Еркін Оңғарбаев: Барлық тараптардың ұсынысын тоғыстырған жоба болды

Дін саласындағы заңнамаларға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар туралы алуан түрлі пікір бар. Құжат қоғам талқылауына түскен соң, әркімнің де ойы мен ұсынысын жеткізуге құқы бар. Бұл бір жағынан демократиялық ахуалды жаңғыртса, екіншіден көпшіліктің билікке деген сенімділігін нығайтатыны хақ. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі  Дін істері комитеті төрағасының орынбасары, заң ғылымдарының докторы Еркін Оңғарбаевпен сұхбатымыз да осындай ой төңірегінде өрбіді.  

Егемен Қазақстан
19.11.2017 6711
2

– Еркін Әнуарұлы, Дін істері комитетіндегі лауазымыңызға тағайындалғаныңызға да бес айдың жүзі болды. Сізді осыған дейін заңгер-ғалым және білім беру саласында басқарушылық қызмет атқарған маман ретінде танысақ, бүгінде идеология саласынан көріп отырмыз. Енді осында келген шешіміңізбен және дін саласындағы басымдықтармен ой бөліссеңіз.

– Рахмет, еліміздің жетекші баспасөз құралы болып табылатын «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат беріп, оқырмандармен ой бөлісу мен үшін қашан да үлкен мәртебе. Сауал төркініне оралсам, өзіңіз айтып отырғандай, менің осыған дейінгі уақытым заңтану ғылымымен және сол салада білім берумен байланысты болды. Заң саласы қоғамдық қатынастардың барлық тұсын реттеуді қамтитындықтан, дін саласы мен үшін жат деуге келме қоймас. Дегенмен, министрлік басшылығы тарапынан Дін істері комитетін басқаруға ұсыныс түскенде біраз ойланып-толғанғанымды мойындаймын. Ұзақ жылдар ғылым және білім беру саласында жүргендіктен, қай мәселеге болсын өте мұқият және жан-жақты қарай отырып, шешім қабылдау, былайынша айтқанда, қаныма сіңген әдет және жеке принциптерімнің бірі. Сондықтан ұсынысты жан-жақты таразылап, осыған дейінгі алған білімім, жинақтаған тәжірибем дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға көмегі тиер деп ойладым.

Бұл қазіргі күнде еліміздің ішкі саясатындағы ең өзекті мәселе болып отырған дін саласының маңызы мен өзектілігін объективті түсінуден туындаған ойлану болатын. Басқаша болуы мүмкін де емес, өйткені дін саласы Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан үнемі назар аударып отырған өте нәзік салалға жатады. Бұл, өз кезегінде, министрлік басшылығының бізге қатысты мықты әрі нақты талаптарын тудыратыны заңды құбылыс.

Өздеріңізге мәлім, министрліктің биылғы қызмет басымдығы Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын және «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының жекелеген заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу мен бекітуге дейінгі маңызды жұмыстарға бағытталып отыр. Бүгінде Тұжырымдама Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілді, оны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары Үкімет қаулысымен мақұлданды. Енді заң жобасы Үкімет деңгейінде қаралуда.

Менің өмірлік тәжірибем осы екі үлкен маңызды құжаттың дайындалуына кішкене болса да септігі тиді деп үміттенем... Әрине, заң жобасы кең қоғамдық талқылаулардан, сан алуан апробациялардан өтті, нәтижесінде көптеген өзгерістер енді және әу баста заң арқылы шешімін табуы көзделген бірқатар мәселелер алынып тасталды. Жалпы, заң жобасын әзірлеуде бұл қалыпты жағдай. Қоғам, басқа да мемлекеттік органдар тарапынан әзірлену сатысындағы заң жобасына қатысты ұсыныстар көптеп түсіп жатады – оның кейбіреуі қолдау тапса, екінші бір ұсыныстарға қатысты пікір қайшылықтары бой көрсетіп жатады. Мәселен, заң жобасының бастапқы нұсқаларында бүгінгі қоғамымыз үшін өзекті болып табылатын екпе, діни неке туралы толықтырулар енгізу көзделген болатын. Дегенмен, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам белсенділерінің ұсыныстары негізінде олар алынып тасталды. 

Жалпы, Үкіметке енген заң жобасында қоғам мен барлық мүдделі мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен ескертулері көрініс тапты деп толық сеніммен айтуға болады. Біз осы заң жобасы арқылы мемлекет пен діни бірлестіктердің арасындағы өзара әрекеттестікті күшейтуді, ел Конституциясында көрініс тапқан зайырлы мемлекет қағидатын ілгерілетуді және дін саласындағы мемлекеттің функциясын жетілдіре түсуді мақсат еттік. Осының бәрі, сайып келгенде қоғамдағы тұрақты діни ахуалды одан әрі нығайта түсетіндігіне сенімдімін.

