Жақаң елінде
Кенесары – Кейкі – Міржақып... Бірінсіз бірі жоқ. Бір-бірімен іріленгенде ғана – бәрі бар! Өйткені бұл үшеудің үкілеген үміті, асқақ арманы, мәпелеген мұраты – бір: Ел Тәуелсіздігі! Алғашқысының Азаттық үшін күресте шабылған Басы табылған жоқ! Бірақ: «...Енді күнделікті біздің жерлерімізді басып ала отырып, бекіністер салады да, тұрғындардың наразылықтарын күшейте түседі. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгініміз үшін де қауіпті», –деп патша билігінің өкілдеріне жазған хатында айтқанынан әлі де жаңылмай тұрғандай. Ортаншысының Азаттық үшін күресте кесілген Бас сүйегі туған жеріндегі кесенеге қойылды. Кезінде: «Атқа салдым терлікті, Жауға қылдым ерлікті», деп ұрандаған мергендігінен мүлт кетпегенін уақыт табы әлі сездіріп жатқан сыңайлы. Соңғысының Азаттық үшін күресте «Оян, қазақ!» деген Тілін кеспек болды, кесе алмады! Шетте қалған мүрдесі әкелініп, еліне арулап қайта жерленді... «Көктен теңдік келмес, өзің кем болсаң, Мең-зең болмай, талпын, оян, Алашым!» – деген бұл боздағың аманат-мұрасымен халқын түбегейлі оятпақ боп бозторғайша әлі шырылдайды...
Дүйім жұрттың жүрек дүрсілімен атойланған Торғай даласындағы Кейкі батырдың бас сүйегі жерленген, жаңа ғана соғылған мазарға зиярат еткеннен соң Міржақып ауылына бет бұруымыздың өзі де рухани жаңғырықтың шаттық дүмпуі іспетті еді...
Тоқанайдан Қызбелге тартқан жолдағы Асқар күздігінің дәл өтінде, Міржақыптың қаны тамған жерге қойылған ескерткіш-белгіні сипалай мұңайып, сонадайдан қарауытқан мадиярдың апайтөс Қарсақ батырының бейітіне іштей мінәжәт етіп, «е, Дулат ұрпағының жайлаған жайлауы ғой», деп қыратты-сайлы, ойпаңды, кейде маңқиған жазығы жоталанып жонданатын күрең белдерге түрлі ойлармен құмарта көз сүзіп, Қоңыраулы өзенінің аспалы көпірінің алқымына іліккенімізді енді байқадық. «Тәуелсіздік үшін жанымызды пида еттік!» дегендей, сол тұстағы белгі-тастан кеуде кере тұра келетіндей боп қаһарланған Өтей батырдың сұсты жүзі жарқ еткендей әсерлендік... Қалмақтармен шайқаста сүйегі Атырау өңірінде қалған бұл батырдың өшпес рухы енді өзінің Қызбелінен ұшқынданып жатыр...
Иә, осы қасиетті Қоңыраулының жағасындағы сонау бір қою өскен шоқ теректің бауырында қылтиған үйдің маңында көң орны бар. Сол төмпешіктен Гүлнәр Міржақыпқызы 1992 жылы «Біздің шаңырақтың орны осы», деп кәрі саусақтарын топыраққа сұққылай сұғып, кірпіш сынықтарын салалап алып шығып, мейірлене ернін тигізіп, Алматыға шүберекке түйіп алып кетіп еді-ау!
Баяғыда, кедейдің жерін тартып алып, көзі қарауыта кеуілденіп кеп қоңыраулы пәуескесімен өзенге қойып кетіп, арғы бетке шыға алмай суға жұтылған бәтуасыз байдың сол қаралы оқиғасынан соң Қоңыраулы атанып кеткен-мыс осы өзеннен Торғай көтерілісі тұсында Міржақып әскер аттарын суғарған... Өзеннің балдай суына құлаштай жүзген бала Міржақып, сонау Қызбел мен Қыземшек тауларына құмарлана көз тіккенде, бозбалалықтың бұла таңы азаттық күресінің алмастай жарқылына бастырылғып кетерін сезбеп еді. Ұлттық күреске жалтақтамай, жалындап дендей берген-тін.
Бүгінгі Қызбел ауылы Міржақыбымен тыныстап тұрғандай. Оның атында орта мектеп бар. Түркістанда жерленген Мадияр Жауғаштыұлы бабасының мешіті де осында. «Наркомюстің» бас заңгері болған, Міржақыптың алашшыл серіктесі, Воронежде нақақтан атылған Сейдәзім Қадырбаевтың қабір топырағы осындағы қорымда жатыр...
