Қазақстан • 17 Қараша, 2017

Ерлан Саиров: Жаңа әліпбиді қоғамның барлық буыны қолдап отыр

330 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Латын графикасына көшу бойынша барлық өңірде алқалы басқосулар өтіп жатқаны белгілі. Жуырда отандық беделді сарапшылармен бірге ел ішінде болған белгілі әлеуметтанушы Ерлан САИРОВПЕН әңгімелескен едік. 

Ерлан Саиров: Жаңа әліпбиді қоғамның барлық буыны қолдап отыр

– Ерлан Биахметұлы, жалпы әлеуметтің жаңа әліпбиге деген көзқарасы қандай? Өңірлердегі кездесулерде қандай мәселелер қозғалды?

– Ең алдымен латын графикасын енгізу мәселесі қоғамымызда жаппай сенім туғызғанын айтуымыз керек. Азаматтардың басым көпшілігі, оның ішінде зиялы қауым өкілдері, жастар жағы латын графикасын енгізуге жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Біз өңірлердің барлығын аралап шықтық. Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және басқа да облыстарды аралау барысында жергілікті тұрғындардың латын графикасының мәні мен маңызын жан-жақты түсінетінін байқадық. Дегенмен әліпбиді енгізудің әдістері мен тәсілдері жөнінде әлі де қаралуы тиіс мәселелер бар. Бұл жайттар алда­ғы уақытта мемлекеттік комиссия аясын­да шешіледі деген үміттеміз. 

Жалпы, латын графикасының ен­гізілуі Қазақстанның тәуелсіздік алуы, Конституцияның қабылдануы, елорданың Арқа төсіне көшуі сияқты ірі саяси оқиғаларға бара-бар тарихи кезең. Өйткені латын графикасын енгізу – ұлт руханиятын жаңа өр­кениет пен гуманитарлық сапаға жеткізудің алғышарты. Бүгінде латын графикасын 4,5 миллиард адамға дейін қолданады. Мұны тек механикалық тұрғыдағы қаріп таңбалары емес, әлемдік өркениеттің құндылықтары мен ой-өрісі, мәдениеті деп қараған абзал. Сондықтан еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі деп айтуға толық негіз бар. 

– Жалпы, қазіргі жаһандану үр­діс­тері жаулап алған жаңа ға­сыр­­да жа­ңа әліпбиді насихат­тау­дың қа­же­ті бар ма?

– Студенттерге, жастарға латын графикасын енгізуді үгіттеудің, насихаттаудың қажеті жоқ. Мәселен, Семей қаласындағы студенттер қауымымен кездескенімізде, олар   жаңа әліпбиді заң жүзінде заңдастырып берсеңіздер деген өтініштерін айтты. Ал қоғамның басқа өкілдері егер латын графикасын дұрыс, кешенді түрде, жан-жақты енгізе алсаңыздар, біз де, балаларымыз да осы уақыттан бастап латын графикасына көшуге әзірміз десті. Яғни латын графикасына көшуге қатысты қоғамда күрделі мәселе жоқ. Бұл қадам Қазақстандағы басқа ұлттарды қазақ ұлтының аясында біріктіруге төте жол салып жатқанын енді байқап жатырмыз. Сондай-ақ өміріміз өзгеріп, өмірмен бірге көзқарасымыз да өзгеріп жатыр. Айталық, жуырда НАСА агенттігінің кеплер зонды параметрлері Жерге сәйкес келетін планетаны тапты. Табылған планетада жер де, су да, тау да бар екен. Ал температурасы 22 градусқа дейін жылы. Сонымен бірге SpaceX компаниясының басшысы Илон Маск 2025 жылы Марсқа адамдарды жіберіп, алып келетінін айтты. Мұның бәрі өміріміз бен болмысымыздың өзгергенін көрсетіп отыр. Сол сияқты латын графикасына көшу балалар мен немерелеріміздің басқа сапалық деңгейге, бүгінгі таңның үрдісіне сай өмір сүруіне негіз қалайтын болады. Өйткені тарих көшінде қалып қойсаңыз, жоғалып кетесіз. Сондықтан бағытымыз өте дұрыс. Мұны қоғамның қолдауы, жан-жақты талқылауы қуантады. Бұл азаматтық қоғамның бей-жай еместігін, өз тағдырын өз қолына алғысы келетінін көрсетеді. Сонымен бірге латын графикасын талқылау жанама нәтижелерге алып келіп жатыр. Бұл қоғамдағы пікірталастың сапалық деңгейге көтерілуі. Яғни еліміздегі демократия тетігінің тікелей өзегіне айналды деп айтуға болады. Еліміздегі әр адам әрбір көкейкесті мәселені талқылап, жеке дауысының нәтижеге жетуге ықпал ететінін білді. Бұл да қуантады. Біз мыңдаған студентпен, әлеуметік желідегі белсенді топтардың өкілдерімен кездестік. Барлығының да жаңа әліпбиге қызығушылығы жоғары. Әрине, кездесулерде көтерілген мәсе­лелер жеткілікті. Латын графикасын қабылдауға қатысты Елбасы Жар­лы­ғының екінші тармағына сай мем­ле­кеттік комиссия құрылады. Осы комис­сия аясында аталған мәселелер тағы да ұштала, жетілдіріле түседі деп сенемін. 