– Дін саласына қатысты заң жобасында көрініс тапқан өзгерістер туралы жалпы мәліметіміз бар. Десе те, осы заң жобасында көзделіп отырған бір-екі өзгерістер туралы айта кетсеңіз?

– Заң жобасында жоспарланып отырған өзгерістер мен толықтырулардың барлығы маңызды. Мәселен, мен дін саласындағы уәкілетті органның діни бірлестіктердің қызметін бақылауын күшейтудің заң жобасында көрініс табуын құптаймын. Қазақстан қоғамында діндар адамдар санының жылдан-жылға өсіп отырғанын ескерсек, экстремистік және деструктивті идеялардың насихатталуына, діни өшпенділік пен күш көрсетуге шақыруға жол бермеу үшін діни бірлестіктердің қолданыстағы заңнамалар мен жарғыларын орындау бөлігіндегі қызметтеріне – діни білім беруге, діни әдебиеттер мен БАҚ-та жарияланатын діни материалдардың мазмұнына бақылау орнатуды іске асырудың қажеттілігі айқын. Осыған орай, салалық заңға сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі жатыр. Сонымен қатар, заңнамалық өзгерістер қатарында діни салада жиі пайдаланылатын бірқатар ұғымдарды нақты айқындаудың көрініс табуын өте дұрыс қадам деп білемін. Өйткені, термин-ұғымдарды нақтылап алу оларды қолдану практикасында бірізді түсіну мен қолдануды қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан алғанда, заң жобасында «діни әдет-ғұрып», «діни рәсім», «діни жиналыс», «зияраттау», «діни әдебиет» және «діни мазмұндағы діни ақпараттар» түсініктері кеңірек ашылды. Сонымен қатар «тәкфіршілік» пен «жихадшылық» көріністерін  қамтитын «деструктивті ағым», «радикалдық діни ағым» тәрізді ұғымдар нақты айқындалып өз анықтамасын алып отыр.

Осы ретте, деструктивті діни ағымды ұстанушылардың белгілерін белгілі бір нормативтік құқықтық құжаттармен бекітіп алу өте маңызды дер едім. Заңнама жобасында осы мәселе бойынша уәкілетті органға мүдделі құқық қорғау органдарымен бірлескен бұйрық қабылдау көзделген.     

– Еркін Әнуарұлы, қазіргі таңда БАҚ беттерінде дәстүрлі емес исламдық ағымдардың идеяларын ұстанушылардың мешіттерде дөрекілік көрсетіп, мешіт имамы мен жамағаттың шырқын бұзатын деректер бар деген ақпараттар оқта-текте көрініс тауып отырады. Заң жобасында осы мәселенің реттеу жолдары бар ма?

– Шынында, деструктивті діни ағымдардың теріс идеяларын ұстанушылардың мешіттерде өтетін діни рәсімдер мен жоралар барысында өздерін өте дөрекі ұстайтынын, мешіт имамдарымен сөз таластыратынын, жамағаттың шырқын бұзып, намаз ортасынан басқаларды баса-таптап шығып кететінін жұртшылық көріп те, айтып та жүр. Әрине, мемлекетіміздің зайырлы қағидатына сәйкес бұл мәселенің мемлекетке еш қатысы жоқ тәрізді болып көрінуі мүмкін. Десе де, мемлекет бүкіл ел аумағындағы қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықтың сақталуының кепілі ретінде бұл мәселеден өзін шет ұстай алмайтыны тағы да анық.

Біздің бұл мәселедегі ұстанымымыз айқын: заңды түрде тіркеліп, қызмет атқарып отырған барлық діни бірлестіктер мемлекеттің қорғауында болады. Мәселен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының барлық мешіттерінің ішкі ережелерінде ғимараттағы тәртіптің сақталуын міндеттейтін талаптар бар. Егер жоғарыда айтылғандай дәстүрлі емес исламдық ағымдардың идеяларын ұстанушылар мешіттің ішкі тәртібіне бағынбай, дөрекілік көрсететін болса, мешіт имамының полицияға жүгінуіне толық еркі бар. Осы орайда, заң жобасында ішкі істер органдарына деструктивті діни ағымдардың ұстанушыларына қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасауға жағдайлар тудыратын әрекеттерге бармау керектігі туралы  ресми ескерту жасау құзіретін беру қарастырылғанын айта кету керек. 

