Қазақстан • 22 Қараша, 2017

Қазақстан бастамалары ізгілікке негізделген

704 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздің халықаралық ауқымдағы бастамалары мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікке қатер төндірген түрлі кикілжіңдерді реттеудегі қызметі адамзаттың көз алдында. Олардың барлығы Қазақстанның сыртқы саясаттағы жемісті қадамдарын айқын сипаттайды. Сондай-ақ, бұл бағыттағы табыстарымыз еліміздің өркениет төріндегі орнын белгілеп, аса беделді халықаралық ұйымдардың жұмысына белсене қатысуға жол ашты. Әсіресе Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі атануы тарихи оқиға ретінде бағалануда.

Қазақстан бастамалары ізгілікке негізделген

Бұл беделді ұйымға мүше болу мәртебесі Қазақстанға жайдан-жай келген жоқ. Бұл арада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік бастамалары, жаһандық қауіпсіздік саласына қатысты ұстанымдары, еліміздің ірге­лі халықаралық құрылымдарға төра­ға­лық ету тәжірибесі барынша еске­ріл­­гені сөзсіз. Осы орайда, еліміздің жалпы сая­саты Президент тарапынан айқын­дала­тынын ескеретін болсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік дәрежедегі саясаткерлігі айқын көрінеді. 

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметін бастағанына бір жылға жуықтады. Осы аралықта атқарылған нәтижелі жұмыстар аз емес. Олардың барлығы Н.Назарбаевтың еліміздің 2017-2018 жылдар кезеңіне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өкілеттігінің басталуына орай жариялаған Қазақстанның қауіпсіз, əділ жəне өркендеген əлем құру үшін жаһандық əріптестікті нығайту жөніндегі тұжырымдамалық көзқарасында, яғни Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған саяси Үндеуінде атап көрсетілген жеті басымдық аясында жүзеге асырылуда.

Естеріңізде болар, 2016 жылғы 28 маусымда, Нью-Йорк қаласында орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде беделді делегациялардың қатысуымен болған 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерін сайлау шарасында еліміздің бәсі жоғары болып, аталған кеңеске мүшелікке енген болатын. Бұл сайлау бәсекелес әрбір мемлекет үшін халықаралық үлкен жауапкершілік жүктейтіні айтпаса да түсінікті. Сол жолы Азия-Тынық мұхиты аймағынан сайлауға түскен екі үміткер – Қазақстан мен Таиландтың жеңіске жету мүмкіндігі бірдей еді. Алайда еліміздің айы оңынан туып, көзделген мақсатқа қол жеткізілді. Бұл арада Қазақстанның БҰҰ-дағы «дипломатиялық десанттары» да әбжілдік танытып, сайлау шарасының қарбаласты сәтінде сауатты іс-қимыл жасай білгенін айтуымыз керек...

Қазіргі таңда Сыртқы істер ми­нис­трлігі Елбасының БҰҰ-ға мүше елдерге арнаған саяси Үндеуінде көрсетілген басымдықтарды басшылыққа ала оты­рып, аталған Кеңестегі жұмысын бел­сенді жүргізуде. 

Мемлекет басшысы ұсынған басымдықтар қатарында жаһандық соғыс қатерінің жолын кесу, ядролық қарусыз әлем құру, Ауғанстанда ты­ныш­тық орнатуға ықпал ету, Орта­лық Азиядағы бейбітшілікті нығай­ту, БҰҰ қамқорлығымен жаһан­дық лаңкестікке қарсы күш бірік­тіру, Африканың бейбіт дамуына кө­мектесу, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын, бейбітшілік, қауіп­сіздік және даму арасындағы ажыра­мас байланысты ілгерілету, БҰҰ-ны ХХІ ғасыр талаптарына бейім­деу және жаһандық проблемаларды шешу үшін ұжымдық саяси ерікті нығайту мақсатында мемлекеттер мен үкіметтер басшылары дең­гейінде Қа­уіпсіздік Кеңесіне мүше мем­ле­кеттердің тұрақты кездесулер те­тігін жасауға келісу сияқты мәселелер бар.

Бүгінге дейін қазақстандық дип­ломаттар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің көптеген ресми отырыстары­на, бейресми жиналыстарына бел­сене атсалысты. Сонымен қатар Қа­зақстанның қатысуымен Қауіпсіздік Кеңесінің Е-10 атты тұрақты емес мүшелер кіретін топтың маңызды басқосулары өтті. Бұдан бөлек, біздің дипломаттар Кеңес мүшелерінің бірқатар ресми сапарына қатысты. Сондай-ақ еліміздің араласуымен Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар маңызды қарарлары, ҚК төрағасының мәлімдемелері, Кеңестің көптеген ресми релиздері қабылданды. 