Сыздамай жүрек тұра ма? Баяғыда осы ауылдың келіні Роза Жаманова, төл тумалары Бақыт Қошмұхамбетов пен Абай Байтоғаев тамылжыта ән шырқаған оқиғасына бүкіл ауыл куә «Мөлдір махаббат» (С.Мұқанов) спектаклі қойылған көнекөз клуб жоқ бүгін. Оның басты кейіпкері Бүркіт (Сұлтанбек) Міржақыптың жиені боп келеді. Оқырмандары үзілмейтін бай кітапхана көзден бұл-бұл ұшты. Тіпті онда латын қарпімен жазылған еңбектерге деген сұраныс бертінге дейін аға ұрпақтың тұтас кезінде бәсеңсімейтін еді. Бәрі өткен шақтың қызығы боп қалды ғой. Жалпы, бұл ауыл кезінде жиырмадан астам молданың уағызына ұйып, имандылық өрістеген тұрақ еді... Әр үйдің төрінде қасиетті Құран кітабы тұратын. Латынша жазылған қисса-жырлар, майдан хаттары, т.б. құнды жәдігерлер сандық түбінен түгесілмегендей. Несін айтасыз, Міржақып ауылы білімді, зиялы, жаңалыққа елгезек қой! Бүгін де рухани жаңғыру демімен өркениет көшіне ілескен сыңайлы. Десек те бірі кем дүние: Ленин жарықтық оң қолын батыс жаққа созып, баяғыша жанығып тұр екен.
Көңіл аңсары тым-тым алысқа елеңдетеді! Бүгінгі рухани жаңғырудың шапағатынан тарайтын шуаққа ауыл көңілі жылынады, семіреді. Көгереді, көктейді. Көксейтіні: осы ауылдың алашшыл тұлғалары Ә.Қасымов, А.Закарин, М.Жұрмұхамедов, физика плазмасының қазақстандық атасы, әлемдік формула иесі, ғалым Ф.Бәйімбетов есімдерінің ұрпақ жадында мәңгілікке қалдырылуы...
Міржақыптың мектебінде музейі бар, ауласында кеуде-мүсіні тұр. Дәп осы жерге немесе Торғайдың өз төсіне 1992 жылы Карелиядан әкелінген Міржақып мүрдесін жерлеуге «Егемен Қазақстан» газетінің атынан ұсыныс жасап едік, аудандық, облыстық билік жырына алмай, Қызбелдің бір пұшпағы – 40 шақырымдағы Бидайық ауылына табыстауды ұйғарған. Міржақып мәңгілік тыныстап жатқан сол ауылға тартып кеттік.
Жұртта қалған отызшақты түтін жиырмадай баласын мектепке беріп, білім ошағын сақтап қап отыр. Енді ешкімнің бұл өңірден кеткісі жоқ. Мал ұстауға жайлы, жарық, жылуы бар. Құт мекеннің байырғы тұрғыны Нағашыбай Аралұлы өзінің аталасы Міржақып мұратына адалдық танытудан танбайды. Кесене-музейін ақысыз-пұлсыз қорып келеді, жуырда бұлар аудандық балансқа еніп, көңілі жайланыпты. Қос кешен күрделі жөндеуден өткізіліп, сыңғырлап тұр.
Ала жаздай қаншама адам бет бұрған бұл кешенге. Ауыл соған мәз. Семіз марқасын сойып тастап қонақ етуден тарынбайды. «Міржақыпқа мінәжет етіп келу – тәрбие, өнеге, елдік сыны ғой!– деп менің сыныптасым Қабиден Ахметжанов аптығын әрең басады. – Біз Міржақып бабамыздың рухы үшін осы жерге мықтап табан тіредік! Кетпейміз ешқайда!»
...Сағат тура 07.30-да күн өрттей шапағын шашып көтеріліп келе жатқанда, кесененің маңында жүр едім, «Міржақыптың таңы атты!» деген өз сөзімнен өзім бойымды тіктеп, алтын нұр төгіле түскен шығысқа құмарланып көз тіктім... Сол сәтте Міржақып мазарының ішіне ұя салған қарлығаш ытырыла суырылып, шекемді жанап сусылдай ұша жөнелді...
Биағаң жерінде
Таран ауданында Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналып өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысуымыз рухани мол олжаға кенелтті. Әсіресе тәуелсіз Қазақстан жолындағы мәдени-ағартушылық және саяси тұрғыдан «Алаш» партиясы көшбасшыларының халыққа қызметі жан-жақты қырынан ашып көрсетілуі бүгінгі шыққан асуға тояттандырмай, ертеңге елдік мінезбен, ұлттық тұтастықпен жұмыла қарекеттенудің жай-жапсарына қанықтырғандай еді.
