Сол алтын тұғырымызды жас ұрпақтың санасына сіңіріп, ойына ұялату мақсатында Елбасының рухани жаңғыру мақаласындағы идеясының іргесін бекіту ісінде, Тұңғыш Президент күніне орай «Мемлекеттік рәміздер және елдік мұраттар» деген тақырыпта Еуразия ұлттық университетінде дөңгелек үстел өтті. Онда ел рәміздері мен рәміз танушы туралы жан-жақты әңгіме болды. Мұндай игілікті іске ұйытқы болған іргелі оқу орнының практикалық қазақ тілі кафедрасы екенін айта кетелік.
Дөңгелек үстелге жиналған ұстаздар мен оқушыларға мемлекеттік Елтаңбамыздың авторы, көрнекті сәулетші Жандарбек Мәлібеков рәміздеріміз туралы ой қозғап, бұл елдік іске Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше еңбегі сіңгенін атап айтты. «Мәселен, бір ғана детальды айтар болсам, кейбір халық қалаулылары Елтаңбаның жоғары жағында тұрған жұлдызға күдікпен қарағанда, Президент ұлтымыздың жұлдызың жансын, жұлдызың жоғары болсын деген сөздерін дәйекке келтірді. Мүйіздегі жеті сақинаға да ерекше мән бергені есте. Ал Туға келгенде әркез бір түсті болса дегенді тілге тиек етіп жүрді.
Бүгінгі көк Туымыз желбірегенде оны құп алып, ұлттық орнаментті ұсынғаны халықтың есінде. Бұл жұмыста ұлт зиялылары С.Зиманов, С.Сартаев, Ә.Кекілбаев, өзге де азаматтар аз еңбек еткен жоқ», деді. Ол сондай-ақ қазақтың ардақты азаматы Ақселеу Сейдімбектің «Ұлттық рәміздерді ғылыми негіздеген Ербол Шәймерденұлы», деген пікірін ортаға салып, ел рәміздерін алғашқы кезде өз жұртымызға жеткізуде, кейін әлемдік деңгейде таралуына Ерболдың сіңірген еңбегіне дәйектер келтірді.
Әр жыл сайын рәміздер күні аталып өтетін тұста алғашқы рәмізтанушы Ербол Шәймерденұлы оқуларын өткізуді ұсынып, оған өзі қолдау көрсететінін, тіпті батасын беруге әзір екенін жеткізді. Ол сонымен қатар осы дөңгелек үстел соның алғашқы бастауы деген ойын да ортаға салды.
Белгілі жазушы Қуаныш Жиенбай рәміздер туралы ой қозғай келіп, Ербол Шәймерденұлының үш тілде шыққан қазақ рәміздері туралы кітаптары шет мемлекеттердегі Қазақстан елшіліктерінен орын алғанын, өзге жұрттың адамдары сол кітаптардан ұлттық рәміздерімізді танып-біліп жатқанына мысалдар келтірді.
Ұстаздар мен студенттер Елтаңба авторына алуан түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Студент Диара Дүйсебек «Біз рәміздеріміздің авторын кейде біле алмай жататынымыз бар. Оларды таныту жайын да қолға алу керек секілді. Рәміз авторлары туралы деректі фильмдер түсіріп, әркез көрсетіп отырса», деген тілегін жеткізіп, қазір Ту авторының өмірде жоқ екенін, ендігі жерде ортамызда отырған Жандарбек Мәлібеков жайлы бейнетаспаларды шығарсақ ұтылмас едік деген пікірін де талқыға ұсынды.
Дөңгелек үстелге жиналғандар рәміздеріміз – рухымыз, ар-ожданымыз деген байлам жасалды.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»