22 Қараша, 2017

Тұлғатану жолы

1068 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өзі өлсе де орны үңірейе білі­ніп, өнегесі ұмытылмай – талғам-таны­мына жүгіндірмей қоймай­тынның арқасында есімі әрдайым аталып, әруағы санада әрқашан жаңғырып тұратын тұлғалар сирек, сирек те болса барына шүкіршілік етудің өзі біле-білген адамға бір ғанибет екен. 

Тұлғатану жолы

Сөйтсе де бағалау мен тану үдерісінің ұстаным әділетін ойлап қараған кезде – екіге жарылған әңгімелердің құла тасқын екпіні бағытты мүлде басқа жаққа алып жөнелетін бас асаулықты бірден тоқтату рухани тәжірибесі то­лыс­қан адамның өзіне оңай соқпайды.

Шырық бұзбас шымырлаған тұнық ахуал үстінде қазақ ақсақалдарының көкейге қонымды сан қатпарлы шежі­релі әңгімелері ұлт болмысына сабыр сыйлағаны сонша – үстемдікке қарсы бас көтерулер баянының өзі­нен көкірек кернеген өшпенділік қысымы­ның жоқтығына кейде қайран қала ойланасың. Кеңес Одағының көп ұлтты әскер құрамы әлбетте ұлы халық өкілдерінің серкелері; өктем сөйлеп өкірек қағатыны мен «сынок» деп қойып мәдениетті жұмсайтын сыпайысынан – өз қағанағын жарып шыққандарды көзбе-көз тұрып айрықша көстеңдететіп, өзгелерді көрнеу місе тұтпай кем санайтын тәкаппар пиғыл иелеріне дейін неше қилы бейнелер Қасым ақын айтқандай «елестеп өтеді алдыңнан». Міне, сол уақыттарда жетекші сала офи­церінің қатарына кіре қоймайтын қар­а­пайым орыс адамының әскери ойындар жаттығуының сапары үстінде айтқан әңгімесі қырық жылдан астам уақыт өтсе де, есіңнен шықпайтыны тегін емес-ау. «Сібір халықтары туралы айтқан сайын біреулер мысқылдап, миығынан күлетіні жаман. Дүниеде тап сондай сәби қалпында қалған жұртты қолыңа шырақ алып іздесең де қазір таппайсың».

Жастау кезімізде қартаң неміс әйелімен тілдесіп қап, дәс­түр, салт жайында әңгіме қозғағанда, әлгі кейуана бір түрлі толқынысты күйі кіді­ріп, сазара қараған қалпы: «Сіздердің ата­ларыңыз бен әжелеріңіз алтын адамдар еді» – деді де сөзін кілт доғарды. «Ендігілерге қалай қарайсыз?» деп сұра­мағанымызға осы күнге дейін өкі­нетін жағдай жоқ емес. Бәрін өткеріп алған соң опынғаннан келетін пайда жоқтығына көз жеткізген сайын өткен мен бүгінгінің арасындағы талдау мәдениетінің деңгейі қаншалықты деген сұраққа іштей жауап іздейсің. Герольд Бельгердің жазбаларының жүрек қозғайтындай шыншылдығы тап жаңағы неміс әйелінің мейірімінен кемдеу соғып жатқандай көрінеді. Әдебиетші марқұм Рафат Әбдіғұлов әскер қатарында жүргенде түркімен жігіттерінің ер мінезді ерекшеліктерін көпке дейін аузынан тастамай айтып жүрді.

Осынау қабылдау мен пайымдау барысындағы құбылысқа үңілу ерекшелігі сан алуан, сөйтсе де өзгенің жүрек лүпілін қалт қалмай қапысыз сезіну жорасы жалпы адамзатқа ортақ күрделі мәселе ме дейсің. Қазақстанда туып-өсіп, Алматы университетін бітір­ген Анатолий Иванов кейіннен орыс­тың атақты жазушысына айналды. Орыс ортасының қайшылықтарын терең барлаған қолтаңбасынан құдды бас­қа қан араласпағандай сезім жаһаны ұлт­тық еркіндікке толы. Отбасылық ұста­ным­дардағы әттегенайларға дейін қам­тылуының сырында – ешқандай шәк келтіре алмайтын тұтас орыс кеңістігі де, өтіп жатқан орны қазақ жері емес пе еді. Мұншалықты кесек полотноға қазақ кейіпкерінің сұранбастан еленбей қал­ған себебін зерттеу шарт емес те шығар, сөйтсе де ойландырмай қоймайды. 

Орыс қауымының әлеуметтану ғы­лымы өз жұртының жомарт жаратылы­сын айтып, жасаған жақсылығының қай­тары­мы аздығын тоқтаусыз қаузауға әуес­теу. Солтүстік көршіміздің мұхитқа ба­ра­бар әдебиеті мен өнерінен нәр алып, ру­хани сусындамаған халық дүниеде кем­де-кем. Әлемнің ұлы саналатын жұ­р­т­­тары түгел ден қойып жазушыла­рын өз тілдеріне аударып, сахналап, кино түсіріп, орыс тақырыбын жалпы адамзаттық дәрежеге көтеруден танған емес. Бұлар оған сүйсініп таңырқаудың ор­­нына кезектегі атқарылған шаруа ре­тін­­де қарап, елең қылып қоймайтын әдет­тері. Ұлттың ұлылығы дегеннің өл­шем анық­тамасын күнде шолып жүр­меген соң бүгінгі ықпал өрісін ойша есептеп, долбарлай салатын сияқ­ты­мыз.

Бұ жұрттың дуалы ауыз­дарын былай қойғанда, қатардағы теле­жүр­гізушінің өзі үзеңгі бауын алты қарыс қып керіп, сөйлеген кезде дү­ниенің тұтқасы құдды қолында тұр­ған­дай шіренетінін байқайсың. Осы нығыздықтың әсері Астана мен Алматының төрінде ұйымдастырылған кездесу жарнамаларының райынан сезе­сің, сезесің де ішіңнен тынғаннан бас­қа амалың қалмайды. Үлкенді-кішілі сая­си шоулардың барысында Қазақстан дамуын кемсітіп, кекеткен кезде алды­на жан салмайтын бұлар шайлығы мен сулы­ғын айыруға келгенде шыра­йын жақ­сарта қалатынын қайтерсің. Ескі­нің кегін қоздырудың қиғылығынан гөрі ұлт ретінде өзімізді сыйлатудың жөні мен жолын іздестіруді күн тәртібіне енгізген дұрыс сияқты. 

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»