Алаш арыстарының бірі – осы өңірдің тумасы Бейімбет Майлин! Аудан орталығынан іргедегі кіндік қаны тамған Ақтөбе ауылы қазір оның есімімен аталады. Әрине, уақыт бұл қасиетті мекеннің әлі де өзінің лайықты тұғырына сайма-сай көтерілуіне куәгер боларына сенімдіміз. Әзірше, аудан барсаң, алдыңнан Биағаң шыға келгендей болады. Кеуде мүсінін көргенде жүрек ысиды. Аяқ аттасаң даңқты ұлға қатысты атаулар жамырай жөнеледі. Оның атында Таран қазақ орта мектебі, Таран аудандық тарихи-өлкетану музейі, бір тұйық көше бар. Бұған жауапкершілігі шектеулі серіктестікті, бір бекетті қосып қойыңыз.
Бұл ауданда жағалай «Тарансыз» Биағаңа қатысты атаулардың мәні кірмейтіндей көңіл күптенетіні тағы рас. Таран кешегі қызыл көтерілісшілердің шашбаулы шабармандарының бірі екені аян. Уақыт бәріне төреші десек те, Қостанайдың дәл төріндегі оның мүсіні алмағайып байыздап қалғанымен, атындағы көше «Тәуелсіздікке» өзгертілгеніне халық шаттанды. Ал Таран есімінің «қуаттылығы» сондай, әлі күнге жұртшылық пікірі ескерілмей, сол ауданның атауынан ажыратылмай келеді. Алаштың арман-аңсауын табанымен таптамақ болған Таранды аудан атауынан аластап, азаттықтың жалаугері, өз перзенті Майлинге көшіру тұрғысында бастамашыл болған «Қазақ әдебиеті» газетінің дабылы да жетер құлаққа жетпей жатыр. Рухани жаңғырудың да түпкі мәнісі елдік елгезектіктен, жаппай өршілдіктен, ұлттық намыстан, туған жердің әділдік туының желбіреуінен құралмай ма?! Елбасы Н.Ә.Назарбевтың «Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу, алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деуінен артық қандай сара жол сызылып беріледі. Тек саналы іс-қимыл, нақты шешім ғана жетіспейді, сірә. Тіпті Биағаң өмірбаянында өз қолымен жазған Тобыл атанған аудан болса ше?
Бұл өлке шежіресі – қазақ елінің күллі ғұмырнамасымен астасып жатқан жүлгелі тарих көмбесі сияқты. Білекті батырлар, кеудесі күмбір, сөзі дана ақылгөйлер, ұлт өнерінің саңлақтары қияға қалықтады. Кеңес Одағының Батыры С.Темірбаев, дарабоз актер Е.Өмірзақов түлеп ұшты. Алаш арысы Елдес Омаровпен мақтана алатын ұрпақтары ол туралы шыққан қос тілдегі кітаптың тұсауын таяуда осында кесті. Рух жаңғырығының жарқын мысалы осы болар-ау!
Бір сүрініп, бір тіктелетін тірлік қой. Мына қараңызшы... Тарихи тұлға Жабағы батырдың басы көтерілгенімен, оның туған ауылы Журавлевка аталады... Кім түзейді? Әлде болашақ еншісіне ысырыла бере ме? Осы тұста Биағаңның: «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз, Ауыл – дене, біз – қозғатар жанымыз...» – дегені еске түседі. Ал ауыл атауларының өзі ежелден қалыптасқан тарихи шындығына сай болуы керек емес пе?
Б.Майлиннің мерейтойлары ауданда әрегідік аталып жүргені көңіл серпілтеді. Сондайдан әйтеуір бір із қалады. Кернейлі естілген елдік жаңғырығы бүгінгі шадыман тәуелсіздігіміздің түндігін желпінтеді. Тұғырлы асуларға самғатады. Биағаңның шығармаларында кейіптелетін образдардың ескі мен жаңа арпалысындағы күрескерлігі нақ бүгінігі қарекетімізге жарайтындай ілкімді жинақылыққа, нық қадамға үндейді.
Енді ауданына қарап әкімін танитын кезең іспетті ғой. Бүгінгі жаңғырған, жайнаған, шаруашылығы бекемденіп, әлеуметтік саласы сапаланған, мәдениеті құлпырған аудан туралы разылық айтылса, әрине, оның әкімі Бақберген Өтеулиннің еңбегі лайықты ескеріледі. Өзгесін былай қойғанда, оның биылғы рухани жаңғыруға нақты қосып отырған үлесі сүйсіндіреді. Өзі құрған Майлин атындағы қоғамдық қордың атқарып келе жатқан іс-шаралары зор ықпалды күшке айналды. Осы «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына арналған конференцияда да қор мүшелерінің тапқырлық істері таңырқатты. Майлин ұрпақтарының жан-жақтан жиналып келіп, ақжарма лебіздерін білдіруі – зор өнегелік сипатқа кенелдірді.
...Ауылының, ауданының гүлденгенін өз көзімен көрмек боп Биағаң бізбен бірге «сапарлас» боп қайтқандай еді, өзінің «Егеменіне»! Беу, шіркін, үздіктірген сағыныш, осындай қимас сезімдерге ғайыптан, лажсыз сүңгітіп жібереді екен-ау!
Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Қостанай облысы