Тарих • 16 Қараша, 2017

Леонардоның «Әлем құтқарушысы» картинасы $450 млн-ға сатылды

603 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Леонардо да Винчидің «Әлем құтқарушысы» картинасы Нью-Йоркте өткен Christie's аукционында 450 312 500 АҚШ долларына сатылып, рекорд орнатты, деп хабарлайды Кристис аукцион үйі. 

Леонардоның «Әлем құтқарушысы» картинасы $450 млн-ға сатылды

Сатып алушы аукционға телефон арқылы қатысқан әрі аты-жөнінің жарияланбауын қалаған. Саудаласу рәсімі 20 минутқа жалғасты. Шедеврді бағалауда бірден 100 млн доллардан басталған. Мұндай қымбат баға ретінде тіркелген туынды Пабло Пикассоның «Алжирлік әйелдер» атты картинасы екі жыл бұрын 179 млн АҚШ долларына сатылған болатын.

Әлем құтқарушысы

1519 жылы дүниеден озған ұлы суретшінің артында 20-ға жуық еңбектері қалған. 1505 жылдан кейін салынған деп саналатын аталған туындысы жеке коллекцияда сақталған бірден-бір үздік картинасы. Картинада Христос ертедегі гректердің ұзын көйлегі хитон жамылған, киім алтынмен зерленген. Зерттеушілер картинаның белгілі бір уақыттарда Англия королі I Карлдың меншігінде болғанын айтады.

Картинаның сатылу тарихы 1958 жылдан басталады. Алғаш рет аукционда Да Винчидің шәкірттерінің бірінің картинасы деп танылып, 60 АҚШ долларына бағаланған. Тек 2005 жылы ғана «жоғалған Леонардо» деп нарықта үлкен қызығушылық тудырған болатын.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»