21 Қараша, 2017

Салпаңқұлақ

1479 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ойпырмай, қай нәрсеге де ке­ліс­­тіріп, дәл бейнелеп ат қоюға кел­генде қазақтан шебер халық бар болса, айтыңызшы бізге! Бір ға­на құлақтың төңірегінен толып жат­қан қаншама толайым ұғымдар шы­ғарғанына таңғалмасқа әдді­міз бар ма? Ұзынқұлақ дейді. Қал­қан­құлақ дейді. Салпаңқұлақ дейді. 

Салпаңқұлақ

«Қазан­шының еркі бар қайдан құ­лақ шығарса» деп және бір қияға сер­мейді. Ол құлақтың қай құлақ еке­нін дөп басатын құймақұлақ та осы қазағыңызды өзі. Осылай тол­ғай берсек, «бастан құлақ – садаға» болатын да жөні жоқ екен-ау.

Ұзынқұлақтың қарасы көрінгенде елеңдеп отыратын қазақ салпаңқұлақ десе кәдімгідей сестеніп, ол аз десеңіз, сескеніп қалады. Баяғы ит жылынан бері қанға сіңген дағды солай. Сонда бұл қазақ шошитын салпаңқұлақ қай салпаңқұлақ дейміз-ау. Тіліміздің түсіндірме сөздігін ашып қарап жі­бер­се­к, салпаңқұлақ дегеніміз сөз та­си­тын, аңдып жүріп ақпар жеткізіп тұ­ратын тыңшы, жансыздың дәл өзі. Салпаңқұлақ сұлбасынан қазақтың үркіп, жылан көргендей жиырыла қалатыны да содан.

Салпаңқұлақтың санаты ауыл ішінің әншейіндегі өсекшісінен биік, қос үйді қоса қондырмайтын қатардағы сөз тасығыштардан мәртебесі жоғары. Әлбетте, келекелеп кері мағынасымен алғанда. Салпаңқұлақ адам әулетімен бірге жаралып, адам табиғатының ең бір сайтани пиғылдарымен біте қайнасқан нәрсе. «Тоқ тіленші – адам сайтаны, Харекетсіз – сопы монтаны» деген Абай хакімнің сөздері де осыған меңзейді. Арғы тегіндегі зұлымдық ұрығымен тамырлас осы сайтандыққа әр зәнталақ заманның сайқал да сумақай саясаттары араласқан кезде салпаңқұлақтардың да тасы өрге домалап отырғанын аңғарамыз.

Әлемдік ауқымдағы ең әйгілі сал­паңқұлақ – Иса Мәсіхті сат­қан Иуда дер едік. Шыңғыс ханның Оты­рарға жіберген саудагер­лер керу­ені­нің тең жарымы салпаң­құ­лақ­­тар болмаса, Қайырхан оларды қа­тал жазаға бұйырмас еді. Қазақ са­қа­расындағы салпаңқұлақ институ­ты­ның қалыптасуы мұндағы Ресей отаршылдығының запыран зардаптарымен, зымиян озбырлығымен тікелей байланысты. Шын мәнісінде біздің миссионер, қазақтың дәстүр-мәдениетін зерттеді деп жүргендердің көбі халқымыздың осал тұстарын аңдаған аңдушы жансыздар, патша өкіметінің отаршыл саясатына қызмет еткен салпаңқұлақтар еді. Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесары хан көтерілістері тұсында қазақтың өз ішінен шыққан салпаңқұлақтар да осы­нау азаттық жолындағы қоз­ға­лыс­тар­ды басып-жаншуға аз үлес қос­па­ғанын байқаймыз.

«Әр заманда бір сұрқылтай» демек­ші, қазақ ішінен оқыған озық ойлы аза­мат­тар көбірек шығып, өз алдына ел болу­д­ың алаштық әңгімесі айтыла бас­та­ған кезеңдерде отаршылардың тымпи тыңшыларға деген мұқтаж-зәрулігі арта түседі. «Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, Елді алып, Еділді алып есір­гіштерден» оп-оңай салпаңқұлақ жаса­ған. Осындай жағдайда «Жа­ны аяулы жақсыға қосамын деп, Әр­кім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деп данышпан Абай қайтіп күңі­рен­бе­сін. Әлихан Бөкейханов, Ах­мет Бай­тұрсынұлы, Міржақов Дула­тов сын­ды Алаш арыстарының, аяулы жақсы­ларымыздың соңынан пат­ша­лық дәуірде де, кеңес кезінде де салып қойған бір-бір иттің болғаны анық. Бәрінен өз ауылымның иттерінің қап­қаны батады деген Ахаңдай абзал да қазақ­тың өз ішінен шыққан сал­паң­құл­ақтарды айтып отыр емес пе.

Міржақып Дулатов «Қазақ» газе­ті­не шыққан мақаласында оларды «Жүзіқаралар» деп атайды. «Ақмола об­лысының «ақ, пәк» деп құрмет­теп жүрген Дүйсенбай қажыға «Маң­дай­ына мұхит дариясының суымен жуса да кетпейтін айқын қара таң­ба басып, қазақ тобынан аластап бір­жола шығарғанын» айтады. Бұл – қолы­на Құран ұстап жүріп сөз тасып, хал­қына сатқындық жасаған, біресе пат­ша өкіметіне, біресе қызылдарға жарам­сақтанған, сөйтіп Атбасар, Көк­шетау, Омбыны шулатқан монтаны салпаңқұлақтардың бірі.

Кеңестің кері кеткен саясатының сенімді сүйеніштерінің бірі де осы салпаңқұлақтар болды. Әкесін ұстап берген, Астанада әлі күнге шейін атын­да көше бар Павлик Морозов, біз­дің әнге қосқан «батыр бала» Болат­бектер осындайдан шыққан. Ол ол ма, маршал Жуковтың соңына да жансыздар салып қойып, оның өкімет пен партияға қырбай сөздері тиіс­ті орындарға қолма-қол жеткізіліп тұр­ған. Содан соң атақты маршалмен «тәрбие сағаттары» өткізілетін көрі­неді.

Қазақ ұлтшылдығына қарсы күрес­те де салпаңқұлақтардың «еңбегі» ерен. Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Е.Бекмаханов, М.Ғабдуллин сияқты ел ардақтарының да әрбір басқан ізін, айтқан сөзін аңдыған екен. Ғылым академиясы, институттар, баспалар, Жазушылар одағы сынды ұлттық сипаттағы үлкен мекемелерде де сөз таситын тыңшылар ұстаған. Мәлік Ғабдуллинге тіркеген салпаңқұлақ өзінің шопыры екен. Астапыралла! Олар КГБ тарапынан еңбектеріне сыйақы да алып тұрыпты-ау.

Әрине салпаңқұлақтарды түп-тамырымен құрту оңай емес. Әйтсе де еліміздің азаттығы тынысымызды кеңейтті, жан сарайымызды аша түсті. Арамызда әлі болса салпаңқұлақтар жоқ па, абай болайық, ағайын!

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»