Футбол • 16 Қараша, 2017

Соңғы жолдаманы Перу құрамасы иеленді

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресей жерінде өтетін 2018 жылғы футболдан Әлем чемпионатының барлық қатысушыларының есімдері белгілі. Ең соңғы, 32-команданың орнын Перу ұлттық құрамасы жеңіп алды. 

Соңғы жолдаманы Перу құрамасы иеленді

Соңғы рет 1982 жылы Әлемдік додаға қатысқан Перу араға 36 жыл салып жаһандық жарысқа қайта оралды. Өтпелі матчта олар Жаңа Зеландия командасын өз алаңында 2:0 есебімен жеңді. 16-қараша күні Перуде демалыс деп жарияланды. Мемлекет басшысы "Егер ұлттық құрама Әлем чемпионатына жолдама алса, сол күні күллі халыққа демалыс жарияланады" деп уәде берген еді. Айта кетейік, тура осындай жарлық Панама елінде де орын алды.

Осы елдің ұлттық құрамасы Әлем чемпионатына тарихында тұңғыш рет шығып отыр. Бұл елді қазір әлемдік футболдың шолушылары "бағы бар команда" деп айтып жүр. Себебі, АҚШ құрамасы өз алаңында Тринидад ұжымынан жеңіліп, панамалықтар Коста-Рика құрамасын жеңіп кетті. Негізі ол ойында Коста-Рика бірінші болып гол соғып, алға шықты. Алайда, 57-минутта алаң иелері таразы басын теңестірді. Ал ойынның 88-минутында Роман Торрес тарихи голдың авторы атанып, Панаманы тұңғыш рет Әлем чемпионатына алып шықты. Роман Торрес қазір Панамада халық қаһарманы деген атаққа ие. Тіпті, Араайян қаласындағы стадионға Роман Торрес есімі де берілді. 

Панама құрамасының ойыншысы - Роман Торрес

Сонымен, келер жылы Ресейде өтетін Әлем чемпионатының 32 командасы анықталды. ФИФА оларды рейтингтеріне сәйкес 4 себетке бөлді. Әр себеттің командалары бір-біріне топ ішінде қарсылас атанбайды. Яғни жеребе тарту кезінде әр себеттен бір командадан алынады. Сонымен қатар, бір топта еуропалық командалар саны екеуден аспауы тиіс. Болжам бойынша "өлім тобына" - Франция (7), Уругвай (17), Сенегал (32), Сербия (38) құрамалары түсуі мүмкін. Естеріңізге сала кетсек, жеребе тарту рәссімі 1-желтоқсан күні Мәскеудегі Кремльде өтеді.  

Ермұхамед Мәулен