті.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»