20 Қараша, 2017

Ауғанстан әскери полигонға айналып барады

784 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде Ауғанстандағы жағдай Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері үшін ортақ және өткір проблемаға айналып отыр. Бұл мемлекеттегі ұзақ жылдарға созылған саяси тұрақ­сыз­дық пен экономикалық қиын жағдай­дың асқынғаны соншалық, қазіргі кезде Ауғанстан экстремизм мен тер­ро­ризмнің, сондай-ақ есірткі саудасының ошағы ретінде атала бастады.

Ауғанстан әскери полигонға айналып барады

Жасыратыны жоқ, ондаған жылдардан бері елдің саяси-әскери саласында ауғандық исламизмнің ықпалы артып, ол көршілес мемлекеттердің ғана емес, өзге де бірқатар елдің аумақтарына «экспортталып» та жүр. Оған мысал ретінде Қытайдың Шынжаң-Ұйғыр автоно­миялы ауданындағы экстремистік сипат­тағы оқиғаларды, Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясы мен Үндістанның солтүстік штаттарындағы адам өліміне соқтырған террорлық әре­кет­терді алуға болады. Сарапшылар осы жағдайлардың негізі Ауғанстаннан «тран­зиттеліп» жатқанын айтады.

Экстремизм мен терроризм бірінші кезекте Ауғанстанның өзіне қауіп төндіретінін ауған билігі мен халқы бұрыннан біледі. Кеңес әскерлері, одан кейін бірқатар мемлекеттің бітімгерлік күштері ауған жеріне тұрақтылық орната алмады. Экстремизм мен терроризм сияқты қауіп-қатердің алдын алып, онымен мықтап күресуге «шамалары» жетпеді. Өйткені Ауғанстан жеріне түсірілген мемлекеттердің әскерилері бас біріктіріп, мұздай қаруланған содыр­лар­ға қарсы бірге күресудің орнына, әрқай­сы­сы жеке-жеке операциялар жүргізуге тырыс­ты. Одан ойдағыдай нәтиже шық­па­ды. Осылайша Ауғанстан жері, ауған даласы жаттығулар өткізетін әскери поли­гонға, экстремистер мен терроршылардың ошағына айнала берді. Оның зардабы мен ауыртпалығын бүгінде ауған халқы тартып отыр.

«Талибан» қозғалысы мен өздері­нің қатыгездік іс-қимылымен танылған «Ислам мемлекеті» экстремистік топ­тарының базасы осы Ауғанстан аума­ғында орналасқан. Олардың құра­мын­дағы содырлардың көпшілігі мемлекеттік шекара дегенді қасақана мойындамайды, біртұтас ислам халифатын құруды мақсат етеді. Бұл радикалды топтарға өздерінің діни экстремистік сипаттағы іс-әрекеттерін насихаттау кеңістігін кеңейту және террорлық актілер жасауға бейім тұратын адамдарды қатарларына тарту үшін қажет.

Адам өліміне соқтыратын жарылыс­тар мен қарулы шабуылдар Ауғанстан аумағында екі күннің бірінде болды десек, қателесе қоймаспыз. Мысалы, осыдан оншақты күн бұрын Кабул қаласында пуштун тілінде хабар тарататын «Шамшат» телеарнасына қарулы шабуыл жасалып, соның салдарынан адамдар қаза тапты, телеарна ғимараты бүлінді. Жалпы, ел халқы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмағандары үшін Ауғанстан билігіне наразы. Ереуілге де шығып, өз талап-тілектерін қойып та жүр. Тіпті НАТО-ның 13 мыңдай әскері де елдегі тыныштықты қамтамасыз ете алмай отыр. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Р.Тиллерсон жақында Ауғанстанға қосымша тағы үш мың әскер жіберілетінін мәлімдеді.

Ауғанстанда ғана емес, әлемде экстремизм мен терроризмнің алдын алып, оны жоюдың негізі қаржыландырудың жолын кесуде жатыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бірқатар мемлекеттерде экстремистік және террорлық топтарды қаржыландыратын, оларға материалдық қолдау көрсететін ұйымдар бар. Тіпті жекелеген тұлғалар да кездесетін көрінеді. Сонымен қатар бұл ұйымдар мен топтар қаржы көздерін арттыру мақсатында қару-жарақ, есірткі, адам саудаларымен де айналысады, тапсырыспен кісі өлтіру қылмысын жасаудан да тайынбайды. Елдердің қауіпсіздік қызметі органдары экстремистердің қаржыландыру көздерінен хабарсыз дей алмаймыз. Өйткені мұндай қылмыс түрлеріне қарсы күрес бірлесіп, ұжымдасып іс-қимыл таныт­қанда нәтижелі болмақ. 

Ауғанстан бірнеше жылдан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымына бай­қаушы мемлекет мәртебесіне ие. Ұйым­ның отырыстары мен саммиттерінен еш­қашан қалған емес. Ал енді Ауғанстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшесі болғысы келеді. Дәлірек айтқанда, Ұйымға мүше болу арқылы өздерінің құрылымға қатысу қызметін кеңейткісі келеді. Осылайша саясатын ШЫҰ-ға серіктес ретінде жүзеге асыруды қалайды. 

Қазіргі кезде Ұйымның аумағы да, қызметі де едәуір артты. Биыл Ұйым қатарына әлемдегі ірі держава саналатын Үндістан мен Пәкістан мүше­лікке қабылданды. Оның үстіне осы жылдың сәуірінде Астанада өткен ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесі жетекшілерінің жиынында экстремизммен күрес жөніндегі конвенцияның жаңа мәтіні келісілді. Аталған құжат бойынша халықара­лық терроризм сипатындағы кез келген қылмыс түрі қатаң жауапкершілік ретінде қарастырылады. Сондықтан Ауғанстан жұртшылығы Қазақстан мүше болып отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына қызығушылық танытып отыр.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»