Аймақтар • 21 Қараша, 2017

Тараздың саяхатшыларға тартуы мол

756 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әулиеата өңірінің туристік әлеуетін көпшілікке таныту және өңірге келушілер санын көбейту мақсатында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының бастамасымен «Рухани қазына» бағдарламасы аясында Тараз қаласындағы «ARAI PLAZA» кешенінде «Ancient Taraz» халықаралық форумы өтті. 

Тараздың саяхатшыларға тартуы мол

Ал форум жұмысын еліміздің туристік оң имиджін қалыптастыру және туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында еңбек етіп келе жатқан «Қазақстан туристік ассоциациясы» ұйымы ұйымдастырды.

Форум жұмысына Қытай, Корея, Малайзия, Германия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Тәжікстан елдерінен туризм саласына қатысы бар бизнес құры­лымдарының өкілдері, сондай-ақ Мәдениет және спорт министр­лігінен, облыс әкімдіктерінен, сол сияқты аталған салаға қатысы бар мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері де қатысты.

Форумның алғашқы күні «Қазақ­стан Республикасында туризм­­нің және қонақ үй нарығының дамуы­ның қазіргі кездегі жағдайы мен перспективасы» тақырыбында және Жамбыл облысының туризмі мен қонақ үйлердің дамуы тақы­рыбы төңірегінде дискуссиялар мен тұсаукесерлер өткізілді. Мұн­­да Тараз туризмін дамыту мә­селесі көтеріліп, тарихи өлкенің бүгінгі тыныс-тіршілігіне барлау жасал­­ды. Сондай-ақ келесі күні «Бала­сағұн» орталық концерт залында қолөнер шеберлерінің көрмесі, форум қатысушыларына арналған ақпараттық тур және «Экологиялық туризмді дамыту стандарттары мен принциптері» тақырыптарында шеберлік сы­нып­тары ұйымдастырылды. Фо­рум жұмысына қатысушылар Тараз топы­рағынан табылған көне жәді­­гер­­­лерді тамашалап, ұлт тари­хы­ның шежіресіне қанықты.

Бұдан кейін бұқаралық ақпа­рат құралдарының өкілдеріне арнал­ған конференция өтіп, конферен­ция барысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев форумға қатысу­шы­ларды жамбылдықтар атынан құт­тықтады. Әкім өз сөзінде Жам­был жерінің терең тарихына тоқ­та­лып, Елбасының «Болашаққа бағ­дар; рухани жаңғыру» бағдар­ла­ма­лық мақаласы бойынша облыста ат­қа­рылып жатқан жұмыстарды да әң­гімеледі. Өз кезегінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы төр­аға­­сының орынбасары Юлия Якуп­баева және Қытай Ха­лық Рес­пуб­ликасы Туризм акаде­мия­сының президенті Дай Бин сөз алып, жалпы әлемдік туризм саласы туралы әңгімелей келе, Жамбыл жерінің туризмін дамыту туралы да ойларын ортаға салды.

Жалпы, Жамбыл өңірі еліміздегі тарихи мекендердің бірінен саналады. Көне замандардан бері жал­ға­сып келе жатқан жәдігерлер көші, ұлт тарихында айтулы орын ала­тын кешендер де осы Әулиеата өңі­­рін­де орналасқан. Сол себепті өңір туризмін дамыту бүгінгі күні аса ма­ңызды мәселелердің бірі. Осы орайда, форум аясында қазақ­стан­­дық және Қытай туроператорлары­на ар­налған ақпараттық тур, Мәде­ниет және спорт ми­нистр­лігі­мен ұйым­дас­тырылып отыр­ған «Қазақ­стан­ның Ұлы Жібек жолы бойынша саяхат» тақы­ры­бында халықара­лық фестиваль, қолөнершілер көрмесі, соны­мен қатар қолөнер шеберлері, мек­теп оқушылары және киім тігу­мен айналысатын облыс тұрғын­дарының қатысуымен «TARAZ FASHION DAY» байқауы өтті. Бай­қау барысында үздік шық­қан үміт­­кер­лерге «Үздік сурет», «Үз­дік кол­лек­ция» және «Үздік қол­өнер ше­бері» аталымдары табыс­талды. Ал қолөнершілер көр­ме­сі­не келген қонақтар облыс қол­­өнер шеберлерінің кәдесый өнім­дерін, зергерлік бұйымдарды және теріден, қыштан жасалған қол­өнер бұйымдарын тамашалады. Сол сияқты Өзбекстан және Қыр­ғыз­стан елдерінің үздік дизай­нер­лері де өз киім коллекция­ла­рын көп­­шілік назарына ұсынды. Сон­дай-ақ шетелдік меймандар үшін Қарахан, Айша бибі, Ақыр­тас тарихи ке­шен­деріне де саяхаттар ұйым­дас­ты­рылып, форум қаты­сушы­лары мен жергілікті туроператорлар арасында В2В форматында тәжірибе алмасу мақсатында кездесулер ұйым­дастырылды.

Әулиеата өңірінің туристік әлеуе­­тін арттыруға бағытталған форум ба­рысында қазақстандық және шет­ел­дік қонақтар үшін облыс­тың ту­рис­тік әлеуеті туралы мол мағ­лұматтар берілді. Жамбыл жерін­дегі тарихи кешендерді үш күн бо­йы тамашалап, тарихына үңілген шет­ел­­діктер өңірдегі тарихи-мәде­ни ны­сан­дарға қызығушылық танытып, жоғары пікір білдірді.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы