Семейдегі бір мектептің аты берілсе...
«Биыл Кеңес Одағының Батыры Зәкәрия Белібаевқа Семейден көше атауын бергіздік. Бірнеше ардагер бір жыл, 18 ай жүгірдік осы үшін. Жазбаған жеріміз қалмады. Ең соңында Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов көмектесті», деп сөзін сабақтаған қария одан әрі әңгіме ауанын Баян Байғожинаға қарай ойыстырған. Зәкәрия Белібаевқа көше атауын бергізуге сүбелі үлесін қосқан Түгелжан апа енді Абай ауданының Архат ауылынан шыққан алаштың жаужүрек қызы Баян Байғожинаға Семей мен Өскеменнен көше, мектеп аттары берілсе деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп, құзырлы орындарға хат жолдағанымен әзірге көңіл қуантатындай нәтиже болмай отырғанына қынжылысын білдірді. «Аудан орталығы Қарауылда бір көше мен балабақшаға батыр қыздың есімі берілген. Баянды туған жері Абай ауданы, Абайдан көшіп келгендер ғана біледі. Басқа ешкім білмейді. Жүрегім ауырады осыған. Жеңіске небары 12 күн қалғанда қыршынынан қиылған, 24 фашистің көзін жойған қазақтың батыр қызына қандай құрмет көрсетсек те лайық. Оның есімі Мәншүк, Әлия, Хиуаз сынды қайсар қыздарымызбен бірге аталуы тиіс деп ойлаймыз. «Халық қаһарманы» атағын берсе де болар еді. Бірақ бұған қол жеткізу мүмкін емес секілді көрінеді. Семейден көше бермесе де, ең болмаса қаладағы бір мектепке атын берсе деп армандаймын. Қаншама оқушы, қаншама халық білер еді, бүкіл дәптерлерге аты жазылып, Баян туралы сөздер сөйленер еді, кездесулер өтер еді», дейді бүгінгі зейнеткер, бұрынғы ұлағатты ұстаз.
Балдаққа сүйенсе де, «Баян» деп шырылдап жүрген жанның «қазақтың батыр қызына «Халық қаһарманы» атағын берсе де болар еді», деген сөзінің жаны бар секілді. Өйткені бұған дәлел де бар. Бірінші дәлел – «Правда» газетінің әскери тілшісі Павел Кузнецовтың 1945 жылы 23 наурызда жазған «Шыңғыстаудың Баяны» атты мақаласы. Өзінің мақаласын «Төгілген ұзын шашын айқастыра ұстап, солдат бөркін баса киген қарақат көзді Баянның жүзі Қазақстанның күн сәулетті кең жайлауынан жаңа ғана келгендей қошқыл тартқан. Біз онымен Гинденбургте Валинштрасседе қашып үлгермеген неміс Бюргерінің салтанатты кең үйінде кездестік», деп бастаған орыс жазушысы қазақтың батыр қызы ең алғаш «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып, кейін екі мәрте «Даңқ» орденін кеудесіне қадап, Гинденбург іргесіндегі ұрыста снаряд жарықшағынан алған бетіндегі жарақатына қарамастан, 15 фашисттің көзін жойғаны үшін «Отан соғысы» орденін алғанын тамсана жазады. Баянның даңқы соғыс уақытында бүкіл дивизияға тарап, Белоруссия, Польша және Литва жеріндегі шайқастарға қатысып, ерен ерлік көрсеткенін атап өтеді де: «Сөйтіп Баян Байғожина бізге: «Берлинде көріскенге дейін сау болыңыздар», деп алға жылжыды. «Берлинде жеңіспен көріскенге дейін қош бол, Баянжан!», дедік біз», деп аяқтайды мақаласын.
Баян Байғожинаға қатысты екінші құжат – аға лейтенант Мұрат Қабышевтің 1945 жылы 29 наурызда жазған хаты (полевая почта 48924). Семей облыстық мемлекеттік архивіндегі сақталған жауынгер хатында ол: «Март айының (1945) бас кезінде Германиядағы Г. қаласынан 7 шақырым жерде бекініп отырған советтің үш солдат қызымен кезіктім. Қиылған қас, қара көз, қараторы, басына солдат малақайын киген қыз менен: «Ағай, қай жердікісіз?», деп сұрады. «Семей облысы, Абыралы ауданынанмын» деген сөз менің аузымнан шығуы мұң екен, көптен жерлестеріне кездеспеген қазақтың батыр қызы «Туған ағам болдыңыз ғой. Мен Шыңғыстауданмын. Баян Байғожина» деп шап беріп қолымды алды», дей келе П.Кузнецов жазған төрт орден мен «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі бар екенін жазады. «Мұндай Отанға еңбегі сіңген қазақ қыздары санаулы. Баян қазір госпитальде. Ол менен туған елдің газетіне хат жазуды сұрады. Қазақ қыздары, Баян сияқты еңбек сіңіріңдер», деп түйіндепті хатын жауынгер.
