Үкімет • 17 Қараша, 2017

Асқар Мамин Әзербайжан президентінің қабылдауында болды

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бакуде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

 

Асқар Мамин Әзербайжан президентінің қабылдауында болды

А.Мамин Әзербайжан пре­зи­дентіне Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді. 

И.Әлиев те Қазақстан Прези­ден­тіне ыстық ықыласын білді­ріп, Елбасының биылғы сәуір­дегі Бакуге ресми сапары Қазақ­стан – Әзербайжан елдерінің ара­сын­дағы қарым-қатынасқа тың серпін бергендігін атап өтті. 

Кездесу барысында екі ел ара­сын­дағы сауда-экономикалық қа­ты­нас­тардың барлық саласын да­мытудың болашағы талқы­ланды.

«Әзербайжан Қазақстанның Кавказ өңіріндегі ірі стратегиялық серіктесі», дей келіп А. Мамин қа­зіргі таңда Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынасы барлық салада жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталды. 

Кездесу барысында Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Қазақстан-Әзер­бай­жан Үкіметаралық комиссия­сының екі ел арасындағы 2017-2020 жылдарға арналған сауда-экономикалық Жол картасын жасағанын хабарлады.

И.Әлиев Қазақстанның Транс­каспий халықаралық көлік дәлі­зінің әлеуетін тиімді пайдала­ну­дағы Баку −Тбилиси – Карс желі­сінің зор маңызын атап өтті.

«Құрық порты арқылы авто­көлік және автомобиль жолдарын пайдалануға беру Азия − Еуропа бағытындағы жүк ағынын едәуір көтереді. Биылғы 10 айда порт арқылы жүк тасымалдау көлемі 2,5 есеге артып, 1 миллион 650 мың тоннаны құрады. 2020 жылға қарай контейнерлік тасымал көлемін 300 мың ЖФЭ-ге жеткізу көзделуде», деді А. Мамин.

Кездесуде екі ел арасындағы көлік-логистикалық және те­мір жол машинасын жасау сала­сын­дағы қатынастың табысты екен­дігі атап өтілді.

«Сауда ағындарын заманауи логистикалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және сапалы қыз­мет көрсету транзиттік дәлізге қа­тысушы елдердің жаңа нарықты тез меңгеріп, жүк ағындарын тартуы үшін жүктің жеткізілу жылдамдығы мен бағасының арзандауына септігін тигізеді», деп атап өтті А. Мамин.

Тараптар Ақтау, Құрық жә­не Алят порттарындағы қызмет­тер­ді жапсарлас атқарып, ком­мер­циялық тартымдылығын көтеру арқылы жүк тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау керектігіне назар аударды. 

Кездесуде тараптар тауар айналымын әрі қарай өсіре тү­су үшін қажетті шараларды қа­былдап, Қазақстан астығының жы­лына 1 миллион тоннасын экс­портқа шығару көлемін қалпына келтіруге уағдаласты. 

Тараптар сонымен қатар инвестиция саласындағы, аграрлық-өнеркәсіп секторындағы, мұнай-газ саласындағы қатынасты одан әрі дамыту мәселелерін тал­қы­лады.