Қазақстан • 17 Қараша, 2017

Лос-Анжелесте Қазақстан мәдениеті мен киносының күндері өтеді

440 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 19-23 қараша аралығында Лос-Анжелес қаласында (АҚШ) Қазақстан мәдениеті мен киносының күндері өтпек. Онда әр жылдардағы Қазақстан кинематографының ең үздік туындылары ұсынылып, жетекші өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт беріледі. 

Лос-Анжелесте Қазақстан мәдениеті мен киносының күндері өтеді

Шара Қазақстан Республикасының  АҚШ-тағы елшілігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан кинематографиялық өнері мен ғылымдары академиясымен бірлесіп өткізілмек.  «Spirit of the Great Steppe» аталатын бұл шараның басты мақсаты – америкалық  көрермендерді Қазақстанның бай ұлттық - мәдени мұрасымен таныстыру.

Аталған шараға  Қазақстанның  АҚШ-тағы елшісі - Ержан Қазыханов, Қазақстан Республикасы  Мәдениет және спорт министрі - Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан кинематографиялық өнері мен ғылымдары академиясының президенті – Айман Мұсақожаева және мәдениет пен  кинематографтың өзге де белді қайраткерлері қатысады.

– Қазақстан Республикасының мәдениеті мен киносының күндерін АҚШ-та өткізу америкалықтардың қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Сонымен қоса, Қазақстан мен Американың мәдени байланысының жаңа кезеңі болмақ, -  деп атап өтті Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек Мұхамедиұлы. – «Қазақстан Республикасының мәдениеті мен киносының күндері АҚШ - та  бірінші рет өтікізіліп жатқан жоқ. Десе де,  бұл іс-шара екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынас тарихында қалатыны  сөзсіз! «Spirit of the Great Steppe» – «Ұлы Дала Рухы » атты шарамыздың  көздеген мақсаты – америкалық көрермендерін  Қазақстанның бай ұлттық - мәдени мұрасымен таныстыру болып табылады. Осы шара аясында сіздер, он алтыншы ғасырдағы қос ғашықтың өмірінен сыр шертетін «Қыз Жібек» кинофильмін тамашалай отырып, қазақтың мәдени мұрасының бір бөлігімен танысасыздар. Сонымен қатар, «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінде он бесінші ғасырдың ортасындағы қазақ тарихы баян етіледі. Ұзақ жылдар бойы бастары бірікпей, шашырап жүрген халықтың бір ту астына жиналып, өз ішінен хан сайлап ел болғаны суреттеледі.

АҚШ-та Қазақстан Республикасының мәдениеті мен киносының күндері 20 қараша күні, Сабан театрында режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» атты  көркем фильмімен салтанатты түрде ашылады. Көрсетілім аяқталғаннан кейін, Халық артисі  Айман Мұсақожаеваның, халықаралық байқаулардың лауреаты Еділ Құсайыновтың, Қазақ Ұлттық өнер университетінің Еуразиялық Симфониялық оркестрінің, «Шабыт» және «Айгөлек» атты ансамбльдердің қатысуымен үлкен концерт өтеді.

–  Қазақстан киносының шетелдегі көрсетілімі – бұл Қазақстанды саяси халықаралық аренада  қарқыны жоғары  мемлекет қана емес, заманға сай,  сапалы, кәсіби киноконтент өндіруші ретінде таныту. Мұны еліміздің мемлекеттер арасындағы кинематограф саласында ынтымақтастық орнатуға арналған жарнамасы десе де болады. Сонымен қоса, Қазақстанға туристер легін тарту үшін шетелдіктердің біздің елмен танысуларына мүмкіндік береді. Еліміз, мәдениетіміз, тарихымыз бен қол жеткізген жетістіктеріміз, салт-дәстүріміз жайында  қоғамда оң пікірлердің қалыптасуына, мемлекетіміздің халықаралық орнының нығаюына ықпал етпек, - деді Қазақстан кинематографиялық өнері мен ғылымдары академиясының президенті   Айман Мұсақожаева.

Сондай-ақ, осы шара аясында, режиссер Сұлтан-Ахмет Қожықовтың «Қыз Жібек», «Балалық шағымның аспаны»  және режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алмас қылыш»  картиналары ұсынылатынын атап өту керек. Аталған фильмдер қазақ тілінде ағылшын субтитрларымен көрсетіледі.