24 Қараша, 2017

Жат қылықтармен құндылықтар арқылы күрескен жөн

620 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауылда туып өскен, сонда отбасын құрған адамдардың қайда жүрсе де туған жер туралы сағынышты әңгімелері таусылмайды. «Ауылым – алтын бесігім» демекші, қазақ ауылдарының оң тәрбие берудегі ор­ны, адамды бала кезден асыл адам­гершілік қасиеттермен әлди­леп, адал, әділ, мейірімді етіп қалып­тас­тырудағы ерекшелігі ештеңемен өл­шенбейтіні де рас. 

Жат қылықтармен құндылықтар арқылы күрескен жөн

Бүгінгі әңгіме өзегі де, ең алдымен, ауылдың әрқайсымыз көп айтатын, бірақ іс жүзінде қолдана қоймайтын баға жетпес артықшылықтары туралы болып отыр. Әрине, қала мен ауылды салыстыру орынсыз шығар. Жайнаған қалада бәрі бар. Небір  байлар да осы қалада тұрады. Бірақ біле білсеңіз, қалада адамдардың бір-біріне деген сенімі жоқ секілді көрінеді. Иә, адамдар бір-біріне сенбейді. Сен­бей­тінін билік те растайды. Әрине сенімсіздіктен айырылуына биліктің еш қатысы жоқ екендігі белгілі, оған адамдардың өзі кінәлі. Басқан қа­дамдарын қадағалап отырмасаңыз, кей­біреулер түрлі теріс әрекеттерге ба­руы мүмкін дейді. Міне, соның нақ­ты айғағы көшеде, ғимараттарда, ка­би­неттерде, бөлмелерде орналасқан бейнекамералар мен жасырын үн жазу құралдары қаптап жатыр. Көлікте болсаңыз да, жаяу жүрсеңіз де әр қимыл-әрекетіңіз жазылып жатқаны.

Қазір көше бойындағы, қиылыс­тар­дағы ілініп тұрған «Сергек» се­кіл­ді бейнежазу құрылғыларының қы­ра­ғылығын жүргізушілер ауыздан тастамай­ды. Соңғы технологияның же­тістігі ретінде ол, әрине керемет. Қия бас­қаныңызды әп-сәтте көріп қояды. Жақ­сы ғой. Бірақ оның жақсылығы адамдардың тасада тұрғанда, жүргенде небір теріс қылықтарға баратындығын дәлелдейтіндігінде болып тұр. Ешкім көріп тұрмаса, қалада жүрген адам ойына келгенін істеуі мүмкін екен. Ал адам оны неге істейді, о жағы ешкімді ойландырмайды. Солай болуы керек секілді. Сондықтан оған қарсы амал-айла, түрлі шаралар ғана қолдану керек дейді. Бірақ бұрын мұндай үрдістер жаппай орын алған жоқ қой.

Мәселен  «Бұрын ауылдарда үйдің есігіне құлып салынбайтын. Ішінен ілінбейтін» деген тәрізді әңгімелерді қазіргі жастар да естіген шығар. Әйтсе де көпшілігі сенбейді. Себебі қазақ ауылдарында ондай өмірдің болғанын көрген жоқ. Мысалы, менің тұрғыластарымның көбі адамдары бір-біріне аса сеніммен қарайтын ауылдарда тәрбиеленген десем артық айтқандық болмас. Есікке құлып деген салынбайтын. Аулалар зә­улім дуалдармен қоршалмайтын. Онда көлік те, велосипед те, құрал-сай­­ман да, ыдыс-аяқ та, әйтеуір, не ке­р­ек­тің бәрі ашық тұратын. Себебі адам­­дарда бір-біріне риясыз сену өз ал­­дына, оларда біреу біреудің дүниесін сұ­­ра­май ұрлап кетеді деген ұғым атымен болмайтын.

Ал енді қазір ұрлап кетеді, тонап кетеді, көшеде, қоғамдық орындарда заң бұзады деген ұғымның асқынғаны соншама, әр адамның жүріс-тұрысы бақылануы тиіс. Әйтпесе, қоғамдық тәртіпті орната алмайсыз. Ал осындай жағдайда мұндай амалмен, іс-шаралармен адамды жақсылыққа тәр­биелеу мүмкін бе? Әрине, жоқ дейді са­рап­шылар. Өйткені бұл арада қай­сыбір адамдардың тәртібі дұрыс­тал­майды, керісінше олар менің ісімді біреу көріп қояды, біліп қояды деген қорғану шараларын ғана бойына, санасына қосымша қалыптастырады екен. Сондықтан оларда «бұлай істеу қо­ғамға, адамгершілігіме жат іс-ау» де­ген тәрбие негізі қалыптаспайды. Де­мек, одан әрі заң бұзудың жолдарын із­деу жалғасады. Сөйтіп қоғамға өте қауіпті рецидивистер саны арту қаупі туындамақ.

Десек те бұл тығырықтан шығудың жолы бар. Елбасы «болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқандай, ауылды қайта түлету қажет. Біз, қазақ халқы, қанымызға сің­ген адам­гершілік қасиеттерімізден еш­ уа­қытта ажырамаймыз. Тек ол қа­сиет­тер­ді тұрмыстық түйткілдермен тұм­шалап тастағанымыз жанға батады. Бұл тұмшалаған қара пердені ауылдың адам­ды тәрбиелеудегі мәдениетін, ұлт­­тық өнегесін өркендету арқылы сы­пы­рып  тастау оңай. Сонда Елбасы айт­қандай, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұла­сады». Сөйтіп ұлттық құнды­лық­та­рымыз ар­қылы жоғарыда айтылған бой­ымыз­ға жат қылықтарға төтеп бе­ре ала­мыз. Осылайша ауылдық тәр­бие­нің негізінде «ұлттық код, ұлттық мә­де­ниет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын» да түсінеміз.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»