Қазақстан тарапының қатысуымен ұйымдастырылған шаралардың басым бөлігі Таяу Шығыс, Сирия және Йемендегі жағдайларға, Африкадағы кикілжіңдерге, ядролық қаруды таратпау ісіне, Солтүстік Кореяның жөн-жосықсыз әрекеттеріне, халық­ара­лық терроризм мен діни экс­тремизмге байланысты тақырып­тарға арналды. 

Негізінен Қазақстан өзі төрағалық ететін комитеттердің жұмысын жо­ғары дәрежеде ұйымдастыруда. Мә­селен, «Ислам мемлекетіне» (Қазақ­станда тыйым салынған) қарсы күрес, Ауғанстанды қалпына келтіру және Сомали/Эритреядағы жағ­дай жөніндегі комитеттерге қатыс­ты жұмыс аясында Кеңестің бірқа­тар маңызды қарары әзірленіп, қабыл­данды. Олардың арасында экстре­мис­тердің мәдени мұра нысандарын күйретуіне қарсы күрес, ҚК-нің Ауған­стандағы жағдайдың Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздігіне әсері, лаңкестердің үгіт-насихат әрекет­теріне қарсы халықаралық ынты­мақ­тастық және Сомалидегі жағдай­ды қалпына келтіру туралы аса маңызды қарарлар бар.

Түсіне білгенге комитеттерге төра­ға­лық жасау үлкен жауап­кер­шілікті және дипломатиялық тұр­ғыдағы жоғары деңгейлі біліктілікті талап етеді. Бүгінде қазақстандық дипломаттардың қызметі сұранысқа ие. Бұған дәлел ретінде айтарымыз, біздің дипломаттарымызды Қауіп­сіздік Кеңесіндегі әріптестері Сол­түстік Корея мен Иранның ядролық бағ­дарламаларына қатысты арнайы комитеттердің отырыстарына жиі ша­қыратын болған. Бұл жерде Қазақстанның ядролық қауіпсіздік саласындағы мол тәжірибесінің де ескерілетіні белгілі. 

Жалпы, біздің еліміздің Қауіп­сіздік Кеңесінің мүшелігіне Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші болып сайланғаны белгілі. Бұл өз кезегінде Қазақстанды Орталық Азияның БҰҰ ҚК-дегі өкілі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Осы орайда біздің дипломаттарымыз Орталық Азия мемлекеттерінің өкілдерімен мейілінше жиі араласып, түрлі деңгейдегі басқосуларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Негізінен бұл үрдіс аймақ елдерінің сыртқы саясатқа бағытталған күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, ортақ мүдде орайындағы мәселелерді бірлесе шешуге оң ықпалын тигізуде. 

Осы арада ерекше тоқтала кетер жайт, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы Еуразия кеңістігі үшін, Орталық Азия үшін тиімділігін көрсетуде. Өйткені, аталған аймақ­тар­дағы өзекті мәселелер бұрын әлем­дік қоғамдастықтың назарынан сырт қалып жататын, ал қазір бұл үр­діске тоқтам салынған. Өйткені Қа­зақ­стан БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшесі ретінде осы өңірлердегі өткір мәселелерді күн тәртібінде шығара алады.
Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне 2018 жылғы қаңтар айында төрағалық ететін болады. Осы төрағалық кезінде Орталық Азияға қатысты ҚК-нің арнайы қарары қабылданбақ. Бұл Қауіп­сіздік Кеңесінің шешімі, дәлірегі, қарары халықаралық қоғамдас­тықтың назарын Орталық Азияға ау­дарып, өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақ­тылығына, орнықты дамуына оң ықпалын тигізеді деп күтілуде. 

Елбасының жоғарыда аталып өткен Үндеуінде айтылғандай, «Қа­зақ­­­стан Кеңесте барлық мүше елдер­­мен аталған басым бағыттар бо­йын­­ша ашық, әділ және саяси жағ­­даят­сыз, жауапты, салмақты және сын­дарлы түрде жұмыс істеуге ниетті». Қорыта айтқанда, БҰҰ Жарғы­сының 24-бабына сәйкес, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау басты міндеті саналатын Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның жұмысы жоғары деңгейде. Бұл еліміздің халықаралық қоғамдастық алдындағы биік беделін көрсетеді. 

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»