– Латын графикасына көшкен мем­лекеттердің тәжірибесі қанша­лықты ескерілмек?

– Қазір түркі тілдес елдердің басым бөлігі, оның ішінде көршілес Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан мем­лекеттері латын графикасын қол­данады. Олардың тәжірибесінің оң жағын да, кемшін тұстарын да ес­керуіміз керек. Түркітілдес елдердің бір графикалық кеңістікте болуы тіл­дік жақындасуымызға ықпалын ти­гізеді. Өйткені Қазақстан өз тарихында отарлану кезеңін бастан кешкен ел. Осы отарлану саясатының нәтижесінде, мәселен, қазақ пен ноғай біртілді халық болатын болса, жаңа графика бойынша екі халыққа екі түрлі таңбалар енгізіп, ортақ тілімізді бөліп жіберді. Дәл осындай саясат бауырлас түркітілдес халықтар арасында да жүргізілді. Сондықтан да тілдеріміз бөлектенді. Тіл бөлектенген соң ойлау мәдениеті де бөлектенеді. Менің ойымша, бүгінде латын графикасын енгізу түркі тілдес халықтардың салт-дәстүр, мәдениет, руханият саласын жақындастыруға зор ықпал етеді. Болашақта бірегей мәдени ке­ңіс­тік жасап, гуманитарлық салада жұдырықтай жұмылуға алғышарт болады. Өйткені дүниеде көптеген геосаяси өзгерістер болып жатыр. Жаңадан ірі саяси, экономикалық орталықтар пайда болуда. Әлемде Қытайдың рөлі артты. Еуропада тұрақтылық сақталмай тұр. Міне, осындай айнымалы заманда біздің туыстармен бірге болуымыз өте маңызды, олармен иық тіресіп жүрсек, келешекке де дұрыс қарай аламыз. Бұл ретте гуманитарлық бірегейлік әлеуметтік-экономикалық бірлікке алып келуі ықтимал. Себебі еліміз әрі қарай дамуы үшін әлеуеті зор, сондай-ақ мәдениеті жақын елдермен сауда-саттық жасауы керек. Міне, осы орайда Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркия сияқты елдермен инвестициялық қарым-қатынасымызды арттырсақ, экономикамыз жақындай түсуі ықтимал. Мұның өзі еліміздің әлеуметтік-қаржылық әлеуетінің артуына алып келеді. 

Сонымен бірге біз технология мен ноу-хау дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Дүние жүзіндегі технология мен ноу-хаудың жаңа буыны мен өнімі латын графикасында, латын психологиясында қалыптасады. Жастар болашаққа дұрыс қадам басып, отандық ғылымды жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін де осындай түбегейлі өзгеріс қажет. Мұны кеңірек қарастыратын болсақ, балаларымыз смартфон мен гаджет арқылы латын графикасына қазір де еніп кеткенін байқаймыз. Сондай-ақ цифрлы технологиялар заманына келе жатырмыз. Оның бәрі латын әрпінде. Сондықтан озық, интеллектуалды ұлт болуымыз үшін латын графикасын қа­былдау қажеттілігін қоғамның бар­лық буыны түсініп отыр.

Әңгімелескен 
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»