Ауылда 15 жыл «Баян» клубын жүргізді
Ауруханадағы әңгіме барысында аңғарғанымыз, саналы ғұмырын батырлар мен ақындар елі Абай ауданының Архат ауылында өткізіп, ұстаздық қызмет атқарған Түгелжан Әзімханова Баян Байғожина есімін ұлықтауды сонау 90-жылдары бастаған екен. Отыз жылдан астам уақыт Архат ауылындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстаз 1993 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін аз уақыт тыныс жасап, 1998 жылы үйінің іргесінде қараусыз тұрған бұрынғы сауда дүкенін сатып алады. «Бұл дүкен жұмыс істеп тұрған кезде Баян Байғожинаның есімімен аталған болатын. Мектепте әдебиет үйірмесін жүргізіп, дарынды оқушылармен әртүрлі сахналық көріністерді қойған тәжірибем бар. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген сөз рас екен. «Осы ғимаратты неге рухани бағытта пайдаланбасқа?», деген ой туды. Сөйтіп жартылай құлап жатқан құрылыстың бір жағын жөндеген болып, онда тұңғыш рет жоғары оқу орнын бітіріп келген жастармен «Оралыңдар, дипломды маман боп» деген кеш өткіздім. «Баян» клубы осылайша дүниеге келді. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, осы клубты ешкімнен бір тиын алмай 15 жыл бойы жүргіздім. Семейдегі ақын-жазушылардың көпшілігін ауылға шақырып, кештеріме қатыстырып отырдым. Кейбірінің кітаптарының тұсаукесерін өткіздік. Бір қызығы, кешті де өзім ұйымдастырып, келген қонақтарға дастарқанды да өзім жаятынмын. Менің қолымда ақша қайдан болсын?! Дастарқанның ішіп-жемін отағасына білдіртпей үйден алып келетінмін. Сондай кездердің бірінде сол шақтағы аудан әкімі Қонысбай Төлеубековке «Мен осы таза Қожанасырмын» дегенімде, ол кісінің «Қожанасыр осал адам болмаған», деп қалжыңдағаны есімде қалыпты», деп еске алады кейіпкеріміз сағынышқа толы өткен күндерін.
Байырғы ұстаз әр әдеби кешін Шерхан Мұртазаның «Қарын ашады, тойынады, бірақ рухты төмендетуге болмайды. Рухы төмен адамнан ештеңе күтуге болмайды» деген тағылымды сөздерімен бастайды екен. Әр мекеменің маңдайшасына жазып қоятындай-ақ сөз. Осы 15 жыл мұғдарында ұстаз тек Абай ауданы, Семей өңірі ғана емес, елімізге, әлемге танымал тұлғалардың шығармашылығын да насихаттап әдеби кештер өткізеді. 1998 жылы атақты жазушы Шыңғыс Айтматов 70-ке толғанда «Адамзаттың Айтматовы» деген кеш ұйымдастырып, соңынан шара жайындағы барлық материалдарды сол кездегі Қазақстанның қырғыз еліндегі елшісі Мұхтар Шаханов арқылы қаламгердің өзіне жолдайды. Әйгілі сөз шебері сонау шалғайдағы Шыңғыстауда өзінің шығармашылығын әспеттеген қарапайым ауыл адамдарына қатты риза болыпты деседі.
Шағын ғана ауылда «Баян Байғожина атындағы әдеби-рухани клубты» құрып, 15 жыл бойы қырдағы жұртты әнмен, жырмен сусындатқан Түгелжан апа 6 жылдан бері денсаулығына байланысты Семейде тұрып жатыр. «Өз уақытын аямаған, өзгелердің бақытын аялаған» ұстаздың сан жылғы еңбегі, төккен тері ескерусіз қалмаған секілді. Мектепте ұстаздық еткен жылдары «Қазақстанның оқу ағарту ісінің үздігі» атағын иеленсе, зейнетке шыққаннан кейін «Алтынсарин» медалін кеудесіне қадап, «ҚР мәдениет саласының үздігі» атаныпты. Екі мәрте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатын алыпты. «Осыдан екі жыл бұрын «Абай ауданының құрметті азаматы» атағын табыстады. Совхозда бас мал дәрігері болған жұбайым да ауданның құрметті азаматы. Бір үйде екі құрметті азамат бармыз. Елдің құрметі, еңбегіміздің өтеуі деп білемін. Бір басыма жететін қайғым да бар. Екі үлкен балам полигонның құрбаны болды. Сол қайғыны осы жұмыстармен, әдеби кештер өткізумен, ел-жұрттың ақ батасымен, жылы лебізімен жеңдім», дейді ол.
Түйін
Мақала жазылып жатқанда Түгелжан апамыз телефон соғып, Семейдегі №37 қазақ орта мектебі ішінен Баян Байғожина атындағы әскери-патриоттық, спорттық клуб ашылғанын қуана жеткізді. Бұл іске қаладағы қорғаныс істері басқармасы ұйытқы болыпты. Аталған басқарма басшысының көмекшісі Кенжебай Бердікеновпен хабарласқанымызда ол кісі шаһарда осындай 18 клуб бар екенін, батыр атындағы клуб мүшелері алдағы уақытта Германиядағы Қазақстан елшілігіне Баян Байғожинаға қатысты сұраным жіберуге әзірленіп жатқанын айтты. Сонымен қатар басқарма тарапынан Мәскеу архивіне сұраным жолданғанын, әзірге жауап келмегенін жеткізіп, жақын күндері батыр есімін ұлықтау үшін қалалық деңгейде сайыс ұйымдастыруды жоспарлап отырғандықтарын тілге тиек етті. «Бастамасы жаман емес. Енді осы мектепке ме, әлде қаладағы өзге білім ордасына ма, батыр қыздың атын беру керек. Осыны газетке жақсылап жазыңдаршы, айналайындар. Менің басқа тілегім жоқ», дейді қария.
Аурухана төсегіне таңылып жатса да, сыр білдірмей, ұмыт қалған қазақтың қайсар қызы ел жадында жаңғырса деп жаны жай таппаған ұлағатты ұстаздың тілегін Өскемен мен Семей әкімдігі ескерер, оң шешім қабылдар деп үміт етеміз.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы
Сурет «Абай» журналының бас редакторы
Мұратбек Оспановтың жеке архивінен алынды