Жүргізілген талдау жұмыстары радикалды және деструктивті діни ағым ұстанушыларының жанжал шығаруға бейім екені және өздерінің діни ұстанымдары мен көзқарастарын мемлекеттің зайырлы қағидатына қарсы қоюшылық тән екенін көрсетті. Радикалды діни ағым ұстанушыларының заңға қайшы әрекеттері міндетті түрде экстремистік немесе террористік қылмыс ретінде орын алуы шарт емес, ол пайдакүнемдік және зорлық-зомбылық сипаттағы жалпықылмыстық құқық бұзушылық түрінде де болуы мүмкін. Мәселен, жыл басынан республика бойынша деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың 744 қылмыстық дерегі мен әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 11 мыңнан астам адам анықталды. Бұл – елімізде бар деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың басым көпшілігі қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттерін жасаған деген сөз. Сәйкесінше, осы дерек деструктивті діни ағым ұстанушылары ортасында қылмыстану үрдісінің етек алғанын көрсетеді.

Елімізде қандай да бір заңға қайшы әрекеттер жасағанға дейін деструктивті діни ағым ұстанушыларын қылмыстық есепке қою заңнамада осы күнге дейін қаралмаған. Жалпы, деструктивті діни ағым ұстанушыларын есепке алу шет елдердегі әскери қақтығыстарға қатысу үшін елімізден шығып кеткен азаматтарға, елден шығып кеткендердің жалған құжаттармен қайтып оралғандарын немесе басқа елдерде ұсталған адамдарды тануға және соған сай шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Осы орайда, деструктивті діни ағым ұстанушылары санатына жататын «тәуекел топтар» лаңкестік ұйымдар үшін таптырмас орта екені үнемі назарда болуы тиіс. 

Соңғы жылдары Еуропа елдерінде орын алған терактілерді талдау, мұндай лаңкестік әрекеттерді халықаралық террористік ұйымдардың интернет насихаттарының ықпалымен бұрын қандай да бір террористік ұйымдардың қызметіне қатыспаған жеке адамдар мен оқшау топтар жасағанын көрсеткен. Деструктивті және радикалды діни ағым идеяларын ұстанушыларды криминалистік есепке қою аса қажет және кезек күттірмейтін мәселе екені айқындалып отыр. Сондықтан заң жобасы шеңберінде «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заңға құқық бұзушылықтың алдын алу шарасы ретінде ресми ескерту беру бөлігіне толықтырулар енгізу діни экстремизм таралуының алдын алу бойынша қабылданып отырған шаралардың пәрменділігін арттыруға және деструктивті діни ағым ұстанушыларын қылмыстық есепке қоюдың заңнамалық негіздемесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұндай қадамдар теріс діни ағым ұстанушыларына үлкен ой салады деп есептеймін.

Елімізде берік орныққан тұрақты діни ахуалды ұзақ мерзім аралығында қамтамасыз ету мемлекеттік органдар тарапынан пәрменді жұмыстар жүргізуді талап етеді. Дін саласындағы уәкілетті орган – біздің министрліктің өзге мемлекеттік органдармен, діни бірлестіктермен, қоғамдық институттармен және басқа да мүдделі тараптармен бірлескен жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастардың үйлесімді дамуы қамтамасыз етілуде. Осы тұрғыдан алғанда дін саласындадағы заңнамаларға енгізілу көзделіп отырған өзгерістер мен толықтырулар өмір сүріп отырған қоғамымыздың мүддесіне қызмет ететіндігіне сенемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен,

 Асхат РАЙҚҰЛ

«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

10.12.2018

Моңғолия баспасөзінде жарияланды

10.12.2018

Мал бағасының қымбаттауы кімге тиімді?

10.12.2018

Ұлы даланың мұрагері болу – үлкен жауапкершілік

10.12.2018

Бағы кем бессайыс

10.12.2018

«Сергек» сенімді серікке айналса

10.12.2018

Франция: Даудың басы неден басталды?

10.12.2018

Мүмкіндігі шектеулілердің мүмкіндігін кеңейткен

10.12.2018

Ел Елордасымен еңселі

09.12.2018

Алпамыс Шәрімов: Қайырымдылық жасау үшін бай болу қажет емес

09.12.2018

Павлодар облысында 1 мыңнан астам кәсіпорын 1,6 трлн. теңгенің өнімін шығарған

09.12.2018

Қостанай облыстық қазақ драма театры Шәмші туралы спектакль қойды

09.12.2018

Павлодарда «ҚазАвтожол» АҚ-ның облыстық филиалына қатысты қылмыстық іс тергелуде

09.12.2018

Маңғыстау полициясының басшысы халық алдында есеп берді

09.12.2018

Ұлытау ауданында спорт нысандары салынады

09.12.2018

Үздік шаруашылыққа жаңа трактор тарту етілді

09.12.2018

Aktobe Invest-2018 форумында 300 млрд теңгеге меморандумдарға қол қойылды

08.12.2018

Семейдегі колледж ұжымы бойжеткенге пәтер алып берді

08.12.2018

Тарбағатай ауданының әкімі семейлік жастармен кездесті

08.12.2018

ШҚО Алтай ауданында Татуласу орталығы ашылды

08.12.2018

Күй жетті Алтай-Қобда – арғы беттен...

