Қазақстан • 23 Қараша, 2017

Табиғатқа тартып туған талант

647 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өз анаң бойыңа берген қуат, табиғат сыйлаған талантпен ұштасса, онда адамның бағы жанып, жұлдызы биіктен көрінеді. Қанатты қырандай көкке самғап, көрген көзді де сүйсіндіреді. Міне, сондай талантты азаматтардың қатарынан табылып келе жат­қан Қазақстанның халық әртісі, Қ.Қуанышбаев атындағы мем­лекет­тік академиялық қазақ му­зы­калық драма театрының көр­кемдік жетекшісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, профессор, театр және кино режиссері Талғат Теменовтің әр жылдардағы жетістігі жұрт­ты сүйсіндірумен келеді.

Табиғатқа тартып туған талант

Ол жа­қында ғана «Мәдениет қай­раткері» аталымы бойынша «Ал­тын адам» құрметті атағына ла­йық деп танылды. Бұл марапат­ күні кеше ғана Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік акаде­миялық опера және балет театрында табыс етілді.  Осы арада бұл атақ туралы аз-кем мәлімет бе­рер болсақ, «Алтын адам» фес­тивалі – «Жыл таңдауы» ха­лық­аралық мәртебеге ие және ТМД мемлекеттерінің 5 елін­де: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбек­стан, Украина, Белоруссияда өтіп ке­леді. «Алтын адам» ұлттық жобасы – саясаттандырылмаған  тәуелсіз жоба болып саналатынын да еске сала кетейік.

Табиғат берген талантымен­ өз­ отандас­тарымызды емес, әлем­ жұрт­­шылығының да наза­рын­ аударып, көркем дүние­лері­мен көптің көңілінен шы­ға алған Талғат Теменовтің «Адам­­дар арасындағы бөлтірік» ат­ты толық метражды көркем фильмі Майндағы Франкфурт қала­сында өткен 15 халықаралық кинобәйгесінің Гран-при, Ита­лияда «Күміс аю» жүлдесіне сол секілді Португалияда өткен ха­лық­аралық кинофестивальдың ар­найы жүлдесіне ие болған еді.

Өзі сценарийін жазып, өзі қойған көр­кем фильмдері қатарында «Шаңырақ», «Қайдасың сен, Чапай?», «Торо», «Қызғыш құс»,­­ «Махаббат бекеті» болса, «Алма бағы», «Көгілдір так­­си» (С.Сматаевпен бірігіп), «Ақ­­қу­дың көз жасы» сынды пьеса­лар жазып, сахналанды. Талғат Досымғалиұлы тек кино және театр режиссері болуымен қатар қалың жұртшылыққа  жазушы ретінде де жақсы таныс. Оның «Қайырлы таң», «Гүлназ», «Ой жасын» атты повестер мен әңгімелер жинағы оқырмандарының ілтипатына бөленіп келеді.

Режиссер 2017 жылы Ш.Айт­матовтың «Қызыл орамалды шы­нарым» атты шығармасын сах­налады. «Аққудың көз жа­сы» деп аталған спектаклі І Дүние­жүзілік «Астана» театр фес­тивалінде көрсетілді. Бұл еңбек келесі жылы Лон­донда өтетін Ш.Айтматовтың 90 жыл­дық мерейтойына арналған халықаралық өнер бәйгесіне  шақырту алып отыр. Ал  «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» кинокартинасы прокатқа шығып, Ялтада, Қазанда, Шанхайда өткен ха­лықаралық кинофестивальде көр­сетіледі. Өнер тарланы әлем­дік өнер қайраткерлерінің қа­тарында жарық көрген туынды­ларды сараптайтын қазылар ал­қасының құрамында болып, өзі­нің білім-білігін танытып жүр. 

Сөзіміз жалаң болмас үшін  мы­сал келтірер болсақ ол Халық Қаһарманы Ә.Мәмбетовтің 85 жылдығына арналған «Сахнадан сәлем!» V халықаралық театр және VI этникалық театрлар, Каспий жағалауы елдерінің теа­­тр фестивальдеріне қазылар алқасына төрағалық етті. Қырғызстандағы «Арт-Ордо» халықаралық театр фестивалінде қазылар алқасының мүшесі, Халықаралық Еуразия кинофестивалінде негізгі аталым бойынша сарапшылар алқасының құрамында қызмет етті. Бір сөзбен айтқанда, тіл құдіретін ұғынып, сөз ұстаған, кино мен театр әлемін жетік меңгеріп, көркем туын­дылар берген, табиғатқа тартып туған Талғат Теменовтің де қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар. Оны оқырмандар да, көрермендер де бағалап келеді.

 

 

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»