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Jekemenshik teatrlar jaıy

Jalpy, kez kelgen halyqtyń mádenıeti men rýhanı damý deńgeıi teatr salasyndaǵy jetistikterimen ólshenetini tarıhtan málim. О́rkenıetti memleketterdegi bir ǵana qalanyń ózinde teatr sany 200-den asyp jyǵylatyndyǵy sonyń buljymas dáleli bolsa kerek-ti.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Aqparattar aýqymyndaǵy aqıqat

Taıaýda Almatyda ótken medıaquryltaıda Qazaqstandaǵy buqaralyq aqparat qural­darynyń qazirgi jaı-kúıi keńinen áńgime boldy. Mamandar tarapynan aıtylǵan pikirlerge qulaq qoıar bolsaq, sońǵy jyldary qazaqstandyq BAQ-tyń, ásire telearnalardyń reıtıngi aıtarlyqtaı túsip ketken. Máselen, 2013 jyldan bergi aralyqta bul kórsetkish 22 paıyzǵa tómendegen eken. Onyń sebebi nede?

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері

Halyq sózinde birtutastyq, birlik bar

«Halyq» sóziniń mán-maǵynasy óte tereń ekeni barshaǵa málim. Másele – osyndaı saıası astary aıryqsha sózdi qalaı qoldanyp júrgenimizde. Merzimdi baspasóz betterindegi habarlardan,  teleradıo arnalardan, ózara áńgimeden «aýyl halqy», «qala halqy» degendi oqyp ta, estip te júrmiz. Máselen, telearnalardyń birinen «Arshaly aýdanynda 27 myń halyq bar» degendi estidim de, «halyq sózin durys qoldanaıyq» dep, ózimniń oı dápte­rime jazyp qoıdym. Sebebi orys tilinde «narod sela» nemese «narod derevnı», «na­rod raıona», «narod goroda» demeıdi, tipti jazbaı­dy. Bul tilde «naselenıe», «jıtelı», «gorojane», «selchane» deıtinin bilemiz. Biz qazaqsha «aýyl turǵyndary», «qalalyqtar» nemese «qala turǵyndary» desek, ekpini báseń bolyp, birdeńe joǵaltyp alatyndaı, «aýyl halqy», «qala halqy» dep qysqa qaıyramyz. Sonda deımin-aý, qazaǵymyzdy bólip, jiktep, birtutas halyq sanatyna qospaı turǵanymyzdy nege ańǵarmaımyz?!

Дидар Амантай,

Túsiniktiń kúıreýi

Sońǵy jyldary, sandyq tehnologıalyq ónimderdiń (iPhone, Red One, digital camera, information technology) alǵashqy nusqalary (computer, printer, scaner, copier), shyqqanyna tabany kúrekteı jarty ǵasyrǵa jýyq ýaqyt, jeteqabyl mezgil ótkende, ozyq qoǵamdarda, qala berdi, damýshy elderde, tipti, jalpy adamzattyq mádenı-rýhanı keńistikterde iri-iri qomaqty ózgerister júrdi. 

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Ejelden metal ılegen el

Memleket basshysy Nursultan Nazarbaevtyń jýyrda jaryq kórgen «Uly dalanyń jeti qyry» atty maqalasy búginde 30-dan astam ult pen ulystan turatyn, jalpy sany 200 mıllıonǵa jýyqtaıtyn, ońtústik-batysta Jerorta teńizi jaǵalaýynan bastap, soltústik-shyǵysta Soltústik Muzdy muhıtqa deıingi Eýrazıa qurlyǵynyń apaıtós alyp dalasynda 6 táýelsiz memleket, onyń ishinde Reseı Federasıasynda 20-dan astam túrki tildes halyqtardyń túrli sýbektilerimen, keı jerde avtonomıalyq, keı jerde esh sýbektisi bolmasa da iri oblys quramynda ómir súrip jatqan túrki halyqtarynyń ortaq kóne tarıhyn qamtıtynymen erekshe deýge bolady. Iаǵnı osynaý baıtaq keńistikte bul halyqtar bir kezderi bir memleket quramynda ómir súrip, álemdik órkenıetke ózderiniń laıyqty úlesin qosty.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу